» » ІНДЕТТІ АУЫЗДЫҚТАЙМЫЗ ДЕСЕК...

ІНДЕТТІ АУЫЗДЫҚТАЙМЫЗ ДЕСЕК...

Қазір коронавирус індетінің беті қайта бастады. Алайда бұл осымен кесел түбегейлі жойылды дегенді білдірмейді. Шама-шарқынша отандастар жұмыла вирустың бұл түріне қарсы жүйелі жұмыс атқара білді. Бұрынғы жағдайға қарағанда оң өзгерістердің қалыптасуы сол нәтижелі еңбектің арқасы десе де болады. Әсіресе коронавируспен күресте медицина саласының мамандары табанды жұмыс жасай білді. Жалағаштық ақ халатты абзал жандар да аудан халқының денсаулығына қалтқысыз қызмет етті.

Жауапты мамандардың сол тұстағы нәтижелі еңбе­гін ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі қалып­тасқан ахуал халықтың көз алдында жүріп жатты. Сол жандардың жүйелі жұмысының арқасында жұрттың көкейіндегі күдік пен қорқыныш сейілді. Десе де, біз қауіпсіздікті басты назарда ұстау қажеттігін ұмыт­пауымыз керек.
Алғаш індет аймаққа тарала бастаған тұста жеке бас гигиенасын сақтау қажеттігі, қауіпсіздік ережесін ұдайы назарда ұстау керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алайда коронавирус індетін жұқ­тырғандар ауданнан тіркелмей тұрып, мемлекет тарапынан бекітілген ережелерге немқұрайлы қа­рай­тындар ортамызда бар екенін аңғардық. Көшеде үш адамнан көп болып топтасып жүру, бетперде тақпау сияқты жағдайлар көз алдымызда жүріп жатты. Тіпті белгіленген уақытпен және ғимарат іші қауіпсіздік ер­ежесінде көрсетілген құрал-жабдықтармен қам­та­масыз етілмей жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер де арамыздан шықты. Бұл өз кезегінде індеттің кең таралуына жол ашпаса, кеселдің бетін қайтаруға мүмкіндік бермейді. Бірақ мұны жергілікті халық кеш түсінді. Қазіргі жағдайға қарап түсінді деген сөзді нық сеніммен айту да қиынға соғып тұр. Себебі әлі де арамызда қоғамдық орында бетпердесіз жүру, той-томалақ, құдайы ас ұйымдастырушылар шығып жатыр.
Коронавирус дертіне шалдыққандар елімізде енді тіркеліп жатқанда халықтың көкейіндегі бұл індеттің растығына деген күдікке түсіністікпен қарадық. Ал қаншама отандасымыз кеселдің құрбанына айналып, қаншама отбасы оның зардабын көргенін біле тұра әлі де қауіпсіздікті назардан шығаруымыз енді орынсыз.
Кешегі кеселдің кең таралуы салдарынан 2 мыңға жуық қазақстандық оның құрбанына айналды. Тіпті онымен күресемін деп жүріп, медицина саласының майталмандары да індетті жұқтырып үлгерді. Осындай жағдайларды көзімізбен көре тұра әлі де қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға құлықсыздық танытып жүргеніміз қалай? Міне, әрбір қазақстандыққа осы сауалға жауап іздеу азаматтық міндетіне айналуы тиіс. Енді аймақтағы ахуалға ойысайық.
Облыста бүгінге дейін 3248 адам коронавирус жұқтырған. Бір қуантарлығы, олардың 3119-ы дертінен айықты. Ал өкініштісі, 15 сырбойылық қытайдан бастау алған кеселдің салдарынан көз жұмса, оның екеуі – жалағаштық. Мемлекетке үлкен шығын алып келген індетке қарсы күрес шараларын өзімізден бастамасақ, ақыр соңы немен аяқталып жатқанын жоғарыдағы мәліметтер көрсетіп тұр. Сондықтан вирустың алдын алып, оны түбегейлі жоямыз десек, алдымен мемлекет бекіткен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Уақытша той-томалақ, құдайы астарды доғарып, кәсіпорындар белгіленген тәртіппен жұмыс жасағаны абзал. Қазір елімізде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтарға айыппұл салынады. Бұл адам шығынының қасында түк те емес. Сондықтан мәселенің мәніне терең үңіліп, денсаулығымыз үш­ін, мемлекеттің кемел келешегі үшін біз уақытша шек­теулерге бағынып, қауіпсіздік ережелерін сақтауда бел­сенді болғанымыз абзал. Бұл өз кезегінде дәрігерлер қауымының жұмысын да жеңілдетерін сіз бен біз жақсы білеміз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
20 қазан 2020 ж. 278 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930