» » АБЗАЛ ЖАНДАР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ

АБЗАЛ ЖАНДАР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ

Медицина саласы мамандарын “Ақ халатты абзал жандар” деп ауыз екі тілде айтып жүргенімізбен дәл осы лайықты теңеу оларға үлкен еңбектің арқасында берілгенін көбісіміз біле бермейміз. Иә, адам жанын ажалдан арашалауда, бас ауырып, балтыр сыздағанда бірінші болып қол ұшын созатындар да сол дәрігерлер қауымы. Әсіресе кешегі коронавирус індеті кеңінен жайылып, ахуал күрделенген тұста әрбір отандасымыздың денсаулығы жолында тікесінен тік тұрып қызмет еткен абзал жандарға деген бойымызда құрметіміз артты. Тәулік бойы тәртіп сақшыларымен бірге әрбір елді мекенге кіреберіс жолдарға қойылған блок бекеттерде жергілікті халықтың денсаулығын күзеткен медицина саласы мамандарына қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Маусым айының әрбір үшінші жексенбісі елімізде медицина саласы қызметкерлері күні болып белгіленген болатын. Дәл осы күні ауданда ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсету мақсатында салтанатты шара ұйымдастырылатын. Биыл да Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде жергілікті дәрігерлер қауымы алғысқа бөленіп, бірқатары марапат төрінен орын алды.

Салтанатты шарада алдымен аудан әкімі Асылбек Шаменов медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың дертке шипа табудағы еңбегіне ерекше тоқталды.

– Ақ халатты абзал жандарды бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Әлемде қанша мамандық болса да әрбірінің адам үшін маңызы зор. Әйтсе де адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені рас. Алдына барғанда мейірімін төге қарап, емдейтін, жылы сөзімен ақыл-кеңесін беретін дәрігер жақыныңа айналары сөзсіз. Адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны қай кезде де зор маңызға ие. Халықтың денсаулығын жақсартатын ақ халатты абзал жандарға елімізде ерекше құрмет көрсетіледі. Бүгінде денсаулық сақтау саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұның өзі осы салаға және қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп, мәртебесін биіктетері сөзсіз. Сондықтан құрметті денсаулық саласының қызметкерлері, сіздерді, сіздер арқылы бүгінгі салтанатты сәтте жұмыс орындарында жүрген ақ халатты абзал жандарды, сала ардагерлерін дәстүрлі төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Медицина қызметкерлері кәсібінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Қоғамымыздың басты байлығы адам денсаулығы десек, сол байлықтың баянды болуына қалтқысыз қызмет етіп жүрген медицина саласының қызметкерлері. Сіздердің еңбектеріңіз – адам саулығы мен амандығы жолындағы ең абыройлы қызмет. Сіздерге зор құрметпен бірге, үлкен жауапкершілік жүктеледі. Абзал жандардың алдағы жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Асылбек Өмірбекұлы.
Аудан әкімі айтқандай, расында дәрігерлер қауымы қандай құрметке болсын лайық екені даусыз. Әсіресе жергілікті медицина саласы қызметкерлерінің жұмысында жүйе қалыптасқанын біз күнделікті редакция есігін қағып, дәрігерлерге алғыс айтуға келген тұрғындар қатарының көбейгенінен анық байқаймыз. Қазіргі таңда аудан халқына аудандық  орталық  аурухана,  2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Былтыр желтоқсан айында облыс әкімі Гүлшара Наушақызының қолдауымен халыққа ең қажетті нысандардың бірі 100 төсектік аурухананың пайдалануға берілуі де олардың жұмысында жүйе қалыптастыруға қолғабыс болды.  Ауданнан жыл сайын ота жасату үшін тұрғындар еліміздің ірі қалаларына, облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған аудандық ауруханада мұның бәріне жағдай жасалған. Былтыр Ақсу ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл Таң және Мырзабай ахун ауылдарынан жаңа емхана ғимаратын салуға бюджеттен қаржы қаралып та қойды. Жалағашта емдеу және алдын алу ұйымдарында 89 жоғары білімді дәрігер, 440 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды.

Мерекелік шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары сала қызметкерлеріне арнап концерт қойды. Сондай-ақ бірқатар дәрігерлер қауымы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Ж.ЖАЗКЕН
18 маусым 2021 ж. 853 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930