» » ЖОЛ САПАСЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

ЖОЛ САПАСЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ



Ауданда соңғы екі жылда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Кент көшелерінен бөлек ауылдық елді мекендерде де тиісті жұмыстар жанданып келеді. Мәселен, осыған дейін аудандық маңызы бар Еңбек ауылы бағытындағы автомобиль жолының 8 шақырымын орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Жобаның жалпы құны 172,7 млн теңге.

Аққошқар ауылына алып баратын кіре берістегі 8 шақырым жол тек бұл өңірдің ғана емес, көршілес Есет батыр мен Жаңадария ауылының тұрғындарына да қиындық келтіргенін осыған дейін жазған едік. Тіпті 2017 жылы ауданға сапарында сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаев көп ұзамай бұл мәселенің шешімін табуына жұмыс жасайтынын жеткізді. Арада алты ай өткенде Еңбектегі жол жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 90,8 млн теңге бөлініп, былтыр 4 шақырым жол жөнделді. Халық айтты, әкім назарға алды. Биыл қалған 4 шақырымының жұмысын аяқтауға облыс тайқазанынан 81 млн 878 мың теңге қаржы қаралып, мердігер мекеме «Қызылорда Жолдары» ЖШС жөндеу жұмыстарын толық аяқтады.
Еңбектің тұсындағы жолдың құрылысына һәм халқының қуанышына әлгі қос ауыл неге ортақ деген сауал туындауы мүмкін ғой. Мұның бір емес, қос себебі бар. Бір жағынан көршісінде той болса, қоса қабат атсалысып жүру ата-бабадан бойға сіңген қасиет. Екіншіден, Жаңадария мен аудан орталығын байланыстыратын қоғамдық көлік осы жолдың бойымен өтсе, Есет батыр ауы­лы мен аудан орталығын да, Қызылорда қаласын да байланыстыратын қос қоғамдық көлік осы жолмен жүйткиді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жолды қалыпқа келтіру жұмыстары үш бірдей елді мекеннің халқы үшін тиімді болып отыр.
Бұған дейін аудандық басылымның 85 жылдығы қарсаңында редакция ұжымы ауылдарға атбасын бұрып, оқырман үніне құлақ түрген еді. Сонда Есет батыр ауылында осы жол мәселесі тұрғындар тарапынан жиі айтылды. Әсіресе, Көкпая көшесінің халқы бұл жолда асфальт былай тұрсын, қиыршық тастың да төселмегенін алға тартқан болатын. Кездесу соңында жолсерікті қасымызға алып, мәселенің мән-жайына қанығуды жөн деп таптық. Көлікпен көшенің басына түскеніміз сол еді, ми батпақтан ыңыранып әрең келе жатқан астымыздағы темір тұлпарымыз да тұрғындар сөзін растай түсті. Керекті кадрымызды алып, кезекті нөмірге «Жұртым жол жөндесе дейді» деген тақырыппен мақала жариялап һәм ел ағаларының назарына салдық. Біз жұрттың сөзіне зер салсақ, жергілікті билік басылымның үніне құлақ түрді. Көп ұзамай Көкпая көшесінің жөндеу жұмыстарына 11 млн теңге қаржы қаралып, құрылысы да аяқталды.
Мұнан өзге де ауылдық елді мекендерде жөндеуден өткен көшелер жоқ емес. Сонымен қатар аудандық бюджеттен бөлінген 1,9 млн теңгеге «Самара-Шымкент-Мәдениет-Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының 0-9,4 шақырым аралығын және «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жо­лы­­ның 8-20,3 шақырымы аралығын орташа жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтті. Аталған жобаларды 2019 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында өтінім берілді. Ал аудандық маңыздағы Қаракеткен, Ақсу, Таң, Бұқарбай батыр ауылдарының кіреберіс автомобиль жолдарын орташа жөндеуге жобалық- сметалық құжаттар әзірлеу үшін 11831,7 мың теңгеге бюджеттік өтінімді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі әзірлеуде. Соның ішінде Таң, Қаракеткен ауылдарының кіребіріс автожолын орташа жөндеуге ЖСҚ әзірлеуге тиісті қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жеңімпаз да анықталды.
Жалағашта жол сапасын жақсартумен қатар көпір құрылысы да қарқын алуда. Мәселен, апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына жалпы құны 281,6 млн теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленген еді. Қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге биылға республикалық бюджеттен 138,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,3 млн теңге, яғни, барлығы 153 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Жылу XXI» ЖШС қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда уақытша айналма көпір құрылысын салу жұмыстары толық аяқталып, атқарылған жұмыстарға сәйкес өткен айда 60 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Еңбек және Есет батыр ауылдары аралығындағы «Оңтүстік коллектор» (ЮК-16) көпірінің жағдайына мамандар зерттеу жүргізіп, техникалық жағдайына сараптама жасалуда.
Кентішілік көшелерді де қалыпқа келтіру және толығымен асфальттау жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде аудан бойынша ұзындығы 206,5 шақырымды құрайтын 202 көшенің 66,8 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Мәселе бір күнде не бір уақытта шешілмейді. Жол жөндеу жұмыстарына келсек, алдымен аудан орталығындағы көшелердің сапасын арттыру қолға алынады. Осыған орай кенттегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Былтыр облыс қазынасынан 3 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде Бұқарбай батыр, Абай және Нысанбай жырау көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл осы көшелердің жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен тағы да 532,9 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер жөндеу жұмыстарын жақын күндері аяқтайды. Яғни, осы жылы аталған үш көшенің жөндеу жұмыстары толығымен бітіп, басқа көшелерге де кезек беріледі.
«Жол азабын жүрген білер» дейді қазақ. Осы ретте жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы болу үшін алдымен көшелерді қалыпқа келтіру қолға алынып жатқаны бізді қуантады. Жоғарыда айтып кеткендей, Абай көшесінің қалған бөлігін жөндеу жұмыстары өткен айда басталып кетті.





Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

10 шілде 2019 ж. 1 012 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930