» » Саятшының соңғы бүркіті

Саятшының соңғы бүркіті

...Жазда ел жайлауға шығады. Жайлауымыз – ауылдың батыс жағындағы жарманың арғы бетіндегі кең алқап. Біздің үй және ауылдағы бізге қарайтын бірнеше рулас туыс ағайындар бір жерде отырамыз. Жайлаудағы елде ірілі-ұсақты бірталай мал бар. Төрт түлік бізге таңсық емес, күнде өзіміз бағамыз, жайғаймыз. Бұл жердегі балалардың қолдары қалт еткенде ертелі-кеш қызықтайтыны – Әбдірашит кәкеміздің бүркіті.

Ол кезде құс салып, ит жүгіртіп, саят құру үрдіс емес. Бүркіт сол өңірде тек көненің көзіндей болған осы Әбдірашит кәкемізде ғана бар. Ол кәкемнің жетпісті алқымдап қалған шағы еді. Замандас, тұстастары айтатындай, жастық дәурені сейіл-серуенмен өткен байдың баласы – Әбдірашит кәкеміздің киім киісі, жүріс-тұрысы, кескін-келбеті, бойын күтуі баяғының сал-серісін көз алдыңа елестететін. Үстінде зерлі шапан, шибарқыт шалбар, аяғында жылтыраған мәсі. Шапанның ішінде тік жағалы қарасұр бешпент, шағаладай ақ көйлек, басында тақия және белінде кісесі, онда мүйіз сапты кездігі мен күміспен әдіптелген мүйізден жасалған насыбай шақшасы жүретін. Жігіттік дәуренінде қасына кілең сері, палуан жігіттерді ертіп, сәйгүлік мініп, ел аралап, қызды ауылдың қымызын ішіп, сауық құрып, сайран салғанға ұқсайды. Кәкем еңсегей бойлы, иықты, тұлғалы кісі еді. Қой көзді, қыр мұрынды, кең маңдайлы, саусақтары салалы, шоқша сақалы мен мұрты түгел ағара қоймаған. Қабағын жауып тұратын қалың қара қасы анау-мынау адамның мұртындай еді.
Кәкеміздің тап-таза, жинақы жүруі Балжан әжеміздің өзіне де шалының үстіне де қылау жұқтырмайтын кірпияздығынан еді. Кәкем байдың сері ұлы болғанда, Балжан әжем байдың ерке қызы болған. Әжемді ұзатқанда ата-анасы: «Менің қызым тұңғышын босанғанша сәукелесімен жүрсін», - деп және бір сәукелені қайынсіңілісі үшін қосымша арнайы жасап беріп жіберген. Себебі: сол кездегі дәстүр бойынша жаңа түскен келіннің сәукелесін қайынсіңілісі киетін болған. Беріге дейін белі бүгілмей, қақиып жүретін Балжан әжеміздің талай айранын ішіп, құртын жегенбіз. Жайлаудағы киіз үйдің алдында шаған шошала бар. Бұл тамақ дайындайтын орын. Шошала соншалықты биік болмайды, себебі шошаланың үстіне құрт-ірімшік, қауын піскен кезде қауыншек, қауынқұрт жайылады...
Таңертеңгілік малды жайғап, қозы-лақты өріске жіберіп, бір топ бала Әбдірашит кәкемнің үйіне келіп тұрмыз. Негізгі мақсатымыз алдымен Балжан әжемнің тәтті құрт-ірімшігінен дәм тату, сосын кәкемнің бүркітін тамашалау. Міне, киіз үйдің сол жақ босағасынан сәл жоғары кәкем отыр. Қолында өткір кездігі, алдында былғары, қайыс тағы басқа асай-мүсейлері. Қасында кәкемнің біз құралпы немересі – Тәңірберген. Кәкем ат әбзелдерін жасап отыр. Жалпы кәкем үйдің тірлігіне, шаруаға қырсыз. Бұл жерде де березент пен қайысты тіліп, тігіп, әбзелдерді жасап отырған – Тәңірберген. Кәкем тек нұсқаушы. Кәкемнің ар жағында жүкаяқ, оның үстінде кебеже. Одан төменірек керегеге көлденең қойған бақан. Бақанның үстінде бүркіт отыр. Бүркіттің тұмсығында томаға. Балжан әжем бұл кезде нантақтайдың үстіне сүзбені жұмбаздап түйірлеп қойып болып, енді жаю үшін далаға алып шығып бара жатыр.
– Әже, құрт беріңізші, - дейміз біз бәріміз қосыла жамырап.
Балжан әжем бізге қарамайды, қолындағы нантақтайдағы жаңа дайындаған құрттарын шошаланың үстіне жайып, қадада ілулі тұрған үлкен ақ қалтаны алып келеді. Бұл ақ қалтада кепкен құрт, ірімшіктер бар.
– Әй, көсегең көгергірлер, топырламаңдар түге, мә, жетеді бәріңе, - деп ақ қалтаның ішінен кепкен құрт пен ірімшікті бізге үлестіре бастайды. Құрт, ірімшікті қалтамызға толтырып, екінші шаруамызға көшеміз... Бүркіттің тұмсығында томағасы болғанымен көзі өткір, аяқбауы болғанымен тырнақтары болаттай, жақындауға қорқамыз. Тек алыстан тамашалаймыз. Ішіміздегі ұрыншақтау біреуі бүркітті қолымен жасқап, қанатынан ұстағысы келеді. Оған бүркіт жасқанбақ былай тұрсын, тіпті көзін қақпайды да. Біздің бұл қылығымызды бақылап отырған кәкем бізге қарап:
