» » ЖАС ӨМІР ШЫЛЫМҒА ШЫРМАЛСА...

ЖАС ӨМІР ШЫЛЫМҒА ШЫРМАЛСА...

Бұрындары балалар көшеде ерніне шылым қыстырып, аузы-мұрнынан түтін будақтап бара жатқан ересек адамдарға таңырқап қарайтын. Жай ғана таңырқап қоймайды, қызығады, еліктегісі келеді. Темекі тартуды есейгендіктің белгісі санайды. Әрине, тәрбиеші, ата-ана ретінде оларға темекінің денсаулыққа зияндылығын, оның құрамында адам ағзасын улайтын қатерлі қоспалардың бар екенін түсіндіресің. Алайда баланың аты – бала, сенің кеңесіңді бәрібір оның қызығушылығы басып кетеді. Өйткені, темекінің бір сәттік ләззатын сезіне алмаса да, түтінді құшырлана тартып, аузы-мұрнынан бұрқыратып шығару бала үшін қызық. Бала кезіндегі сол қызығушылық талай адамды шылымқор қылды. Әке-шешесінен, мұғалімдерінен тасада тығылып тұрып темекі тартқан оқушы балалар өсе келе шылым құрамындағы шайырға тәуелді болады. Тіпті соңында соның құрбанына айналады.

Темекінің бір талының бойындағы зиянды зат­тардың өкпеге, жүрекке, миға, тыныс алу жолдарына орасан зор қаупі бар екенін ескерсек, күніне екі қорап шылым шегетіндердің ішкі ағзаларының қандай күйде тұрғанын елестетудің өзі қорқынышты.

Жә, сонымен шылым шегудің адам денсаулығына өте қауіпті екенін қоғам болып айтып келеміз. Тіпті соңғы кездері арнайы сауда белгісімен өндірілетін те­мекі қораптарының сыртына да суретті және жаз­баша түрде үрейлі ескертулер көрсетілетін болды. Әйтсе де, одан шылым шегушілер саны азаяр емес. Керісінше, мұрынын жегі жегендердің көбеюінен дүкендердегі ең өтімді тауар темекі болып тұр қазір.

Ересектердің шылымға әуестігі түсінікті. Көбі әскерде жүріп қызығушылықпен немесе ермек үшін бастап, ақырында тәуелді болып қалған. Енді біреу­ле­рі күнделікті тұрмыс-тіршіліктің тауқыметінен пай­да болған ми жүктемесін азайтамыз, жүйкемізді ты­нық­тырамыз деп өздерін алдарқатады. Қазір үл­кен қалаларда жоғары білім алып жатқан сту­дент жастардың көбі мейрамханалар мен түрлі ойын-сауық орталықтарына барып, топталып ка­льян шегуді әдетке айналдырған. Солардың қата­рынан өзіміздің қаракөз қыздарымызды да көп кездестіруге болады. Орталарындағы арнайы құ­рыл­ғыдан түтікше сорғылар арқылы ішіне түтін тар­тып, елітіп отырған олардың жүздерінен сол сәт уайым-мұңның табын байқамайсың, бәрі көңілді, "бақытты". Кальянға көбіне жастар әуес. Өйткені онда хошиісті ерекше дәм бар. Сондықтан жастар санасында оның денсаулыққа зәредей зияны жоқ деген түсінік қалыптасқан. Алайда, бұл көпшілікке арналған темекінің жер жарған жарнамасы ғана. Ал мамандардың айтуынша, кальян тартудың зияны дәс­түрлі темекіден бірнеше есе көп және зардабы да өте ауыр. Ондағы көміртегі мен шайыр темекі құра­мын­дағы никотиннен асып түседі. Ендеше, бүгінгі жас­тар топталып кальян тартудың түбі тәуелділіктен бұ­рын, жаңа басталған жауқазын өмірді қиып түсі­ретінін білуі тиіс.

Жыл өткен сайын шылымның түрі көбейіп ке­ле­ді. Тіпті соңғы уақытта мектеп оқушыларының кө­ше­де ашықтан ашық электронды темекі тартып жүргені қоғамда қызу талқыланып жатыр. Расында қалалық жерлерде бұрыш-бұрышта топтанып алып, өз тілдерінде "одноразка", "вейп" деп атап кет­кен темекіні шегіп тұратын оқушылардың қа­ра­сы көбейгені әлеуметтік желіде жиі айтылып жүр. Тіпті темекінің бұл түрі оқушылар арасында сән­ге айналып бара жатқанға ұқсайды. Аты айтып тұр­ғандай, топ балаға бір рет қана қолдануға ар­нал­ған. Хош иісті һәм тартқанда түтін емес, бу шығатын болған соң оқушылар оны сыртта емес, мек­теп­тің ішіндегі қуыс-қолтықтарда да шеге беретін кө­рі­неді. Ең қорқыныштысы, электронды темекі ин­тер­нет, әлеуметтік желілер арқылы ашықтан ашық жар­намаланып, сатылып жатқан көрінеді. Сыртқы формасы да көз тартатындай әсем безендірілген. Тіпті бір қараған адамға соншалықты қауіпті кө­рін­бейді, керісінше, өзіне тартып тұрады. Өнімді шы­ға­рушылардың ондағы мақсаты – аталған тауардың на­рықтағы саудасын қыздыру. Қазір оқушылар ара­­сында электронды темекінің құтысын бір-біріне сый­ға тартатын үрдіс қалыптасыпты. Бір қызығы, те­мекінің бұл түрін пайдалану үшін дүкендерде тұты­ну­шылардың жасына шектеу қойылмай, саудалана беретіні.

Электронды темекі тартқан балалардың ауыз қуысы уланып жатқаны қазір де айтылып жүр. Одан бөлек, құрамында никотині жоқ деп жарнамаланып жүрген бұл шылымның ағзаға әкелер зияны өте қорқынышты. Жүрек қан тамырлары мен өкпе, бауыр, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсері бары анықталған.

Қуат Ахетов

28 қыркүйек 2021 ж. 217 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930