ЖОЛ ЖӨНДЕЛСЕ, ЖҮРІС ӨНЕДІ
Сырттан келген мейман ауданның хал-жағдайын жол жайына қарап біледі десек те болады. Өйткені өз өңірінің тау-тасын, кем-кетігін жақсы білетін жұртшылықтан гөрі, жолдың шұрық тесік жерлері бөтен көзге анық көрінеді. Анда-санда бір келгенде діттеген жеріне көлігі қиналып жетіп жатса, өңірдің даму деңгейіне оң баға бермесі анық. Дегенмен жалағаштықтар үшін мұндай қиындық артта қалып барады. Ауданға қарасты автомобиль жолдарының ой-шұқыры бір демде жамалмаса да кезең-кезеңімен жөндеуден өтуде. Тарқатайық...
Өткен жылғы жұмысқа шолу жасасақ, жол жайы көңіл қуантарлықтай. Былтырғы жылдың еншісіне алынған бұл жұмыс нәтижесін берді. Кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге құжаттар әзірленді. Тиісті қаржы қаралды, жұмыс жасалды, жол жөнделді. Нәтижесінде Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшелерінің сапасы сын көтерердей жағдайға жетті. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымы жөнделді. Әсіресе осы бағыттағы жолдың басым бөлігінің жөндеуден өткені, елді мекен тұрғындарына қуаныш сыйлады. Сонау Еңбек, Есет батыр, Жаңадария ауылдарынан күн сайын қатынайтын қоғамдық көліктердің жүрісі біршама жеңілдеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Жол жөндеу жұмыстары басталды дегенді естіп, кент әкімшілігіне, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.
Кент әкімшілігінің мәліметіне сүйенсек, Жалағаш кенті бойынша биыл Сопбеков, Амангелді, Бисенов, Сәрке батыр, Әйтеке би көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ал Қазбек би көшесін жөндеу жұмыстары жуырда басталмақ. Мердігер компания – «Акнур-Авто» ЖШС. Сонымен бірге аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына да орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Айталық, Қаракеткен ауылына кіреберіс жолдың 2,575, Таң ауылына кіреберіс жолдың 3,3, «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолын орташа жөндеу, яғни Еңбек- Есет батыр ауылдар аралығы 8-20,3 аралығының 12,3, «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолын орташа жөндеу, яғни 6-шы посттан Мырзабай ахун мешітіне дейін 9,4 шақырымы жөндеуден өтпек.
Бұдан бөлек Ақсу ауылына кіреберіс жолдың 2,3, Бұқарбай батыр ауылының кіреберіс бөлігінің 6,3 және Есет батыр-Жаңадария аралығындағы 17,1 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өтуде.
Бүгінгі күні халыққа ең басты керегі тегіс жол, таза ауызсу, жарық пен сұйық отын. Жалағаш ауданы көштен қалмай, бюджеттің шамасына қарай бұл мәселелерді шешуге күш салуда. Бастысы, таза ауызсумен қамтамасыз ету, жарық мәселелері шешімін тапса, қазір кентте газдандыру жұмыстары жүруде. Жол жайы да жоспарға сәйкес жүйелі жүзеге асады деп сенеміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