Жалағаштық Жасұлан, сан өнер бойда тасыған
Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген керемет тәмсіл бар. Оның тал бойына қаншама өнер дарыған десеңші. Шынында өнер адамның ішкі рухани қуатының, жан әлемінің, жүрек тебіреністерінің лүпілін дөп басып жеткізетін, сол арқылы айналаға жылы шуағын тарататын керемет толқыныстан туатын құдірет екені анық. Сол бойға қанмен берілетін тума талантты асқан шеберлікпен, ұқыптылықпен алып жүру де адамнан қажырлы еңбек пен маңдай терді қажет етеді. Үнемі ізденісте жүріп, өмірдің ғажап сәттеріне сергек көзбен қарап, шабытты шақтардан ләззат алып, шын қуанып, шаттану шығармашылық адамының қиялын шарықтатып, қияларға самғатады.
Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жасұлан Абдуайтов – шығармашылықты мемлекеттік қызметпен қатар алып жүрген өнерлі азамат. Ол – бүгінде Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры. Осындай лауазымдық қызметтер атқара жүріп, жауапты қызметтің арасында уақыт тауып, қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысады. Жәй айналысып қана қоймайды әдемі ән, мағыналы өлеңдерімен бүгінде ол – көпшіліктің көзайымына айналған әнші. Бойында өнердің мөлдір бұлағы тұнып тұрса да, ол барынша қарапайым, ақжарқын, жан дүниесі өте сабырлы жан.
Оның өмір жолы да көпке үлгі. Полиция майоры Жасұлан Сәрсенбайұлы 1985 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қожахмет Яссауи атындағы халықаралық университетінің «Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығы» бөлімі мен Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің «құқықтану» факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолын Мәдениет ауылында жаттықтырушы болып бастаған. 2012 жылы жасөспірімдер инспекторы болса, бүгінде оның тиянақты жұмысы мен жауапкершілігі бағаланып, қызметі жергілікті полиция бастығы шеніне көтерілді. Ол Алматы қаласындағы Махан Есболатов атындағы ішкі істер министрлігіне қарасты академияның магистратура бөлімін бітірген.
Жасұлан – спорт десе ішкен асын жерге қоятын жандардың бірі. Әсіресе қазақша күрес, дзюдомен айналысқанды жаны қалайды. 2017 жылдың қорытындысымен Жасұлан Абдуайтов «Жыл сақшысы» номинациясын жеңіп алды. Тәуліктің 24 сағатында тыным таппайтын жергілікті полиция қызметінде ол өзіне қарайтын бірнеше қызметкердің тәртібін қадағалап, берілген тапсырмаларды бірлесе мүлтіксіз орындауда басшылық жасап отырады.
Жауапты қызмет пен қазақтың қасиетті өнерін тең ұстап келе жатқан елжанды, патриот жігіт Жасұланның қазір онға жуық авторлық әндері бар. Туған жерге туын тіккен өнерпаз жанның «Жалағашым», «Рақмет саған, дәрігер», «Тыныштық сақшысы», «Мен сені сүйем, өмір!» атты әндері көпшіліктің көзайымына айналған. Сөз бен әннің үйлесім табуы, оның қоңыр дауыспен көрерменді баурап алуы – шынында керемет құбылыс. Жасұланның өзінің туған жерге деген махаббатын «Жалағаш» әнінің сөз мәтінінен анық аңғарамыз. Иә, елін сүйген, елі сүйген азамат осындай-ақ болсын.
Қазіргі заманның батырлары саналып жүрген дәрігерлерге арналған өлеңі де ақ халаттылардың абыройын асқақтатып отыр.
Дәрігер ақ халатты,
Ауыр жүк арқалапты.
Көтеріп сын сағатты,
Дәрігер ақ халатты,
Тер төккен халқың үшін,
Қашанда батыл ісің,
Бейбіт күн батырысың, дәрігер!
Тіпті “инстаграм” парақшасынан полицей-өнерпаздың өнеріне тәнті болғандар жыр арнап қойғанын оқып, бір марқайып қалдық.
Жалағаштың өнерлі ұлы – Жасұлан,
Бойында – өнер, шабыт кернеп тасыған.
Өзіңдей елдің азаматтары жасасын,
Өзіңе нұрын төксін Жасаған!
Иә, осы бір оқырмандардан түскен ыстық ықылас, бата, жақсы сөз саған құт болып дарысын, Жасұлан! Өнерің өрге бастасын!
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