ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ТҰРУЫ ТИІС
Кеше ауданымызға Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гинаят келіп, Жалағаштағы денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысты.
Астаналық қонақтардың сапары алдымен жаңадан салынып жатқан 100 орындық аудандық ауруханадан бастау алды. Аурухананы құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС салуда. Еңсе тіктеп үлгерген ғимарат құрылысы қарқынды жүруде. Тіпті мамандардың айтуынша, қажетті қаржы қаралса, жыл соңына дейін аудандық аурухананың құрылысын аяқтап, ел игілігіне беруге болады екен. Аудан әкімі Асылбек Шәменов вице-министрдің назарын осы мәселеге аударды.
Дәл қазір Жалағашқа ең қажетті екі нысан бар деп есептесек, соның бірі, ал бір нысан қажет десек, оның өзі осы аурухана мәселесі екені айқын. Аудан басшысы қазіргі аурухана ескісінің орнына салынып жатқанын тілге тиек етіп, халыққа қажеттігін атап өтті. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары А.Гинаят пен сенатор А.Әлназарова бұл мәселені республикалық дәрежеде жан-жақты көтеретінін айтты. Вице-министр егер қаржы министрлігі мақұлдаса, қажетті қаражатты бөлуге болатынын жеткізді.
Жалпы аурухана құрылысы қарқынды жүргенін, бітуге жақын екенін бұған дейін де жазған болатынбыз. Типтік жобадағы үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды. Мұнда шамамен 20 дәрігер, 60 медбике, 30 техникалық қызметкер еңбек етеді.
Орталық аурухананың бұрынғы ғимараты асар әдісімен салынған. Апатты жағдайда деп танылғалы бері аудан тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған еді. Енді, міне, жаңа аурухана салынып, бой көтергелі мұндағы жұрттың көңілі орнына түскендей. Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС атқарып, жоспар бойынша келесі жылы ел игілігіне ұсынуға ниетті.
Бұдан кейін меймандар аудандық емханада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Бурамбаева емханадағы жұмыстың барлығы санитарлық талаптарға сай жүріп жатқанын мәлім етті. 2015 жылы Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мыңға жуық жергілікті халыққа бұлардан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары халық саулығы бәрінен жоғары тұруы тиіс екенін және мамандар барын сала еңбектену қажеттігін атап өтті.
Қазір күз мезгілі. Жаман айтпай, жақсы жоқ, адамдар бірде жылы, бірде салқын кезде суық тигізіп алуы да мүмкін. Оның үстіне мектепте бастауыш сынып оқушылары білім алуда. Осындай шақта байқамаса, тұмаудың белең алуы да ғажап емес. Алда қыс келе жатыр. Ол кезде де адамдар суық тиюден сақтанғаны абзал. Десе де дәрігерлер суық тиіп ауырған адамды тұмау не пневмония екенін бірден ажырата білуі тиіс. Вицеминистрдің сөзі осыған саяды.
Мемлекет басшысының Жолдауында да денсаулық сақтау саласына ерекше ден қойылған. Президент пандемия барлық мемлекеттер үшін сынаққа айналғанын атап өтті. Жолдауда “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуге тиіс. Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді” деп мемлекеттің халық саулығын бірінші орынға қоятыны көрсетілген.
Азиз БАТЫРБЕКОВ