«КАЛЬМАР ОЙЫНДАРЫ» – ТАБЫС КӨЗІ немесе ондағы адам шошырлық көрініс
Қазір ұялы телефон екінің біріне қол жетімді. Әсіресе анасының алақанында жүрген кішкентай балақайлар жыламасын деп алдарқату үшін осы бір зияны шаш етектен смартфонды оған ұстата саламыз. Бізге әйтеуір бала тыныш болса болды. Басқа шаруаны ысырып тастаймыз.
Бүгін күнделікті мінетін қоғамдық көлігіме жайғастым. Алдыңғы жақта отырған жас келіншек 4-5 жастағы баласына «Кальмар ойыны» сериалын қосып қойып, өзі жанындағы құрбысымен емін-еркін әңгіме дүкен құрып отыр. Ана бала қантөгіс оқиғадан көз алмай қадалып көріп отыр. Бәтшағардың баласы қимылдамай, тіпті кірпік қақпай қызыққа кіріп кеткен. Ол не түсініп отыр? Ойынның бала жасына қатысы бар ма? Ертең бұл баланың миына, психикасына зиян келіп, ол эмоцияға беріліп, жас жүрегі жараланып, ауырып қалмай ма? Оны бақылап, ол жайлы ойлап отырған анасы жоқ.
Мен осы көрініске қайран қалдым. Неге ата-аналар өз баласының болашақ өміріне алаңдамайды? Мынау қантөгіс сериалдан өмірдің парағын енді ашып жатқан баланың миы, ақыл-ойы, жүйке жүйесі сыр берсе, ертең өз перзентінің өміріне балта шабылмай ма? Онсыз да мейірімге шөліркеген қоғамда жас жеткіншектің жүрегі тасжүрек болса, кімге өкпелейсіз?
Шынында бұл – қоғамды алаңдатарлық шындық. Корейдің осы дорамасының қандай идеологиялық мәні бар? Біреудің қаңсығын біз неге үнемі таңсық қыламыз да жүреміз? Ғаламторды ашып қалсаң, корейдің дорамалары қаптап шығады. Қазір жастардың көпшілігі корей косметикасына, киносына, тіліне, мәдениетіне көп еліктеп жүргенін көру қиын емес. Тіпті олардың киім кию, шаш қою стилі де қаракөздеріміздің жүрегін жаулап алған. Жарайды, кәрістердің кейбір өнегелі сериалдарын көруге ешкім қарсы емес. Алайда мынау «Кальмар ойыны» деген қантөгісті көру қаншалықты пайдалы?
Ойын баланың миын дамытуға өте пайдалы дейді ғалымдар. «Тығылмақ», «Алақай-алақай» сияқты қарапайым ойындар дамып келе жатқан сәбилердің миында миллиондаған байланыс орнатады.Сол себептен кішкентайлар оларды қайта-қайта ойнаудан шаршамайды. Ал баланың әлсіз тұсы ойын екенін пайдаланып, оның миын шаршататын әлгіндей зұлым дүниені көруге балаға жол бермеу керек екенін түсінбейтініміз қиын.
«Кальмар ойыны» сериалы туралы аз-кем дерекке қараңыз. Өзіңіздің де жаныңыз түршігеді. Шыққанына аз уақыт қана болса да желіні жарған оңтүстік кореялық дорама 2021 жылдың 17 қыркүйегінде Netflix стриминг компаниясында шыға бастады. Кейін небәрі 10 күннің ішінде ол 27 қыркүйекте әлемдік рейтингіндегі ең танымал он шоудың рейтингін басып өтті.
Желі қолданушылары сериал ойындарын қайталап, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге таратуда. Бірінші ойын бойынша 200 мың ролик жарияланған. Әлеуметтік желілерде фанаттарының теориялары пайда бола бастады, ал TikTok әлеуметтік желісінде челлендждер саны артуда. Бір айға жетер-жетпес уақытта сериал поп-мәдениеттің шыңына шықты.
Сериал қан, жауыздық пен қорқынышты сахнаға толы. Сериалдың оқиғасы бойынша қиын жағдайға тап болған 456 адам ойынға қатысады. Басты кейіпкерлердің арасында жұмыссыз, қарызға батқан, тұтынушылардың ақшасын ұрлаған қаржыгер, Солтүстік Кореядан келген босқын, ми ісігі бар қарт адам, казинода көп ақша жоғалтқан қарақшы, сау әйел мен мигранттар бар. Әркімнің ойында қалуға өз себептері бар, әркім қай бағытты ұстану керектігін өздері шешуі керек. Сіз алты күн ішінде алты балалар ойынын ойнауыңыз керек. Оның біреуінде жеңесіз, не өлесіз. Алғашында ойынның құны өз өмірі екенін түсінбей келетіндер бар. Бірақ екінші рет олар ойынға қатысуға, ұтылса өлімді сол күйінде қабылдайтынына келіседі. Мысалы, арқанды сүйреу кальмар ойнаумен бірдей, онда бір ойыншы екіншісін әдейі алаңнан итеріп жіберуі керек. Кім сәтсіздікке ұшыраса, ол ұтылады (яғни өледі). Жеңімпаз 45,6 миллиард вон алады, ол – шамамен 40 миллион доллар.
"Кальмар ойынында" ойнатылатын алғашқы ойын – "Red Light Green Light". Бір адам артқа бұрылады, ол көрмей тұрғанда басқа ойыншылар мәреге дейін жетуі керек. Артқа бұрылған бас ойыншы санауды аяқтап, бұрылғанда ойыншылар қатып қалады. Кім қозғалады, сол ойыннан шығады. Екінші ойында қайнатылған балдан немесе қанттан жасалған бәліштерден белгілі бір пішінді сындырмастан кесіп алуы керек. Үшінші ойында ойыншылар 10 адамнан екі топқа бөлінеді. Олар бұл жолы арқан тартысады. Төртінші ойында ойыншылар өзара жұптасады. Әрқайсына 10 кішкене шар беріледі. Оларға өзара ойын ойнау тапсырылады, жеңілген адам барлық шарды қарсыласына беруі керек. Кім толық 20 шарды алады, сол келесі кезеңге өтеді. Бесінші ойында қатысушылар 1-ден 16-ға дейін санды таңдайды. Кейін оларға сол рет бойынша көпірден өтетіні хабарланады. Көпір әйнектерден тұрады, бірі – қалың, енді бірі – жұқа. Ойыншылар секіріп өту керек. Сериал барысында аталған ойынның біздің елдегі танымал ойындардың бірі "Мак" ойынына ұқсайтынын байқайсыз.Соңғы ойын – бас кейіпкерлер Ги Хун мен Сан У бала кездерінде ойнаған "Кальмар ойыны".
Сериал жасаушылар, жеңілген адамдарды атып жатқанын көрсетіп, көрерменге біршама қорқыныш, алаңдату сезімін туғызуға тырысады. Бұдан серияның тағы бір ерекшелігі – екі тараптағы ойыншылардың көгілдір костюмдері мен күзетшілердің қызғылт комбинезондары, үлкен ойын алаңдары, ойыннан кейінгі қанға толы жер мен сыйлық қорап түріндегі өлген адамдардың табыттары.
Бүгінгі таңда дорама әлеуметтік желілерде 13 миллиард қаралым жинады. Тіпті сериалдың фанаттары пайда бола бастаған. Көрермендер суреттермен бөлісіп, теориялар құрып, тіпті дорамадағы ұсынылған кейбір ойындарды қайталайтын көрінеді. Сондай-ақ кейіпкерлердің арт суреттерін сала бастаған. Ең алаңдататыны, Squid Game сияқты өлімге әкелетін сынақтарға негізделген Roblox ойын платформасындағы фанаттар ойындары пайда бола бастады. Оның мотивтеріне негізделген ойындар саны артуда.
Ресей астанасындағы корей дәмханасы келушілерге уеб-сериалдағы кейіпкерлердің іс-әрекетін қайталауды ұсынады. Мәселен, иненің ұшымен печеньедегі бейнені қалған бөлігін бұзбай кесіп алу міндеті жүктеледі. Тапсырманың орындалуын қызғылт киім киген қарақшылар бақылап тұрады. Орындай алмаған қонақтар ащы бұрыш жеуі керек.
Әлемде танымал болғанмен қоғамда жағымсыз пікір тудырған осы бір дораманы біздің ғаламтор тұтынушыларымыз жарыса көріп, тіпті киімі брендке айналып жатқанын естіп, жаға ұстап отырған жайымыз бар.
Әлеуметтік желіде де өздерінің пікірін ашық білдіріп, қатерді қаперге салып жатқан желі қолданушылар бар.
«Шулап кеткен соң көрдім не кино екен деп. 1-2 серияларды көргеннен-ақ ұнамады. Оларды өлтірмей-ақ ойыннан шығара салса болады ғой. Негізі өте қатыгездікке баулитын кино. Соңғы кезде көп байқап жүрмін, көшеде кетіп бара жатсам, топ бала осы ойынды ойнап жатыр. Ұлым мен қызым да солай ойнап қайталап жүр екен. Тыйып тастадым. Шынымен бала көргенін қайталайды. Балалардың санасын улап жатқаны мені қынжылтады» дейді А есімді желі қолданушы.
Қылмысқа толы мына әлемде «Кальмар ойындарын» көрген жасөспірімдеріміз «Үміт еткен көзімнің нұры балам» емес, ұры балаға немесе баскесер жендетке, қанішер қылмыскерге айналып жүрмесін. Өйткені санасы әлі толық жетіліп қалыптаспаған жеткіншектер фильмде көрген оқиғасын қайталауға әрекет жасауы бек мүмкін. Үлкендер, әсіресе ата-аналар тарапынан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Тіпті бұл көрсетіліп, танымалдыққа ие болған фильм туралы баланың әке-шешесі білмеуі де мүмкін. Сондықтан абай болайық. Әсіресе бала санасын улайтын бейәдеп сериалдар мен осындай қанқұйлы дорамалар табыс көзі болғанмен, болашақ ұрпаққа қасірет болып оралуы ғажап емес.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА