Бәсі биік білім ордасы
Заман дамыған сайын адамзаттың ой-өрісі мен ойлау қабілеті, көзқарасы да ілгерілейді. Адам ғылым, білімге терең бойлаған сайын бір-біріне деген бәсекелестік қалыптасады. Біліммен, жаңашыл идеямен біреу біреуден басым түсіп, ал осындай тыңнан түрен салатын жаңа идеяны туғызатын ерекше қабілетті тұлғалардың көптігімен мемлекеттер арасында бәсекелестік туады. Өзгемен иық тіресіп, басқалар бағындырған белесті алу үшін де олар секілді болу азырақ, тіпті сол бәсекелесіңнен озық болуың керек. Бүгінгінің талабы сол, көпті білекпен емес, біліммен жығасың. Көп білген сайын қадірің артады, көзің ашылады, қоғамға пайдалы боласың. Білім жиған сайын адами болмыс та биіктеп, рухани кемелдене түсесің. Елдегі білім саласының мақсаты да осы – бүгінгі ұрпақтан білімді, бәсекеге қабілетті, қоғамға пайдасын тигізетін азамат қалыптастыру. Жастардың елде, шет елдерде білім алуына жағдай жасалуының, жастар саясатының дамуына қолдау мен көмектің жалғасып келе жатқанының да себебі осы. Жастар болашақты жасайтын бүгініміз демекші, бүгінгі буынның білімді болмағы мемлекеттің Мәңгілік Елге айналуының негізгі қазығы деуге болады.
Біздің аудан осы салаға келгенде көптен көш ілгері. Жыл сайынғы білім саласының нәтижесіне қарап-ақ осы сөзімізге дәлел болатын жүйелі жұмыстар мен жетістіктерді көре аламыз. Аудандағы аталған саланың дамуына үлес қосып келе жатқан білім ошақтарының қатарындағы М.Байділдаев атындағы №232 орта мектепті ерекше атап өте аламыз. Ауыл мектебінен жыл сайын түлеп ұшатын мектеп бітірушілер өз білімдерін дәлелдеп, ұстаз бен ата-ана үмітін ақтап келеді. Олардың жетістіктері аудан мерейін асыруда. Әңгімені мектептің тарихынан бастайық.
Қазіргі М.Байділдаев атындағы №232 орта мектептің осынау ғұмырнамасында өсу мен өрлеу жолдары, кезең-кезең замана іздері мен белестері бар. Алғаш рет 1929 жылы төтенше оқу мектебі ретінде ұйымдастырып, балаларға дәріс берген Төлеген Дәуітбаев болатын. Тарих беттеріне үңілсек, ол кісі «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері, Қаз ССР Жоғарғы советінің “Құрмет” грамотасымен төрт рет марапатталған. Сол тұста ауыл балаларының сауат ашып, білім алуы жолында елеулі еңбек еткен Төлеген Дәуітбаевтың атымен ауылдағы бір көше аталыпты. Еңбек ауылында алғашқы мектеп, комсомол мүшелерінің бастауымен 1930 жылы қолға алынып, сол жылы қыркүйек айында пайдалануға берілген. Кейіннен «Қызыл Октябрь», «Ынтымақ» колхоздарының ортасынан оқушылардың көбеюіне байланысты бүкіл колхозшылардың күшімен жеті сыныпты 7 жылдық мектеп құрылысы салынып, сол жылы қыркүйек айында пайдалануға берілді. 1972 жылы Қазақстан Ленин Комсомолы атындағы кеңшар орталығы Аққошқарға көшуіне байланысты кеңшар орталығынан №232 орта мектептің іргетасы қаланып, сол жылы сегіз жылдық мектеп ашылды. Сол кезеңдерде білім ошағына Кенжебай Қайнарбаев басшылық еткенде оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, саналы тәрбие, сапалы білім беру мақсатында кабинеттік жүйеде оқытуды қалыптастырды. Білікті де білімді, ұйымдастырушылық қабілетмен өзгеден ерек тұрған көптеген тұлғалар жұмыс жасаған, білім алған мектептің бүгінгі тынысы да жылдан-жылға жақсарып келеді.
