"АҚБОСТАЙҒА" АЛҒАШҚЫ ОРАҚ ТҮСТІ
Күз – береке мен молшылықтың бастауы. Бұл – дала еңбеккерлерінің жұмысы қыза түсетін мезгіл. Күріштің суын тартқаннан бастап, диқандар орақ, шалғысын шарыққа салып, қамдана бастайды. Диқанның қамбасы толық болса, халықтың да көңілі жай, қарыны тоқ. Биыл егістік жерлердің біршама аумағы қысқарды. Оның үстіне дән жерге түскен уақытта аяқсу тапшылығы бүйірден қысты. Бірақ ондай қиындықтар шаруалардың меселін қайтарған жоқ, керісінше кетпен ұстаған қауым ширай түсті. Биыл диқандар жылдағыдан екі есе еңбектенді. Сондықтан олар мол өнімнен үмітті. Алқаптағы күріштің шығымына көңіл тоғаяды.
Өткен аптада Ақсу ауылы алғашқы орақты бастады. Кәсіпкер, инвестор, "Ақбостай", "Иіркөл" шаруашылықтарының төрағасы Абай Боранқұлов Сыр салысын егуді осыдан екі жыл бұрын қолға алған екен. Жылдан жылға кәсібін ұлғайтып келеді. Биыл Ақсу ауылдық округінен 400 гектар, "Ақбостайдан" 250 гектар, Бұқарбай батыр ауылдық округінен 100 гектар, Аламесек ауылдық округінен 100 гектар және Қармақшы ауданынан 400 гектар жерге күріш екті. Дән түскен топыраққа ерекше күтім керек. Көктеп тұрған түйір дәннің әрбірінде күрішшілердің жаз бойы атқарған еңбегі, тамшылаған маңдай тері бар. "Ақбостайдағы" күріштің шығымы жақсы. "Егінші жылда арманда".
Бұйыртса, Абайдың егіс алқабынан биыл да Сыр маржаны ақтарылғалы тұр.
Таңертеңмен "Ақбостай" учаскесіне аудан ақсақалдары мен дала еңбеккерлері жиналды. Халқымызда қандай да бір игілікті іс бастарда ақсақалдардан бата алып кірісетін жақсы үрдіс бар. Расында, үлкендердің алғыс, батасымен көгеріп, көктеген халықпыз ғой. Абай да жылда сол жолдан жаңылмайды. Егіс даласында еңбек дүбірі басталып, жерге дән тастайтын мезгілде және сол дән мыңдап көбейіп, піскен егіске орақ саларда қариялар мен ел ағаларын шақырып, батасын алады.
Егіс даласындағы салтанатты рәсім ырысы тасыған мезгілдің берекесін арттыра түсті. Алтын астыққа бөгіп қалған алқапқа күн салып қарап тұрған қариялар: "Бәрекелді! Адал еңбектің, маңдай тердің жемісі деген осы ғой! Абай балам, өркенің өссін! Өнімің мол болып, қырманың тасысын, қамбаң дәнге толсын! Ердің еңбегі де, ерлігі де елге ортақ", – деп кезек-кезек ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз сөйлеп, күрішке алғашқы орақ салу рәсімін салтанатты түрде ашты. Одан соң Жанұзақ Оспан, Серік Балымбетов ақсақалдар “ел іші тыныш болсын, заманымыз тоқшылық болсын" деген ниетте жақсылыққа жиналған қауымға ақ батасын берді. Егіс басындағы салтанатты шараға Ақсу ауылдық округі әкімі Қанат Ниетқұлов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, ел ағасы Кенжеғара Сүлейменов және ардагерлер мен дала еңбеккерлері қатысты.
Қазірде "Ақбостай" шаруашылығының техникалық базасы түгелге жуық жаңарған. "Магдон", "Джон Дир" секілді заманауи комбайндар жұмыс өнімділігін арттырған. Шаруашылықтың басқа да техникалық күштік құрамы жаңадан жасақталыпты. Шаруашылықта техника күші де, жұмысшы күші де жеткілікті. Ілгерідегілер "егін салмас бұрын, сайманыңды сайла" деп бекерге айтпаса керек.
