Талай шәкірт тәлім алған алтын ұя
Өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыру үшін алдымен оны білімді игеруге баулыған абзал. Хан Абылайдың өзі осыдан бірнеше ғасыр бұрын білектінің емес, білімге арқа сүйейтін дәуір жақындағанын айтып кетті. Қазіргі қазақ жастарының да ілімді игеруге деген талпынысы жаман емес. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде апта сайын түрлі сайыстарда топ жарған жастар жайлы жағымды жаңалық естиміз. Мұнан бөлек ҰБТ қорытындысы бойынша облыста бірнеше жыл қатарынан көш бастауымыз ауданда ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбек етіп жатқанын аңғартады. Жалағашта бұл саланың қарыштап дамуында №201 мектеп-лицейі ұжымының да қолтаңбасы бар.
Жалпы білім ошағының жетістігі жайлы жаза берсек, айтылар дүние көп. Мұнда педагогтар оқушыларға тек ілімді игертумен шектелмейді, ұлттық дүниелерімізді, қазақы тәрбиемізді жастардың бойына сіңіруге күш салады. Мәселен, қазіргі таңда тарихымызды, төл өнерімізді жастарға үйретуге бағытталған 11 әлеуметтік жоба жұмыс жасайды. Негізінен бұлардың саны басында алтау болған. Ең алғаш Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесін орта мектептер арасында облыста өздерінің әдістемесіне енгізген де №201 мектеп-лицейі болатын. Қазіргі таңда білім алып жатқан жастардың сабағына қатыссаңыз түрлі жобалар әлден жемісін беріп жатқанын тағы бір аңғарасыз.
Былтыр мектеп қабырғасын 31 түлек бітірген болатын. Оқушылар 100 пайыз ҰБТ-ға қатысып, оның 26-сы ЖОО-ның грантына қол жеткізді. Қалғаны ақылы негізде ЖОО-да оқып жатыр. Қатысушылардың 90 пайызға жуығының грантты жеңіп алуы мұндағы ағартушылардың аянбай еңбек етіп жатқанын білдіреді. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеу қорытыныдысымен мемлекеттік гранттарға көптеп қол жеткізу аталған білім ошағы үшін жаңалық емес. Себебі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға күш салған мұндағы педагогтар өз шәкірттеріне сенеді, олар да әзірге сенім үдесінен шығып жатыр. Биыл да мектеп-лицейді 30-ға жуық түлек бітіреді, олар әдеттегідей 100 пайыз ҰБТ-ға қатысуға талаптанып отыр. Ұстаздардың сөзінше, дайындық шаралары оқу маусымының алғашқы күндерінде-ақ басталып кетті. Ал жемісін алдағы жазда көре жатармыз.
Талғат Құрақбайұлы басшылық ететін мектеп-лицейде қазіргі таңда 1000-ға жуық бала білім алуда. Мұнда жастардың ілімді игеруіне барлық жағдай жасалған. Тіпті физика, математика сияқты бірқатар пәндер тереңдетіліп оқытылады. Қазіргі таңда білім ошағында мұндай 12 сынып жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталған пәндер бойынша республикалық олимпиадаларда осы оқу орнының оқушылары көптеп топ жаруда. Бұл мұндағы ұстаздардың «Қайтсек, өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалыптастырамыз?» деген сауалға тәжірибесімен жауап тапқанын білдіреді.
Облыста 50-ге жуық инновациялық мектеп болса, соның бірі – №201 мектеп-лицейі. Мұнда ақыл-есінің дамуы тежелген оқушыларды ортаға беймідеуге бағытталған арнайы сыныптар да бар. Қазіргі таңда 12 арнайы сыныпта 25 бала білім алады. Білікті мамандардың тәжірибелі жұмысының арқасында олардың 10-ға жуығы ортаға бейімделіп үлгерген. Жалпы білім ошағының оқыту жүйесіне енгізген жаңалықтары тың әрі берер жемісі де мол. 2014 жылдан бастап «Мектеп-лицей» статусын алған білім ордасы әлі талай биік белесті бағындырары сөзсіз.
Ауданда ағарту саласының қарыштап алға басуына біріншіден мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау сеп болып отыр десек қателеспейміз. Мәселен, бір ғана Жалағаш ауданында өңір қазынасының 60 пайыздан астамы білім саласына бағытталады. Мұнан бөлек аудандағы орта мектептердің ғимаратын жаңалау, оқушылардың еш кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасауға да қыруар қаржы қаралады. Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №201 мектеп-лицейінің ғимараты да жастардың ілім игеруіне айтарлықтай кедергі келтірген еді. Былтыр жергілікті әкімдіктің қолдауымен бұл мәселе түбегейлі шешіліп, қыруар қаржыға көне ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Болашағын жастармен байланыстыратын ел ғана келешек үшін осындай қадамға барады. Ал Жалағаштағы ел ағалары бұл бағытта жастардың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін қолдан келген көмегін аянып қалмайды. Жергілікті билік тарапынан қолдау бар, тәжірибелі ұстаздар тарапынан қажетті білім де берілуде. Ал жемісін нәтижелі жұмыс көрсетеді.
Кенжетай Қайрақбаев