Мектеп базасы да жаңарған, заманауи құрал-жабдықтармен толыққан. Қазіргі кезде мектепте 62 мұғалім, 27 техникалық қызметкер жұмыс атқарады. Мектеп директоры Шынар Ақшонтаева, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айсұлу Ерболатова, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Талап Сүлейменов, мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Марат Сариев сынды басшылық құрам оқушылардың мектеп бағдарламасымен қатар, пәндік олимпиада, ғылыми байқауларда да топ жарып, жетістікке жетуіне күш салып келеді.
– Бүгінгі заман – басқалардан білекпен емес, біліммен озатын заман. Бұрынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң ғана еңбегіңнің жемісін көре аласың. Шүкір, біздің мектеп білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша балаларды ынталандыруға, әрбір сабағын жаңаша, қызықты идеямен өткізуге талпынады. Өйткені оқушыны жалықтырып алмауды ойлайды. Түрлі білім додаларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар бар. Олар жетістікке жеткен сайын мектебіміздің мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі, – деген мектеп директоры Шынар Ақшонтаева білім ошағындағы кабинеттер жаңартылып, жөндеу жұмыстары жасалғанын да айта кетті.
Расымен, біз білім ошағына табан тірегенде мұндағы сыныптардың жаңа кейіпке енгенін байқадық. Мектеп ғимаратының бірінші қабатында Ешмұрат Бисенбаев атындағы мұражай да ашылыпты. Осы кісінің баласы Жұмабек пен немересі Бақтиярдың демеушілігімен математика кабинеті күрделі жөндеуден өткен.
Жалпы мектеп ұжымы жаңа нарықтық кезеңнің қиындығын бастан кеше отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі жасұландарын білімді және парасатты етіп тәрбиелеу жолында еңбек етуде. Қазіргі таңда оқушыларды білім нәрімен сусындатуда, жас мамандарға бағыт-бағдар беруде белсенді ұлағатты ұстаздар қатары көп. Бұдан бөлек мектептің оқу-тәрбие процесіне өзіндік үлесін қосқан ұстаздардың еңбегі де елеусіз емес.
Аудан мақтанышына айналған мектептің жас маманы Нариман Сариевтың оқушысы Жасұлан Шектібаев республикалық конкурста марапат төрінен көрінсе, М.Әуезовтың 110 жылдық мерейтойында аудандық айтыскерлер сайысында Тоқсанбай Ақсұлтан бас жүлде, «Әнұраны елімнің жүрегімде» атты хор ұжымының байқауында мектеп жанынан құрылған балалар хор ұжымы І орынды, ҚР мемлекеттік рәміздерін құрметтеу мақсатында «Елтаңба – елдігімнің айшығы» тақырыбындағы шығармалар байқауынан Сәулет Медеуова І орынды иеленген. Сонымен бірге аудандық оқушылар үйінде өткен «Атамекен» туристік-өлкетану экспедициясы қатысушыларының аудандық жиынында «Ұлттық салт-дәстүр» секциясы бойынша А.Тоқсанбай ІІ орынды, «Сөнбес жұлдыздар» секциясы бойынша С.Серікова ІІІ орынды алса, «Табиғат және экология» секциясы бойынша Перизат Нұрланова ІІ орынды иеленіпті. Пәндік олимпиадалардан топ жарған оқушыларда назардан тыс емес. Біз мектептің тыныс-тіршілігімен, мұғалімдердің жұмысымен танысу барысында жеткен жетістіктерінің де аз еместігін байқадық. Осындай ұстаздардың бірі Гүлжаһан Жаңабаева елжандылық рухында оқушыларды тәрбиелеу және білім беру ұйымдары мұражайының оқу-тәрбие жұмыстарындағы рөлін арттыру мақсатында облыстық сырттай байқау конкурсында ІІІ орынды иеленгені үшін облыстық білім жетілдіру институты директорының алғыс хатымен марапатталған. Сонымен бірге қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Урхия Көшербаева ҰБТ сынамасы бойынша қазақ тілі пәнінен шәкірттерінің жоғары көрсеткішке жеткені үшін аудан әкімінің сыйлығына ие болған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Жанар Топаева республикалық Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда «Үздік сабақ» жоспары номинациясы бойынша ІІ орынмен, елдегі білім беру саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін Қазақстан педагогтарының білімін дамыту және қолдау орталығының “Құрмет” грамотасын алған.