ҚАЙНАҒАН СУ АҒЗАНЫ ТАЗАЛАЙДЫ
Иммунитет көтеру үшін не істеу керек? Үй жағдайында қорғаныс қабілетін қалай қалыпқа келтіруге болады? Бұл – көптің көкейінде жүрген мәселе. Аурудың әсерінен жайсыз күйге түскендердің көбі әдепкіде өздігінше емделді, кейбірі медицина мамандарының көмегіне жүгінді. Барлығын дәрігерлерге ысырып қойып немесе емханаға жүгіргенше, медицина мамандары ұсынған ем-дом түрлерін жасай бергенді жөн көргендер де бар.
Жалпы вирус немесе инфекция ағзаға түскен кезде бірден бойыңызға жайылады. Тынысыңыз тарылып, тамағыңыз жыбырлайды, жөтел қысып, түшкіре бастайсыз. Бір күннен соң қызуыңыз көтеріліп, буындарыңыз, бұлшық етіңіз ауырады. Бүкіл денеңіз қалтырап, бойыңызды әлсіздік билейді. Бұл мазасыздықтың бәрі ағзада өршіп жүрген вирустың әсерінен болып жатыр.
Бұл кезде көпшілігіміз аурумен алысудың орнына бас көтермей жатуды жөн көреміз. Өйткені жүріп-тұруға шамамыз келмейді, жатып демалсақ, күш жинаймыз деп ойлаймыз. Бұл үлкен қателік екен. Өйткені ақ халаттылардың айтуынша, сіз жатқан кезде бойыңызды вирус билейді. Сондықтан уақыт оздырмай вирустың көзін жоюға әрекет жасаңыз. Ол үшін антибиотик қабылдап әуре болмаңыз. Егер денсаулық жағдайыңыз анау айтқандай қауіпті әрі нашарлап кетпесе немесе ауруханаға барудан түбегейлі бас тартқан жан болсаңыз үй жағдайында да дертіңізге дауа табуға мүмкіндік жоқ демейміз. Ғалымдардың өзі зерттеулерінде ағзадағы инфекциядан арылуға қайнаған судың әсері мол екенін айтуда.
Қарапайым қайнаған судың негізгі пайдасы – ағзаны тазалауында жатыр. Су – іш қатуды емдеп, буындардағы және басқа да мүшелердегі артық тұздарды, бүйрек пен бауырдағы тастар мен шлактарды шығарады. Қайнаған су ішуді бастағаннан кейін бірнеше күн өткен соң буындарда, бүйректе ауырсыну, зәрдің түсінің өзгеруі байқалады. Бұл – ағзаңызда оң үдерістердің жүріп жатқандығының белгісі.
Ғалымдардың зерттеулеріне құлақ асатын болсақ, егер денеңіз тітіркеніп, түршіге бастаса, жұтынсаңыз ауырып, жөтел қысса, бойыңды әлсіздік билесе бірден дәрі ішпеңіз. Ине салдырмаңыз. Оның орнына әр 10 минут сайын 1 стақан қайнаған су ішіңіз. Оған қоса үздіксіз тамағыңызды, мұрныңызды шайыңыз. Ол үшін 1 литрлік банкіге қайнаған су құясыз. Суға 1 ас қасық тұз, 1 ас қасық ас содасы мен 4-5 тамшы йод тамызыңыз. Суды жақсылап араластырып, 5 минут сайын тамағыңызды шайыңыз. Осы екі әдіс вирус пен инфекцияны өлтіріп, иммундық жүйеңізді нығайтады екен.
Қайнаған су қаншалықты пайдалы болса, оның соншалықты зиянды жағы да бар екенін ескерген жөн. Зерттеулерге сүйенсек, су қайнаған кезде оның құрамындағы зиянды заттар бумен бірге бөлініп кетеді. Алайда су тым ұзақ қайнаса немесе екінші мәрте қайнатылса, оның химиялық құрамы өзгеріп кетеді, көптеген зиянды заттар тұнып қалады. Олардың қатарына күшән, нитрат, фторид енеді. Әуел баста пайдалы болған минералды заттардың өзі ұзақ қайнау салдарынан көп мөлшерде тұнып, зиянды формаға ауысып кетеді.
Мысалы кальций тұзын алайық. Қалыпты жағдайда бұл пайдалы минерал саналғанымен, көп мөлшерде тұнып қалса, ол бүйректе тас пайда болуына себепкер зиянды зат болып шыға келеді. Сондықтан артық қыламын деп, өз ағзаңызды өзіңіз улап алуыңыз да мүмкін екенін естен шығармаңыз.
Дайындаған Нұр НАУАН