– Балам, бұл қарға емес қой, бүркітті қинауға болады, бірақ, олай қорлауға болмайды, оныңа көнбейді ол, – деді.
...Кейін Әбдірашит кәкем үлкен ұлы Ағзамның отбасымен бірге Жаңаталап ауылына көшіп кетті. Кетерінде бүркітті босатты. Әлі есімде қазан айының бір әдемі күндері еді, көктемге бергісіз кемпіршуақ. Кәкем үстіне тойға киетін тәуір киімдерін киген. Су жаңа шибарқыт шапан, тік жаға ақ көйлек, жаңа мәсі галош, басында оюлы көк тақия, Есік пен төрдей, биік торы атқа мінген, қайыс қолғапты қолында бүркіті. Ауылдың оншақты кішкентай балалары соңынан еріп келеміз, кәкем артына бұрылып:
– Әй, сендер қайда барасыңдар, қалыңдар деймін, – дейді бізге.
– Кәке, біз де барайықшы, – дейміз жалынышты үнмен жамырап.
– Не бар сендерге, қалыңдар түге! – дейді кәкем түсін суытып, даусын қатайтыңқырап.
Біз бір жәрдемі бола ма деп құнанға мініп, соңында келе жатқан кәкемнің кенжесі Тұңғышқа қараймыз. Ол біздің жағдайымызды түсініп, кәкеме қарап:
– Ой, көке, бара берсін да, аяқтарын аяйсыз ба олардың, шаршаса қалады ғой өздері, – дейді күліп. Кенже болғасын ба, Тұңғышқа пәлен деп ештеңе айта алмайды, кәкем келіскендей сыңай танытып:
– Өй, еріккен әтәңелеттер түге, сендерге қызық керек-ау, – деді де, астындағы торы атты тебініп қалып, сипай қамшылап жүріп кетті. Осы бір сәтті кейін ойласам, бізге қызық болғанымен бүркітті шығарып салу, босату кәкеме оңай болмаған екен-ау деймін. Өйткені өмір бойы сейіл құрып, құс салып, тазы жүгіртіп өткен серіге бозбала дәуреннен келе жатқан ескі серілік салттан ажырау, досы – бүркітінен айырылу оңай тимеген секілді.
Сонымен, кәкем мен Тұңғыш атпен, біз жаяулап бүркітті шығарып салуға «Көкшоқының» құмына келдік. «Көкшоқы» жағрафиялық картада көрсетілген біздің ауыл орналасқан аймақтың табиғи атауы. Сол маңдағы ыспа құм төбелердің ең биігі. Төбенің басында тұтасқан қалың жыңғыл өскен. Сол жыңғыл алыстан көкпеңбек шоқы болып көрініп тұрады. Майлыөзектен келетін су жарма құм төбелердің арасымен ирелеңдеп келіп осы «Көкшоқының» шығыс жағындағы «Қаратабан» шабындығына құяды. Қазір күз айы болған соң арнада су жоқ. Біз жайылма су келетін көлтабанды кесіп өтіп, «Көкшоқының» төбесіне шықтық.
– Аттардың ауыздығын алып отқа жібер, – деді кәкем аттан түсіп, шылбырын Тұңғышқа беріп жатып. Сосын өзі бүркітті алып төбенің басына қарай жүрді. Төбенің басындағы шоқ жыңғылдың арқа жақ бетіне аялдады. Сосын қия бетке сол қолымен күн сала қарап:
– Жарықтық талай тарихқа куә болған Көкшоқы ғой бұл, – деді өзімен-өзі сөйлеп. Бізде үн жоқ, бар ойымыз бүркітті қалай ұшырады соны көру. Кәкем бүркіттің қайыстан жасалған аяқбауын алып, томағасын сыпырды. Сол сәтте бүркіттің көзі от шашып, айбаттанып шыға келді. Кәкем оның қанатынан, ұлпа жүнді бауырынан сипап тұрып, әлдене деп күбірлеп:
– Ал, енді бар! – деді де бүркіт отырған оң қолын жоғары көтеріп, сермеп қалды.
Бүркіт кәкемнің қолынан ұшып шықты да бірден самғап кетпей сол маңайды қалықтап, айналып біраз жүрді.
– Кәке, неге алысқа, биікке ұшпайды? – дейміз біз.
– Балам, бұл тау қыраны емес қой, дала бүркіті бірден шарықтап, көкке көтерілмейді.
– Кәке, ол енді қайтып келе ме?
– Жоқ, келмейді, – деді кәкем көзі жасаурап. – Осымен кетеді енді. Біраз тұтқында ұстадық қой, енді қайтесің оны қайта келтіріп...
Бүркітті бостандыққа жібергеннен кейін кәкем біртүрлі жасып қалды, бірнеше жасқа қартайып кеткен сияқты көрінді. Кейіннен білдік, ол кәкемнің алпысыншы жылдары ұстаған соңғы бүркіті екен...

Тұрақ АДИСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


21 наурыз 2018 ж. 1 086 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 719

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031