» » ЖАЛАҒАШТАҒЫ АУРУХАНА ҚАЛАЙ САЛЫНУДА?

ЖАЛАҒАШТАҒЫ АУРУХАНА ҚАЛАЙ САЛЫНУДА?

Дәл қазір Жалағаштағы қуанышты екі жаңалық болса соның бірі – ауданды газдандыру да екіншісі – жаңадан салынып жатқан аурухана. Өткен жылы іргетасы қаланған аудандық аурухананың еңсесі тіктеліп, толықтай үш қабаты бой түзеп үлгерген.


Емхананың жанынан салынып жатқан аурухананың құрылыс жұмысымен танысу мақсатында нысан басына бардық. Аурухананы құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС салуда. Еңсе тіктеп үлгерген ғимарат құрылысы қарқынды жүруде. Типтік жобадағы үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды. Мұнда шамамен 20 дәрігер, 60 медбике, 30 техникалық қызметкер еңбек ететін болады.

Редакцияның “НИВА” маркалы автокөлігімен шаңқай түсте көздеген жерге тіке тарттық. Күн болса ми қайнатардай ыстық. Мамыр аяқталмай жатып күн райы 40 градустан асты. “Журналист деген ыстық пен суыққа қарамай елді аралап жұмыс істеуі қажет” деп өзімізді-өзіміз жұбатып келеміз. Қолымызда газет журналистеріне тән фотоаппарат, диктофон, қалам, қалта кітапшасы сынды құралдар бар.

Бізді құрылыс басынан учаске бастығы Қайыржан Жұмаділдаев күтіп алды. Жас шамасы елудің үстіне шыққан ағамыз құрылыс жұмыстарын бақылап жүр екен. Өзімізді таныстырып, келген мақсатымызды айттық. “Ап-бәрекелді, тұрғындар аурухананың қалай салынып жатқанын білуі тиіс” деді. Сөйтті де “қауіпсіздікті қатаң сақтау керек, мынаны бастарыңа киіп алыңдар” деп, қолымызға құрылысшыларға арналған бас киімді ұстатты. Біз каска аталып кеткен бас киімді киіп, бүгінде сырты қапталып жатқан аурухананың құрылысымен танысуға әзірлене бастадық. Ал Қайыржан ағамыз болса құрылыс жұмыстарын жүргізуші прораб Жасұлан Смайыловты шақырды. Бізді аурухананың құрылысымен осы азамат таныстырды.

Сонымен басымызға ақ касканы киіп, май топырақты су кешкендей кешіп келеміз. Жасұлан бізді кездестіргеннен тоқтаусыз сөйлеп келеді. Ал мен сұрақты үсті-үстіне төпелетіп отырмын.
– Аурухананың құрылысы қашан басталды?
– Өткен жылы.
– Қанша адам жұмыс істейді?
– Дәл қазір мұнда 180 адам еңбек етуде.
– Құрылысшыларыңыз тәжірибелі маман болар?
– Әрине.
– Байқаймын, үш қабатты аурухананың қабырғасын толық қалап біткен сияқтысыздар…
– Дұрыс аңғарыпсыз. Қабырғасы еңсе тіктеп үлгерді. Тіпті төбесін толық шатырлап та қойдық.

Осылай әңгімелесіп келе жатқанда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аурухананың ішіне де ендік. “Алла қаласа, мына жер ауруханаға кіретін негізгі орталық болады” деді Жасұлан.

Қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, сырты қапталып жатқан аурухананың ішін әрлеу де қолға алыныпты. Құрылысшылар қабырғаны ливкастап, аппақ түске ендіруде. Қабатаралық тепкішектер де орнатылған. Істелген жұмысқа қарап сүйсінесің. Құрылысшылардың бірі қабырғаны әрлеп жатса, екіншісі оған қажетті қоспаны әзірлеуде. Тіпті қимылдары да ширақ. Қабырғаға тартатын тақтайшалы темір қолдарымен бірігіп кеткендей әсер қалдырады. “Бұлар – ливкас тартатын мамандар. Жоғарғы қабатта еденге керамикалық тақтайша төсеуде. Кейбір бөлмелердің қабырғалары да керамикалық тақтайшамен қапталады” деген Жасұлан Смайылов атқарылып жатқан жұмыстарды ретімен баяндауға көшті.

– Ауруханадағы қабатаралық тепкішектер орнатылғанмен сүйемелдік тіреулері енді жасалады. Ғимарат ішіне электр желісі орнатылды. Сонымен бірге ауыз су тартылды. Қазіргі уақытта сыртқы кәріз жүйесі істелуде, – деді ол.

Жасұланмен бірге екінші қабатқа көтерілдік. Мұнда керамикалық тақтайша төселіп жатыр екен. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан дәліздің қос қапталында бірнеше бөлме тұр. Жолбасшымыз болып жүрген Жасұлан “Мына жер ота жасайтын орын болады” деп үлкен бөлмеге алып кірді. Іші кең әрі жарық бөлменің қабырғалары әрленген. Бұл бөлменің кеңдігі сонша ана басы мен мына басының арасы шамамен 15-20 метрді құрайды. Енінің көлемі де аз емес. Көз жобамен айтқанда 5-6 метр болады. Ішімнен “Ота жасайтын орын кең әрі қимылға ыңғайлы болуы керек. Мынаның көлемі дұрыс сияқты” деп қоямын. Өзімнің мамандығым құрылысшы еместігінде жұмысым жоқ. Әйтеуір, ауданға өте қажетті нысан болған соң жіті қарап келемін. Қабырғаға түп-түзу етіп керамикалық тақтайша жабыстырып жатқан мамандардың жұмысын тамашалап, оларға сәттілік тіледік. Арасында өзіміз де шама-шарқымызға қарай құрылысшыларға жағаласып, олардың істегенін істеп те қоямыз. “Мынаны жақсы кескен екенсің. Осы керамикаңды мен орнатайын. Кәне, бері әкел!” деп, қызды-қыздымен екі-үш керамиканы қабырғаға жабыстырып та кеттік. Тіпті әрлеушілерге еріп ливкастап та көрдік. Бұрын-соңды мұндай жұмыстарды істемеген соң “сапасы қалай болады екен, біз кеткен соң қайта бұзбайтындай орнықты болса екен” деп қоямын іштей.

Осылайша жүз орындық аурухананың үш қабатын түгел аралап біттік. Сонда да мағлұматты көбірек алу мақсатында сұрақ қоюды доғарар емеспін. Жасұлан Смайылов та жауап беруден жалығатын адамға ұқсамайды.
– Бүгінгі таңда керамикалық тақтайша орнату қызу жүруде. Бұдан бөлек сырты қапталып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, ішкі жылу жүйесіне қатысты жұмыстар толық аяқталды. Яғни жылу батареялары орнатылып бітті, – деп сөзін түйіндеді.

Бесін намазынан кейін барған біз ауруханадан екінтінің уағында бір-ақ шықтық. Күннің ыстығы әлі қайтар емес. Үш блоктан тұратын ғимараттың құрылысы қарқынды жүруде. Сыртында трактормен жер қазып, кәріз жүйесі реттеліп жатыр. Аурухананың сыртқы беті қапталуда. Тіпті төбесі де шатырланған. Емделушілерге арналған асхана да бар. Сонымен қатар аурухана мен емхананың арасын байланыстыратын өткел де жасалады екен.

Осындай ақпараттарға қаныққан біз құрылысшылардың жұмысына сәттілік тілеп, редакцияға бет алдық.

Азиз БАТЫРБЕКОВ,
Суреттерді түсірген Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ




29 мамыр 2020 ж. 613 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930