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Ләззат Омарова да «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік оқытушысы» аудандық байқауында «Үздік» деп танылғаны үшін ІІІ дәрежелі дипломмен, саласында шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге елеулі үлес қосқаны үшін облыс әкімінің алғыс хатымен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі Айда Өржанова саладағы елеулі еңбегі еленіп, аудан әкімінің алғыс хатымен, «Құрмет» грамотасымен марапатталса, тарих пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Г.Жаңабаева аудандық «Үздік сындарлы сабақ» байқауында ІІІ орынды, тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласындағы қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасымен, математика пәнінің І санатты мұғалімі Ләззат Шалқымаева, І санатты мұғалім Күләйхан Әйтімова, саладағы елеулі еңбегі үшін “Құрмет” грамотасымен, мектептің педагог-сарапшысы Әлима Оразымбетова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Гүлнар Молдакешовалар білім саласына елеулі үлес қосқаны үшін алғыс хат, “Құрмет” грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері Гүлнұр Жылқышиева, Гүлжазира Әбишева, Динара Омарова, Зухра Сүндетова, Гүлжан Сахиева, Айжан Ағатаевалар білім сайыстарында нәтижеге жетіп, бірнеше рет құрмет грамоталарын алып, сертификаттарға ие болған. Мектептің І санатты мұғалімі Перуза Ташимова ауыл әйелдерінің облыстық форумында «Үздік білім қызметкері» номинациясын жеңіп алса, педагог-зерттеуші Гүлсім Сәрсенбаева сындарлы оқыту теориясы бойынша әдіс-тәсілдерді, білім беру технологияларын тиімді қолдану арқылы оқушыларға білім беруде шығармашылықпен үздіксіз қызмет жасауда нәтижеге жеткені үшін құрмет грамотасымен, мектеп мұғалімі Райбек Медеуов облыстық білім басқармасының «Ерекше жетістіктері» үшін грамотасымен, Байқоңыр қаласының волейбол Федерация Президентінің Кубогі үшін турнирінде «Үздік ойыншы» грамотасымен марапатталған. Ал Болысбек Медеуов ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің дипломымен, аудан әкімінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатын алған, волейболдан және Президенттік көпсайыстан облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. Мектептің тәлімгері, педагог-зерттеуші Серікбол Алпысов «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар байқауында «Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» номинациясымен марапатталып, ІІ орынды алса, «Үздік тәрбие маманы – 2020» облыстық байқауының аудандық кезеңінде І орын, жалпы орта білім беру ұйымдары тәлімгерлерінің арасында өткен «Үздік тәлімгер – 2020» облыстық байқауы «Креативті тәлімгер» номинациясын, «Мәңгілік Ел ұландары» қашықтықтан ұйымдастырылған облыстық бейнероликтер байқауында ІІ орын иеленген.
Мектеп жетістігі үшін біліктілік пен кәсібилікті ұштастырып, іскер басшы әрі ұйымдастырушы ретінде Шынар Халелқызының есімін ерекше атап өту керек. Ұжымның тындырымды тірлігі мен өлшенбес еңбегінің нәтижесінде соңғы 3 жыл қатарынан «Алтын белгі» иегерлері алтын ұясынан түлеп ұшты.
Биылғы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ тапсыру кезінде жоғары көрсеткіш көрсетуі, үш оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып, тоғыз бітіруші мемлекеттік грант ұтып алуы да тегін емес. «Ақындар творчествосы», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Жамбыл және халық поэзиясы», «Ақын-жыраулар», «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақ ақын-жазушылары шығармаларының антологиясына қатысты оннан аса туындының авторы Мардан Байділдаев атындағы мектептен білім бәйгесінен қай кезде де жүлдемен оралатын мықты жастардың шығуы заңдылық.
Нұржамила Алмасқызы