ЖОЛ САПАСЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ
Өңірдің дамуы көш соңында емес. Қай салада болсын мүмкіндігіне қарай ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе аудандағы жол жайы көңіл қуантарлықтай. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елді мекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Тарқатайық...
Ел игілігіне істеліп жатқан жол жайы, жөндеу жұмыстары кезінде сапаға мән беру – бірінші кезектегі мәселе. Мердігер мекеменің жұмысымен танысқан аудан әкімі Асылбек Шаменов те ең бастысы жұмыстың сапалы әрі қауіпсіз болуы керек екенін атап өтті. Құрылыс басына аялдаған аудан басшысы «Қызылорда-Жалағаш» автожолының жөндеу жұмыстарын көрді. Байқағанымыздай қазіргі таңда 91 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары басталып кетіпті. Жалағаш кенті мен Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізі аралығындағы 15 шақырым жер жөнделу үстінде. «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесі атқарылатын жұмыстың сапалы әрі қауіпсіз болуы үшін үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуде. Айта кетейін, осы жұмыстар үшін биыл республикалық бюджеттен 1,05 млрд теңге қаржы қаралған. Енді алғашқы ретте автожолдың нашар учаскелері жөндеуден өтпек. Кейін аталған автожол рет-ретімен жаңа кейіпке енбек. Ал осы жұмыстарды аяқтау 2022 жылға жоспарланған. Жұмыс басына барған аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы мердігер мекеме мамандарымен азын-аулақ тілдесіп, ел игілігі үшін істелетін әрбір істің сапалы болуы маңызды екенін айтты. Сондай-ақ жолаушылар қатынайтын автожол еш кедергісіз, талапқа сай жөндеуден өтіп, жұмыс жоспарлы мерзімде аяқталуы тиіс екенін жеткізді. Иә, расымен «Жол жөнделсе екен» деген жұртшылықтың тілегі орындалса, аудан әкімінің себепші болуымен осындай көкейде жүрген түйінді мәселелер шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр.
Айтпақшы былтыр да ауданға қарасты бірнеше бағыттағы жол жөндеуден өтіп, кенттегі Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшелерінің сапасы сын көтерердей жағдайға жетті. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымы жөнделді. Әсіресе осы бағыттағы жолдың басым бөлігінің жөндеуден өткені елді мекен тұрғындарына қуаныш сыйлады. Сонау Еңбек, Есет батыр, Жаңадария ауылдарынан күн сайын қатынайтын қоғамдық көліктердің жүрісі біршама жеңілдеді. Жөндеуден өткен Есет батыр ауылы мен Еңбек ауылдық округін жалғайтын жолдың сапасын айтар болсақ, бұл жолдың қазіргі жағдайы мен бұрынғы ахуалының арасы жер мен көктей. Ой-шұқыры көп ауылға алып баратын жолдың мәселесі жолаушыларға айтарлықтай қиындық тудырғаны рас. Бірақ нәтижелі еңбектің арқасында бұл мәселе де түбегейлі шешімін тапты. Ал биыл кентішілік бірнеше көшеге асфальт төселіп, кейбірінің ой-шұқыры тегістелді. Сонымен бірге атқарылар жұмыстар қатарында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына да орташа жөндеу жұмыстары бар.
Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Жалағаш кентіндегі 6 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 586 040,8 мың теңге бөлінді.
Айта кетейік, Қазыбек би көшесінің жөндеу жұмыстарына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 10 адам, ал Б.Сопбеков, А.Бисенов, А.Иманов, Әйтеке би, Сәрке батыр көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары кезінде 151 адам жұмыспен қамтылды.
Бұрын жол жайын сөз еткенде, жалағаштық жұртшылықтың айтар «уәжі» көп еді. Тіпті ауылдық жерлер мен аудан арасын жалғайтын жолдың сапасы алаңсыз нашар болатын. Ой-шұқырлары қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне кедергі келтіріп, жолаушылар тасымалы қиындаған еді. Қазір соңғы бір-екі жылдың көлемінде кентішілік көшелердің сапасы жақсарса, ауданға қарасты елді мекендерге қатынайтын автожолдар рет-ретімен жөндеуден өтуде. Мұның бәрі өңірдегі жол құрылысының қарқын алғанына дәлел болмақ.
Нұр НАУАН