САПАЛЫ ЖОЛ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ
Сапалы жолдың жаяу жүргіншіге де көлік тізгіндеген кез келген азаматқа да қолайлы екенін қарапайым халық жақсы біледі. Сондықтан сапарға шығарда алдымен ол өңірге алып барар тас жолдың талапқа сай не сай еместігіне көз жеткізеді. Тіпті, меймандар да өзге аймаққа барғанда алдымен қаланың көркіне қарап баға береді. Мұнан кейін келген жолының сапасы жайында сөз ететіндер де жоқ емес. Мұны кез келген өңірдің жергілікті әкімдігі басты назарға алады. Алдымен қонақтар ауылына қарап азаматын таныса, сапарлап жолының қауіпсіздігіне қанығады. Сондықтан жолдың сапалылығын назарда ұстау өз кезегінде сырт көздің сынына ілігуге тосқауыл болса, келесі кезекте жол қауіпсіздігіне де өз септігін тигізеді. Жалағаш ауданында көшелер мен үлкен жолдардың сапасын ұдайы назарда ұстау күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, соңғы екі жылда жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Бұл өз кезегінде жолаушылардың және көлік иелерінің жол жүру кезіндегі жайлылығына оң әсерін тигізуде.
Бүгінде аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының 22,4 шақырымы ғана қанағаттанарлықсыз жағдайда екен. Қазіргі таңда көрсетілген мөлшердегі көшелерге де жөндеу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, кент орталығынан бөлек ауыл іші жолдарының сапасына да әкімдік тарапынан мән беріліп келеді.
Былтыр аудандық маңызы бар Еңбек ауылы бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Жоба құны 172,7 млн теңгені құрайды. Былтыр республикалық бюджеттен 90,8 млн теңге бөлініп 4 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған елді мекендегі жолдың қалған шақырымын аяқтау мақсатында облыс тайқазанынан 81 878 мың теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, қазіргі таңда мердігер мекеме де анықталып, қалған шақырымының жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұйыртса, жуырда «Қызылорда Жолдары» ЖШС 4 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын аяқтайды. Осыған дейін біз бұл жұмыстардың тек Еңбектің халқы үшін ғана тиімді болмағанын айтқан едік. Себебі, үлкен жолдың оң қапталында орналасқан елді мекеннің арғы жағында Есет батыр мен Жаңадария ауылы орналасқан. Ал, қала мен ауыл және аудан мен ауыл арасын жалғайтын қос қоғамдық көлік тура осы жолдың үстімен өтеді. Кешегі аудан әкімінің есепті кездесуінде де жұртшылық игі бастамаға алғысын жаудырып жатты. Бір сөзбен айтқанда қыруар қаржымен көне көшені қалыпқа келтіру жұмыстары үш бірдей елді мекеннің халқы үшін тиімді болып отыр.
Мұнан бөлек, аудандық бюджеттен бөлінген 1,9 млн теңгеге «Самара-Шымкент-Мәдениет-Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының 9,4 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына және «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолының 8-20,3 шақырымының орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Қазіргі таңда аталған құжат ведомстводан тыс кешенді сараптамадан да өтіп тұр. Бұл жобаларды биыл ел қазынасынан қаржыландыру мақсатында өтінім де беріліп қойды. Апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар “Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр” автомобиль жолының бойындағы “Оңтүстік коллектор” көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 281,6 млн теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге биыл республикалық бюджеттен 138,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,3 млн теңге қаралды. Бүгінде осыған орай, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Кентішілік көшелерді де қалыпқа келтіру және толығымен асфальттау жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда аудан бойынша ұзындығы 206,5 шақырымды құрайтын 202 көшенің 66,8 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы ретте жол жөндеу жұмыстарына келсек, алдымен аудан орталығындағы көшелерді жөндеу қолға алынады. Осыған орай кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Былтыр облыс қазынасынан 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл осы көшелердің жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен тағы да 532,9 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер жөндеу жұмыстарын жақын күндері аяқтайды. Яғни, осы жылы аталған үш көшенің жөндеу жұмыстары толығымен бітіп, келесі көшелерге де кезек беріледі.
Ерлан ӘНУАРҰЛЫ.