АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Құрылысы басталған аудандық аурухананың жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Типтік жобадағы үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды.
Естеріңізде болса, бұрынғы аурухана ғимараты кезінде асар әдісімен салынған. Апатты жағдайда деп танылғалы бері аудан тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған еді. Енді, міне, жаңа аурухана салу қажеттілігі оң шешімін тапқанына ең алдымен, аудан халқы дән риза. Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС қолға алып, келесі жылы ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр.
Қазіргі таңда құрылыс басындағы жұмыстар қарқын алды. Мұнда 90 адам еңбек етуде. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 20-сы жалағаштық тұрғындар екен.
– Күнделікті жоспар бойынша жұмыстар атқарылады. Қазір жерді 3 блогты қазу, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Оны осы аптаның аяғында аяқтаймыз. Техникалар мен құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жеткілікті, – дейді «Әбу-Сер» ЖШС-ның өкілі Қайыржан Жұмаділлаев.
Жуырда ауданнан салынатын бұл аурухананың құрылыс жұмыстарымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев танысып, заманауи медициналық нысанның іргетасын қалаған еді.
Ұлт саулығы, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мыңға жуық жергілікті халыққа, бұлардан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
сурет автордікі.