4 АУЫЛДА ӘКІМ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ
Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтты.Сайлау қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі болып табылады.Көптеген шет елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, бұл оның жұмысына оң әсер етеді. Сайлауда айтылған уәде, алдағы жоспар барлығы халық бақылауында болмақ. Осы орайда алдағы саяси науқанға дайындық барысын білмек масатта «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Шоңмұрықызымен сұқбаттасқан едік.
– Қаншагүл Шоңмұрынқызы, ауыл әкімдерін сайлау алғаш рет өткізілмек. Осы маңызды саяси науқанға дайындықтарыңыз қалай?
– Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені реформа жергілікті басқару жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Яғни ауыл тұрғындары өздерінің көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарын орындай алатын әкімін таңдайды. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратыны белілі, бұл саяси шара, ең алдымен ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатыр. Осы тұрғыда ауыл әкімдігіне үміткерлерді саяси партиялар арқылы ұсыну немесе кандидаттың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігінің қарастырылуы еліміздің саяси дамуындағы үлкен бір айтулы оқиға, жаңа бір кезең десек, ауыл тұрғындары үшін өз әкімдерін тікелей сайлап, сол арқылы өздерінің саяси құқықтарын кең ауқымда жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болуы. Биыл 25 шілдеде Аққыр, Бұқарбай батыр, Аламесек және Қаракеткен ауылдық округтерінде сайлау өтеді. Сайлау заңнамасының жаңа талаптарына сәйкес «Nur Otan» партиясы атынан аталған 4 ауылдық округ әкімінің сайлауына өз үміткерлерімізді ұсындық.
– Осы ауылдарға партия атынан ұсынылған үміткерлерді қандай жолмен іріктеп алдыңыздар?
– Үміткерлер партия филиалы жанындағы Саяси кеңес бюросының келісімімен аудандық партия филиалының кезектен тыс 29 конференциясында бекітілді. Белгіленген квотаға сәйкес барлық 22 бастауыш партия ұйымынан 66 делегат сайланып, сол делегаттардың дауыс беруімен 4 үміткер аудандық сайлау комиссиясына партия атынан ұсынылды.
– Партия атынан ұсынылған кандидаттардың сапалық құрамы туралы айтып өтсеңіз…
– Партия үміткерлері – заңда көрсетілген талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметте екі жылдан кем емес немесе басшылық лауазымдарда жұмыс жасаған белсенді партия мүшелері. Олар сондай-ақ мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар азаматтар. Кандидаттардың жас құрамы 37 мен 58 жас аралығы. Кандидаттардың 2-еуі бұрын бастауыш партия ұйымы төрағасы болып жұмыс жасаған. Партия жарғысы мен бағдарламалық құжаттарын жақсы біледі және осыған дейін ауыл әкімі қызметін атқарып келді.
– Қазіргі таңда үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Осыған байланысты үгіт жұмыстарында қандай ерекшеліктер бар?
– Әрбір кандидатқа желілік кесте жасақталып, сол жоспар бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Желілік кестеде 123 шара қамтылған. Яғни «Есіктен есікке», «Канвассинг», «Экспромт» сынды жаңа форматтағы шаралар бар. Әрбір ауылдағы сайлау учаскелеріне байланысты әрбір кандидатқа сенімді өкіл жасақталды. Сенімді өкілдер халық арасына шығып, кандидаттың таратпа материалдарын беріп, кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын насихаттауда. Аудан бойынша қазіргі таңда 15 сенімді өкіл бар. Сенімді өкілдердің жас ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, 26 мен 73 жас аралығы. Сенімді өкілдер үй аралап және әлеуметтік желі арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Үгіт жұмыстары 9 күнге созылады. Осы 6 күн ішінде 90-қа жуық шара өткіздік.
– Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз?
– Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы алдымен ауылдың өзекті мәселері зерттеліп, тұрғындар тарыпынан түскен ұсыныстары және «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламанының орындалуы бойынша Жол картасы негізінде жасақталды.
– Партияның қазіргі таңда алға қойған жоспары қандай?
– Ең алдымен біздің алға қойған мақсатымыз – халыққа берген уәдемізді орындау. Яғни аудандық маслихаттағы «Nur Otan»партиясы депутаттық фракция мүшелері «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша жұмыс жасауда. Партия төрағасы, Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелеріне партияның саяси Доктринасын жүзеге асыруда жетекші рольді міндеттеп отыр. Осы көшбасшымыз жүктеген сенімді ақтап, алға қойылған бар міндетті орындау болып табылады.
– Сұхбатыңызғарақмет!
Сұхбаттасқан: Н.АЛМАСҚЫЗЫ