ЖОЛ ЖӨНДЕЛСЕ, КӨҢІЛ ТЫНШИДЫ
Аудан аумағындағы 22 шақырым автомобиль жолының жағдайы қанағаттанарлықсыз. Бұған кент ішіндегі жөндеуді қажет ететін көше жолдарын қосыңыз. Бұл мәселелерді бірден шешіп тастау мүмкін емес, әрине. Дей тұрғанмен, өткен жылы бастау алған автомобиль жолдары мен кент көшелерін жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов сессия отырысында мәлімдеді.
Әкімдікте аудандық мәслихаттың кезектен тыс 39-сессиясының отырысы өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов, сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Алдымен, сессия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Мейрамбек Жаманов күн тәртібінде қаралатын мәселелерді хабарлап, депутаттар алдында дауысқа салды. Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов аудан бойынша автомобиль жолдарын, елді мекендердің көшелерін дамыту және күтіп ұстау жұмыстары туралы баяндады.
Жалпы, аудан аумағында республикалық маңыздағы 49 шақырым, облыстық маңыздағы 60,6 шақырым автомобиль жолдары бар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңыздағы KN-2 Жалағаш – Жосалы автомобиль жолының 0-27 шақырымы аралығына орташа жөндеу жұмыстарын жасауға жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бұл жобаның құны 771 млн теңгені құрайды. Өткен жылы жоба бойынша жұмыстарды бастауға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, бірнеше шақырымына орташа жөндеу жүргізілді.
Ал, аудан аумағында 112 шақырымнан астам аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Қазіргі таңда оның 22,4 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда болып отыр. Осылай деген Ө.Елеусінов биыл бірнеше автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты тиісті қаржы қаралғанын жеткізді.
Өткен жылы кент ішіндегі бірнеше көшеге асфалть төселіп, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Жауапты мамандардың сөзінше, кенттегі Қабылов, Қалыбаев, Нысанбай жырау, Мырзалиев, Жүргенов, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Отарбаев, Алтынсарин, Алтынсарин тұйығы, Абай, Сәрке батыр көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленді. Былтыр облыстық бюджеттен 3 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге бөлініп, ол қаржы Бұқарбай батыр Нысанбай жырау және Абай көшесін жөндеуге жұмсалды. Биыл осы көшелердегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға облыстық бюджеттен 533 млн теңге қаржы бөлініпті.
Жоғарыда айтылған мәселеге қатысты ұсыныс білдірген ""Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, мәслихат депутаты Қаншагүл Мұстафаева жол жөндейтін мердігерлерге қатаң талап қою керектігін жеткізді. Себебі, көп жағдайда жолды бергі шетінен бастап салады да оны өздері ауыр техникамен әрі бері-жүріп қайта бұзады.
Сондай-ақ, басқосуда аудан бағытындағы қоғамдық көліктердің жай-күйі де айтылды. Хабарламашы Ө.Елеусіновтің сөзінше, қала орталығына және барлық елді-мекендерге қоғамдық көліктер тұрақты қатынап келеді. Оның ішінде Жалағаш-Жаңадария бағытындағы адам тасымалдайтын көлік аудандық бюджеттен субсидияланып отыр. Осы мәселені жан-жақты талқылаған депутаттар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, ойларын ортаға салды.
Аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов Аққыр ауылы ардагерлерінің өтінішін жеткізді. Оның сөзінше, аққырлықтар ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің жол шығынын бюджеттен субсидиялануын қалайды екен. Өйткені, бұл бағыттағы көлік жолаушы аз болса жолға шықпай қалатын көрінеді. Ал, халық қалаулысы Рауаш Әлиева кент ішіндегі қоғамдық көліктер түскі мезгілде жүрмейтінін айтып, осыны ретке келтіру керектігін назарға салды.
Мұнан соң, Аққұм ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы есебі тыңдалды. Ауыл әкімі Абзал Ибраев депутаттар алдында ауыл бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді. Елге белгілі азаматтар шыққан бұл ауылда 380 отбасы бар. Елді мекендегі негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Әсіресе, аққұмдықтар ата кәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Өткен жылы ауыл тұрғындары төрт түліктің басын көбейтсе, биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып біткен соң, депутаттар бір ауыздан келесі сессия отырысының төрағасы етіп аудандық мәслихат депутаты Ерхан Бақбергенұлына дауыс берді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.