ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Қазір ер мен әйелдің құқықтарын теңестіру, отбасындағы отанасы мен отағасының бірдей жұмыс істеп, табыс табуы, әйелдердің ерлермен қоса түрлі салада бой көрсетуі көзге үйреншікті жағдайға айналды. Өйткені заманның талабы солай. Отбасын асырау үшін, сапалы тұрмысқа қол жеткізу үшін барлық жауапкершілікті ер адамға артып қою жеткіліксіз. Дегенмен бұл түсінікке кері көзқараспен қарайтын жандар да кездеседі. Соның салдарынан көптеген шаңырақтың шайқалуына себеп табылып, түсініспеушіліктер орын алуда.
Бірақ бүгінде елімізде әйелдердің мүмкіндіктерін дамыту, ер мен әйел азаматтарының еңбек жағдайларын теңестіру, сондай-ақ бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтауда тең құқық беру аясындағы жұмыстар біршама нәтижесін берді. Ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда елдегі барлық салада нәзікжандылар бой көрсетіп қана қоймай, еліміздің кемел келешегі үшін өз үлестерін қосуда.
Адамдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған арнайы заң да жұмыс істеп тұр. Ал кей отбасындағы зорлық-зомбылық көріністері әйел теңсіздігінен тіркелуде. Яғни ер азаматтардың әйелдерді өздерінен төмен санап, әлімжеттік көрсету жағдайлары көптеп кездеседі.
Кей адамдардың түсінігінше әйел тек үйде отырып, бала табу керек немесе үй шаруасымен ғана айналысуға міндетті. Ал кей отбасындағы кикілжіңнің басты себебі – материалдық жетіспеушілік. Ерлі-зайыптылардың табысының тең болмауы, яғни біреуінің екіншісінен аз кіріс кіргізуі менсінбеушілікке, тіпті ашық жанжалға әкеліп жатады. Шаңырақтың шайқалуының тағы бір себебі отағасының тапқан табысын өз отбасы үшін емес, басқа да шығындарға, оның ішінде ішімдікке жаратуы болып отыр. Мұндай жағдайда әрине әйел адам тарапынан наразылық туындайды. Нәтижесінде ер адамдар ілеуде бірі ғана ес жиып, адамдық қалыбына қайта оралып жатса, көбі жарының, балаларының алдында қадір-қасиетін жоғалтып, «Әке – асқар тау», «Әке – отбасының тірегі» деген секілді теңеулерден ажырап қалады. Осындай өз ерік-жігерін жани алмаған жандарды өмірдің өзі тәрбиелейді немесе орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Әйел тағдыры – қай елде де, қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Ал қазақ халқы үшін әйел қашанда ардақты саналған. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басында ғана емес, кез келген салада ерлермен қатар қызметте жүр. Соған қарамастан отбасының ұйтқысын сақтап, шаңырақтың берік болуына да күш салып келеді. Ал әрбір отбасы мемлекеттің алтын діңгегі десек, ондағы берекелі бірлік, ынтымақты тірлік тек жарасымды жанұяда көрініс беретін құндылықтар. Сол жарасымды жанұяны бір мақсат жолында, бір мүддеге көз тіккен, болашаққа деген арман-тілегі бір арнада тоғысып, келер күнге бірге қадам жасайтын, өмірлік көзқарастары, адами болмыстары ұқсас, таным-түйсіктері сәйкес келетін, қысқасы бірін-бірі толықтырып тұратын жандар ғана құрай алады. Барлығы үйлесім тапқан, ері құрметті, әйелі қадірлі отбасында ұятты ұл, ибалы қыз тәрбиеленетіні де даусыз.
Р.АККАСИНОВ,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы