ЖОЛДАУ – ел дамуының берік кепілі
Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында елдегі маңызды салалардың жұмысын жандандыруға, жаңаша идеяларды іске асыру арқылы дамытуға бағытталған басым бағыттарды таразылайды. Ең бастысы Қазақстанның таяу жылдардағы даму жоспары, сатылап орындалатын негізгі міндеттер нақты әрі сапалы түрде құрылуы, оны іске асыруда ешқандай кері әсер ететін олқылықтардың орын алмауы ескеріледі. Жылдағы Жолдауларда қамтылған басым бағыттар уақытында жүзеге асуда және олардың нәтижесі халық игілігіне бағытталады. Мемлекеттік бағдарламалардың әрқайсының өзіндік ерекшелігі болғанымен, сайып келгенде барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Әсіресе саяси құжат жарияланған сайын білім, денсаулық саласына баса мән беріліп келеді.
«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты саяси құжатта назар аударатын тағы бір бөлім бар. Ел Президентінің назарынан тыс қалмаған бұл мәселе расымен біздің қоғамда кездеседі. Қоғамдағы керітартатын кейбір енжарлықты тілге тиек еткен Мемлекет басшысы «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек.
Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек» деді.
Иә, бұл сөздердегі негізгі ой адам санасының төмендігімен астасып жатыр. Ұлы Абай атамыз айтады алтыншы қара сөзінде: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады, білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда? Кедейліктен не залал?
«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» дейді. Мұндағысы әр пенде өзінің сүрмек өмірін біреуге міндет қылудан сақтансын, ақадал асын ақылын пайдаланып тапсын дегені. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады» деген сөзінде қорғасынның салмағындай ауырлық бар. Адам табиғаты дайын асқа аузын тосып, көптің несібесіне ортақтасып бойын үйретсе, жалқаулықтың залалынан да үлкен мәселеге тап болады. Жаратылысынан тірлік қылуға деген ынта-жігерін енжарлыққа жеңдіріп, адами болмыстан ажырай бастайды. Мұндай жағдай жалғаса берсе, еңбек етуге, маңдай термен нан табуға қабілет те жоғалмақ. Заман қиындағаны, нарықтың жоғарылағаны белгілі. Бірақ барлығын заманнан көріп, мемлекетке қол жайып қарап отыра беру кісіге пайда бермейді. Нанталап тірліктің өзін адал ниетпен, жақсы іспен бастаса, несібенің артары анық қой. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтып, табысын арттырғандарға, осындай ниеттегі жандарға қолдау көп. Оны да мемлекет ұсынуда. «Екі қолға бір күрек табылады» демекші, тірлік етемін дегенге мүмкіндік бар. Бастысы ниет, сол ниеттен бастау алған әрекет. Ал әрекет түбі берекет екені бесенеден белгілі.
Дәстүрлі Жолдаудың «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» мәселелері толығымен қамтылған бесінші бөлімінде еңбек нарығындағы соңғы өзгерістерге шолу жасалған. «Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы. Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда. Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз» деген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет деп, бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек екенін де атап өтті.
Сонымен бірге биылғы бала біткен асыға күткен білім күнімен қатар келген дәстүрлі Жолдауда білім, денсаулық салаларына қатысты өзекті мәселелер де сараланды. Мақсат – сол әдеттегіше, саланы дамыту, сол арқылы мақсат-міндеттерді нақтылап, жұмыс сапасын арттыру.
Әрине, саланың дамуына, жастардың сапалы білім алуына қажетті қаражат бөлінуде, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл сайын білім гранттарының саны артып, шетелге оқуға кеткен студенттер қатары өсуде. Елдегі білім беретін орындар мен мектептердің заманауи кейіпке енуіне де күш салды. Цифрлық технологиялармен қамтылып, жаңашылдыққа ұмтылған жастарға жағдай жасалуда. Ең бастысы, елдегі педагог қызметкерлердің табысы артып, тіпті жыл сайын жалақысын өсіру қолға алынды. Ендігі жерде ұстаздар қауымына қойылатын талап – бәсекеге қабілетті, жан-жақты жастарды қалыптастыру, олардың әрбірінің келешекте білікті маманға айналуына жұмыс жасау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру.
Бұл жөнінде Қазақстанның дербес мемлекет атанып, өзінің егемендігінің негізін қалауда өзіндік қолтаңбасын қалдырған, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айрықша көрсетіп берді. Тарқатып айтсақ, «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деген болатын. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, жаңа әлемнің сандық технологияларын жетік меңгерген, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әу бастан-ақ білімге айрықша назар аударған болатын. Өйткені білім – сауатты болудың іргетасы ғана емес, кемелденіп, келешекке нық қадам басқан әлемнің алпауыт елдерімен терезе теңестірудің күретамыры, алтын көпірі. Білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену үрдісі де толастамақ емес. Осының барлығы жастардың жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.
Саяси құжатта басымдық берілген тағы бір мәселе денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру болды. Бұл турасында Мемлекет басшысы «Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды.
Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс» деді.
Бұл салаға басымдық берілуі түсінікті. Өйткені халық саулығы басты орындағы мәселе. Күн тәртібінен түспейді. Әсіресе қазіргі әлемдік пандемияның кезінде саланың барлық тетіктерін іске қосып, мүмкіндіктерді жаңарту керек. Медицина саласына көрсетілетін қолдау мен көмектің нәтижесінде салада біраз жаңалық бар. Цифрлық технологияға ауысқан саланың жұмысы біршама реттелді. Жүйеге түсіп, халықтың саулығына жасалатын қызметтердің тиімділігі артты. Дәрігерлер қауымы да назардан тыс қалмады. Олардың да айлық табыстары артып, жыл сайын өсім алуда.
Салаға көп көңіл бөлінген сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, медициналық көмектің сапасы артты. Ел Президентінің саяси құжатында атап көрсетілген «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» бөліміндегі өзекті мәселелерді дер кезінде қолға алып, іске асыру келесі кезекте тұрған жұмыс. Президент айтпақшы, экономика әлсіремес үшін, пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткеніндей, «Қарапайым заттар экономикасы» секілді тиімді бағдарламаларды іске қосқан жөн. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеп не болмаса елдегі жұмыссыздар санының көбейіп кетуінің алдын алады. Әркім өзінше жұмыс жасап, өз-өзін жұмыспен қамтуды, табысын арттыратын мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды үйренеді.
Жалпы «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын бөлімдерді қамтыған биылғы Жолдаудың маңызы зор, халыққа берері көп. Өйткені елдегі басты салалардағы өзгерістер, Қазақстанның дамуы жолындағы нақты бас жоспарлар, алдағы міндеттер мен мақсаттар нақты айтылды. Әсіресе Ел Президентінің білім саласына ерекше тоқталуында үлкен мән жатыр.
Жалпы Жолдауда мемлекетті өркендету жолындағы барлық жұмыстар, алдағы міндеттер толығымен талданған. Жоспарлар, мақсат-мүдделер нақты аталып, осы бағыттағы жұмыстар көрсетілген. Алда Қазақстанның әлем елдерімен иық тіресіп, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылатынына тағы бір мәрте сенім арттық.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