НӘТИЖЕЛІ ЕҢБЕК САЛАҒА СЕРПІН БЕРДІ
Елімізде тәуелсіздік жылдарының басынан бері денсаулық сақтау саласы қарқынды қолдауға ие. Әрине дәл қазіргідей жағдайда мұның маңыздылығын да жоққа шығара алмаймыз. Нәтижесінде сала заманауи аппараттармен жарақталып, ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленіп жатыр.
Адамның өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Осы ретте денсаулық сақтау саласын нығайту кез келген мемлекеттік негізгі міндеті екені тағы да анық. Салаға көрсетілген қолдаудың нәтижесін аудан медицинасынан-ақ аңғаруға болады. Мәселен, осыған дейін асар әдісімен салынған Жалағаштағы аурухана ғимаратының апатты жағдайда болуы баршамызды алаңдатқан еді. Былтыр жыл соңында оған да нүкте қойылды. Халыққа ең қажетті нысандардың бірі 100 төсектік аурухананың пайдалануға берілуі баршамызды қуантты. Жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын жаңа ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталған. Аудандық аурухананың ашылуы көптеген аурулардың алдын алуда кездесетін мәселелердің түбегейлі шешілуіне мүмкіндік берді. Биыл алғаш рет ауданда өт жолы ауруымен ауыратын науқастарға да ота жасалып, сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда кент орталығының өзінде 100 төсек орындық орталық аурухана, 20 төсек орындық жұқпалы аурулар ауруханасы, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. Бүгінде медициналық нысанның кәріз жүйесі құрылысына жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге 43 665,1 мың теңге қаралып, бастапқы 1 млн 570 мың теңге жоба әзірлеуге бөлінді.
Бізді әсіресе соңғы жылдары ауылдық елді мекендердегі медициналық нысандардың сапасына ел ағалары тарапынан ерекше мән беріліп жатқаны қуантады. Биылдың өзінде Таң ауылынан жаңадан дәрігерлік емхана құрылысы салынатын болса, Есет батыр және Мырзабай ахун ауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылысын салу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге облыстық бюджет есебінен қаржы қаралып та қойды.
Қазіргі әлемді алаңдатқан індеттің ахуалды күрделендіріп жатқанын жақсы білеміз. Мұнымен күресте де ақ халатты абзал жандар нәтижелі еңбек етіп келеді. Тіпті сол нәтижелі еңбектің арқасында дертінен айыққандар да жоқ емес. Әлі де ем алып жатқандар бар. Демек ауданда қазіргі таңда ахуал жақсы емес. Сондықтан тұрғындар мейлінше ортақ тәртіпке бағыну қажет. Медицина саласының аудан халқына айтары сол. Ауданда эпид ахуал күрделенген жағдайда Дәуімбай елді мекенінен 50 төсек орын, инфекциялық аурухана 50 төсек орын және Мәдениет ауылдық ауруханасынан 100 төсек орын ашу жоспарда бар болатын.
Бұрын індет алғаш тараған тұста дәрі-дәрмектен, қажетті аппараттардан да тапшылық болғанын мойындау керек. Бірақ сол кезеңдегі кемшіліктердің барлығы жойылды. Қазіргі таңда ауданда індетке қарсы ешқандай дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ. Тіпті қажетті аппараттар да жеткілікті. Аурухана бойынша 14 дана жасанды өкпені желдету (ӨЖЖ) ИВЛ аппараты бар. Мұнан бөлек 2 дана рентген аппараты, 2 дана флюрограф аппараты бар. Сондай-ақ аурухана ғимараты 44 дана оттегі концентраторы, 70 дана оттегі баллондарымен және арнайы құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Медицина мамандарының түсіндірме жұмыстарының нәтижесі болар, қазір халық вакцинаның пайдасын түсіне бастады. Бұрынғыдай әр жерден естіп алған бейресми ақпаратқа құлақ асатын халық жоқтың қасы. Тіпті 70 және 80 жастан асқан қарияларымыз да екпе салдырып жатыр. Біз коронавирусты ауыздықтаудың тиімді жолы осы вакцина екенін толық түсінбей дертпен күрес шараларында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру баршамыз үшін маңызды. Оны халыққа түсіндіруде де аудандағы ақ халатты абзал жандар нәтижелі еңбек етті.
Жалпы тізе берсек, салада жеткен жетістік көп. Бұған қарқынды қолдаудың тікелей қатысы бар, әрине. Бірақ онда Жалағаш аудандық аурухана ұжымының да қолтаңбасы барын ұмытпауымыз керек.
Жандос ЖАЗКЕН