ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Жаз айлары – күйбең тірліктен әбден титықтап, шаршаған адам үшін демалатын мезгіл. Бірақ жыл мезгілінің бұл кезеңінде де өз денсаулығына қажетті күтімді бере алмай, адам бойындағы энергия сарқылғанша жүре беретіндер де бар. Ондай адамдар күрең күзге жетіп жығылғанымен, иммундық жүйесі сыр бере бастайды. Соның салдарынан күз келіп, күн суыта бастағанда салқын тигіш келеді. Осы кезде кез келген адамға керегі иммунитетін көтеріп, денсаулығын жіті бақылауда ұстау.
Негізі кез келген ауру иммунитеті төмен адамдарды айналдырады. Өйткені мұндай жандарда ауруға қарсы төтеп беретін қорғаныш қабаты дұрыс емес. Яғни ағзасында қажетті дәрумендер аз. Әсіресе ұзақ уақыт ешқандай дәрігерге жүгінбей немесе медициналық тексерістен өтпеген жандар өте ауыр індетке шалдығып жатады. Аурудың алдын алып, иммунитет көтеру үшін не істеу керек? Үй жағдайында қорғаныс қабілетін қалай қалыпқа келтіруге болады?
Елімізде көптеп өсетін жүзім мен жүзімнен жасалатын мейіз жастар үшін де, егде жастағылар үшін де таусылмас дәрумен және қуат қоры болып табылады. Жүзімнің құрамындағы аминоқышқылдар, “В” тобының дәрумендері иммунитет жүйесін қуаттандырады. Ферум, магний, калций және калий минералдары сүйектің жүйелі түрде дамуына ықпал етумен қатар адамға күш-қуат береді. Сондай-ақ жүзімнің қан аздықтың, әлсіздіктің және іш өтудің алдын алатын қасиеттері де бар. Зерттеулерге зер салсақ, әсіресе қызыл және қара түсті жүзімдер адам ағзасында ісік қалыптасуына ықпал ететін дербес радикалдарға бөгет жасап, қатерлі ісіктің қалыптасуына жол бермейді екен. Дәл осы зат май бірігуінің алдын алатындықтан жүрек қан тамырлары ауруларының да алдын алып, бүйрек пен бауыр саулығына да пайдасын тигізеді. Қан аздыққа қарсы мейіз, яғни кептірілген қара жүзім темірдің ең табиғи қайнары болып саналады екен. Дүниежүзінде жыл сайын 100 мыңдаған адамда тоқ ішек қатерлі ісігі анықталатын болса, АҚШ-та жасалған соңғы зерттеулер мейізде тоқ ішектердің саулығына пайдалы заттар бар екені анықталыпты.
Жалпы жүзімнің пайдалы қасиеттері ежелгі Мысырда белгілі болған екен. Содан бері жүзім тек қана дәмділігімен ғана емес, емдік қасиетімен де әлемге танылған. Әсіресе жүзімнің көптеген дертке дауа екеніне күмән келтіре алмаймыз. Қазіргі медицинада түрлі фармацевтикалық компаниялар жүзімді дәрі-дәрмек өндіруде қолданады екен. Әсіресе жүзімнің сүйегі мен қабығы жоғары бағаланады. Ұсақталған жүзім қабығы мен сүйегінен жүрекке арналған ұнтақ және көптеген сергітетін дәрі-дәрмектер дайындалады. Күндік мәзірге мейіз қосу арқылы ағзаның қажеттілігін қамтамасыз етіп, аурудың көптеген түрлерінен сақтана аламыз.
«ЖЖ» ақпарат