ҚАЙРАТКЕР АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП
Ықылым заманнан келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бар. Дана халықтың бұл сөзі бүгінгі заманның ұранына айналды десек те артық айтпаймыз. Өйткені, бұл – білекке емес, білімге сенетін заман.
Ал бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Себебі қай заманды алып қарасақ та қоғамның қозғаушы күші – жастар. Тұңғыш Президенттің Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, кез келген мемлекеттік маңызы бар стратегиялары мен мақалаларында, сөздерінде өскелең ұрпақты тілге тиек етуі – осының айқын дәлелі. Расында, мемлекет жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндік жасауда. Білім жүйесінде де гранттардың саны артып, шетелде білім алуына мол мүмкіндік бар. Көптеген жастар ұйымдары мен құрылымдары қызмет жасайды. Заманауи білім беру жүйесі қалыптасып, зияткерлік мектептер, Елордада халықаралық университет ашылды. Жыл сайын мыңдаған студент әлемнің үздік университеттеріне оқуға кетіп жатыр. Осының барлығы жастардың жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.
Бұл жөнінде Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да айрықша көрсетіп берді. Тарқатып айтсақ, «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деген болатын. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, жаңа әлемнің сандық технологияларын жетік меңгерген, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру. Мемлекет басшысы әу бастан-ақ білімге айрықша назар аударды. Өйткені білім – сауатты болудың іргетасы ғана емес, кемелденіп, келешекке нық қадам басқан әлемнің алпауыт елдерімен терезе теңестірудің күретамыры, алтын көпірі.
Шүкір, біздің аудан білім саласында көш басында. Бірнеше жылдан бері жыл қорытындысымен облыста үздіктер қатарынан көрініп келеді. Аудан мерейінің асып, абыройының асқақтауында осы сала қызметкерлерінің еңбегі зор. Жыл сайын білікті де білімді, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырып, талай шәкіртті ұядан ұшырып отырған, жұмысы жүйелі мектептердің бірі – Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп. Бұл мектеп туралы айтарда Шекер апамыздың еселі еңбегіне тоқталып өтпеу мүмкін емес.
Өзінің еңбек жолын өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Қызылорда округтік қосшылар одағынан бастаған Шекер апай кейін кеңес-партия және ауыл шаруашылығы мектептерін тәмамдап, жаңа өкіметтің қызметіне қызу араласады. Сол бойда алдымен Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар комитетінің әйелдер бөлімін басқарады. Осы тұста ол отбасы және әйелдер құқығын қорғау, жаппай сауатын ашып, жауапты қызметтерге тағайындау, білім және мәдени ошақтарды тұрғызу секілді жұмыстардың алдыңғы қатарында жүреді. Ел арасында қызметке деген белсенділігінің арқасында көп ұзамай Қазалы аудандық атқару комитетінің председателі, одан кейін Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып сайланады. Озық ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті көптің көңілінен шығып, 1938 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне табаны күректей 27 жыл депутат болса, 17 жыл бойына Республика Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болып сайланған. Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де, білімсіздің күні қараң екенін түсінген Шекер Ермағанбетова қиындықты еңсеріп, саналы ғұмырын білім саласына да арнады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміздің есімі берілген аудан орталығындағы №246 орта мектепте осы кісінінің атында музей жұмыс жасап тұр. Мұнда қайраткер туралы қалам тербеген журналистердің еңбектері, бірнеше жеке құжаты мен тұтынған заттары орналасқан.
Мектептің іргесі 1975 жылы қаланған. Алғашқы оқу жылында 12 мұғалім ұстаздық етіп, 18 оқушы білім алған екен. Жаңа ұжымды Рсалды Ақмолдаева басқарған. Ең алғаш еңбек еткен ұстаздардың қатарында Абылай Мырзалиев, Аманғали Монтин, Айтбай Жетібаев, Мәлике Әбденова, Қымбат Кәрібаева, Қатша Әбдікәрімова, Дина Мейірманова, Бәйтәй Бисенбаев, Клара Қосынова, Роза Ағарбаева, Ұлжан Жүсіпова, Сәбит Романқұлов сынды білікті мамандар болды. Мектеп тарихында әр жылдары басшылық қызметте болған Рсалды Ақмолдаева, Ғалия Нүркенова, Роза Исахметова, Оспан Есенәлиев, Райхан Әзбергенова, Клара Ілиясова, Жұмакүл Маншарипова, Гүлзат Құрманбаевалардың да қайраткер атындағы білім ошағының өз атына лайық болуында, заманның бейімделген тұлғаларын қалыптастыруда, ауданның білім саласының дамуы жолында сіңірген еңбектері орасан. Абырой биігінен түспеген алтын ұяны қазіргі таңда Айнұр Айбосынова басқарады. Аудандағы талай шәкірттердің талабын ұштаған шежірелі мектеп ұжымы әлі де жаңашылдығымен, жемісті жұмысымен, игі істерімен танылуда. Мектепте бүгінде 70 мұғалімнен 427 шәкірт білім алуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған 25 оқу кабинеті, 1 мәжіліс залы, 1 спорт залы, 1 кітапхана, 1 асхана, 1 мультимедиа кабинеті, 1 информатика, 5 интерактивті кабинет және 3 шеберхана жұмыс жасайды.
Бұдан бөлек оқушылардың таным-түйсігін дамытуға, цифрлық білім беру мен робототехиканың қыр-сырын меңгертуге бағытталған үйірме жұмыс жасайды. Жаңа технологияны білуге құмартқан 30 оқушы кесте бойынша робот құрастыруды үйреніп жүр. Информатика пәнінің мұғалімі Жайдарбек Баймаханов осы үйірмеге жетекшілік етеді. Балалардың жетістігі де жоқ емес. Биылғы оқу жылында «SHABYT ART» студиясына жастарды үйірмеге тарту мақсатында «Талантыңмен таныл» атты өнер фестивалі ұйымдастырылған. Байқау барысында «Робототехника» жанры бойынша үздік өнер көрсеткен осы үйірменің қатысушылары – Жақсылық Данияр, Мұсахан Бахтияр, Мнаж Эльдар арнайы дипломмен марапатталған. Бұл, әрине, мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің, оқушылардың қабілетінің жемісі деуге болады. Талай таланттың талабын шыңдаған білім ордасының алар асуы, шығар биігі, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймыз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