– Шаруаның адамына көктемде егіс даласына шыққаннан күзге дейін тыныштық жоқ. Тіпті олар үйіне де қонбай, көбіне дала қосында түнейді. Олай етпесе, өнім болмайды. Өнім болмаса, тек шаруа ғана емес, халық зардап шегеді. Сондықтан біз алажаздай аттан түспейміз. Дән қамбаға түскенде ғана тақым суытамыз. Биыл аяқсудың қиындығы болды. Алайда еңбектенсең, қандай қиындықты да еңсеруге болады, – дейді Абай Боранқұлов.
"Ақбостайлықтар" жиым-терім науқанын қазан айының ортасына таяу толық аяқтап, 1 250 гектар Сыр салысының әр гектарынан 60-70 центнерден өнім аламыз деп межелеп отыр. Сондай-ақ Абай Боранқұловтың кент орталығында 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған ауқымды базалық кешені бар. Ауылыма болсын дейтін кәсіпкер келер жылы Ақсу ауылынан құны 200 млн теңгені құрайтын күріш ақтау зауыты мен жем өңдейтін цехтың құрылысын бастағалы отыр. Жоба жүзеге асқанда ауылдағы жұмыссыздық мәселесі біржақты шешіліп, ауыл экономикасына қуатты қолдау болары сөзсіз.
– Елдің ертеңі – жастар. Ауылдың да болашағы осы жастарға тікелей байланысты. Алдындағы ақсақалдар, ағалар ақылын айтады, үлгі-өнеге көрсетеді, ал соны бойына, сіңіріп, алдыңғы буынның жарқын ісін жалғау – кейінгі жастарға сын. Мен үнемі айтып жүремін, қазіргі жастардың қай жағынан болса да әлеуеті жоғары. Білімді, еңбекқор, нарық заманына бейімделген. Солардың ішінде Абай көптеген жастарға үлгі болуы тиіс. Басқасын айтпағанда, жас болса да заманға лайық жұмыстың көзін тауып, үлкен кәсіпке тәуекел еткен батылдығының өзі жұртты сүйсіндіреді. Оның еңбекқорлығы, елгезектігі, кішіпейілдігінен бөлек, кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесі мен экономикалық білім-білігі де жеткілікті. Қазір кәсіппен айналысатын жастар көп. Алайда Абайдың солардан бір сүйем артықшылығы бар. Ол – ауылына көңіл бөліп, туып-өскен топырағын түлетуге бет бұруы. Жас та болса бас болып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жалақысын беріп отырған азаматтың елге тигізіп жүрген пайдасы, "еңбегім елге ортақ" деген пейілі бізді, елдегі ақсақалдарды қуантып, көңілімізді өсіреді. Біз адал еңбегімен жетістікке жетіп, табысқа кенеліп жүрген осындай жастарға әрдайым тілекшіміз, – дейді Кенжеғара Сүлейменов.
Өзінің айтуынша, Абай Боранқұловтың алда жоспары көп. Соның бірі – ауылдан, аудан орталығынан тұрғындар сұранысына сәйкес халыққа сапалы қызмет көрсететін заманауи орталықтар ашу. Расында қазірде шаштараз, сән салоны, дәріхана, балаларға арналған ойын автоматтары, сауда орындары көбейді. Алайда, халықтың рухани сұранысын өтейтін орталықтар жоқ. Сондықтан тек жеке пайдасын көздеп жұмыс істемейтін жас кәсіпкердің халықтың, жас ұрпақтың рухани толығуына ықпалы тиіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге Абай Боранқұлов алдағы уақытта мал шаруашылығын да қолға алып, аудан халқын сапалы ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етпек.
Қуат АХЕТОВ