ЕКПЕГЕ ҚАРСЫ НАСИХАТ – ХАЛЫҚҚА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ
Былтырғы топалаң қайта басталды. Коронавирустың үшінші толқыны соқты. Жаңа штамдары пайда болды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл штамдар бұрынғыдан да қауіпті. Қауіптілігі сол, тез жұғып, тез таралады. Бұған бір өңірдің өзінен бір тәулікте екі жүзге жуық адам ауырып, бірнеше қайғылы оқиғаның тіркелуі дәлел. Алайда біз әлі де той тойлап жатырмыз. Әрине, қазақты қуаныштан айырмасын. Десе де, эпидахуалдың осыншалықты күрделеніп, індеттің өршіп тұрған кезінде мың қаралы адамның басын қосып той жасау – өзіңе және жақындарыңа, тіпті халқыңа жасаған қастандығың ғой. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Басымыз аман болса, арқаны кеңге салып думандататын күн де келер. Тек мына аты жаман аурудың ақырын күткеніміз жөн. Әйтпесе карантин талаптарына бағынбай жасаған той-думан мен салтанатты шарамыздың соңы қайғылы жағдайға ұласып жатқанын күнде көзіміз көріп отыр.
Мен өзім осы аты жаман індетпен ауырып шықтым. Бірінші – Құдай, екінші – дәрігерлердің арқасында аман қалдық. Көретін жарығымыз бар шығар, дер кезінде келіппіз. Қажетті емді қабылдап, сауығып шықтық. Бірақ дәрігерлер әлі де күтініп, сақтанып жүру керектігін ескертті. Шынымды айтсам, бұрын осы індетке мен де аса мән бермегенмін. Несін жасырайық, сақтық шараларына да немқұрайлы қарадық. Ақырында ауруханадан бір-ақ шықтық.
Қазір бүкіл әлем бұл індеттің алдында шарасыздық танытып отыр. Дамыған медицинаның да бұл жұқпалы індетті ауыздықтауға күші жетіңкірмей тұр. Алайда үміт жоқ емес. Коронавирустың алдын алудың ең тиімді жолы – халықты жаппай вакцинациялау. Екпе егу алғаш рет жасалып отырған жоқ. Медицина тарихында бұрыннан келе жатқан әдіс. Әсіресе осы жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әдіс.
Өткен ғасырларда болған жұқпалы індеттерден адамзат баласы екпе салдыру арқылы аман қалып еді. Ал қазірде "індет жоқ, биліктегілер бәрін қолдан ұйымдастырып отыр" деп жұртты азғырғандарымен тұрмай, осы екпеге байланысты халық арасында теріс көзқарас қалыптастырып жүрген бір мүдделі топтар бар. Оларды әлеуметтік желіден күнделікті көріп отырмыз.
Меніңше, жоғарыда айтқанымыздай, олар да халықтың жауы. Елінің ертеңгі келешегін ойламайтын арам пиғылды адамдардың әрекеті. Әйтпесе дәрігерлер халыққа жаппай вакцина салып, олардың денелерінде иммунитет қалыптастыру үшін бекерге жанталасып жатқан жоқ. Оның үстіне әзірге бұдан басқа індетпен күресетін амал да болмай отыр ғой. Ендеше, екпе алайық, сақтанайық, келешекті сақтайық.
Бақыткүл Тәжібаева,
індеттен айыққан кент тұрғыны