САЛА ОЗАТТАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ
Күрішпен кірісін еселеген Сыр өңірі кешегі аптада күзгі науқанды қорытындылады. “Қызылорданың Қостанайы” атанған жалағаштықтар да биыл кезекті науқанда мол табысқа кенелді. Рас, уақытында су тапшылығы дала дарабоздарының жұмысына кері әсерін тигізетіндей көрінді. Бірақ бұл мәселені ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бойдағы жауапкершілік пен табандылықтың арқасында еңсере білді. Осылайша облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен күзгі егін науқаны жұмыстарын қорытындылайтын «Алтын дән – 2021» мерекелік шарасында жалағаштықтар да марапат төрінен көрінді.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қызылорда филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов, сала үздіктері және онлайн форматта 250-ге жуық шаруашылық өкілі қатысты. Аймақ басшысы әлгіндей қиындықтарға қарамастан қырманды астыққа толтырған шаруашылық өкілдеріне алғысын білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ең сенімді валюта – азық-түлік» деген сөзі бар. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы артып келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандарының биылғы вегетация кезінде су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында 500 мың тоннаға жуық Сыр күріші ел қамбасына құйылды. Биылғы маусым-шілде айларындағы ауа райының ыстығына, суармалы судың тапшылығына қарамастан, маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен диқандарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Өздеріңізге барша Сыр жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін! Былтыр өңірде 143,6 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілсе, биылғы 9 айда 118,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 2,4 пайызды құрады. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5 %-ті құрады, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, соңғы жылдары егінді әртараптандыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынып, шаруалар оның жемісін көріп жатыр. Сала мамандары бұл жұмыстардың бір жағынан су тапшылығының алдын алуға оң әсерін тигізетінін айтып отыр. Жалпы егін көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға ұлғайған. Гүлшара Наушақызы жылдан-жылға Сырдария өзенінен түсетін су көлемі азайып жатқанын жоққа шығармады. Алайда аймақтағы топырақтың тұздылығын ескере отырып, күріш егуден де толық бас тартуға болмайтынын жеткізді. Қазір суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға қысқарған. Есесіне әртараптандыру бағытындағы дақылдардың көлемі 9,8 мың гектарға дейін жетіп отыр. Осындай қиыншылықтарға қарамастан Сыр диқандары биыл әр гектардан орташа есеппен 59,8 центнерден өнім алды.
Салтанатты шарада мал шаруашылығы да тұрақты дамып келе жатқаны айтылды. Есепті кезеңде мүйізді ірі қара 8,2, жылқы 14,2, түйе 8,1, уақ мал 6,6%-ке көбейіп, ет өндірісі 2,4, сүт өндірісі 2,3, жұмыртқа өндіру 3,1%-ке артқан. Қазіргі таңда жалпы құны 20,6 млн АҚШ долларын құрайтын өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары 15 мемлекеттің сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Биылдың өзінде аймақтан Германия, Нидерланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1780 тонна балық, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58 237 тонна күріш экспортталған. Саланың қорытынды шарасында аймақ басшысы Сырдария өзенінің жағдайына арнайы тоқталды.
– Барлығыңыздың, әсіресе шаруалардың көкейінде су мәселесі бар екенін жақсы білемін. «Шардара» су қоймасындағы судың аз болуына байланысты, Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су азайып, биылғы 8 қыркүйектен 18 қазанға дейін секундына 30 текше метр су жіберіліп келді. Ал 18 қазаннан бастап су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз Үкіметпен бірге тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыстан 237 жоба енгізілуде. Бүгінде «Қызылорда», «Әйтек» су торабтарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасын салу ісі де басталады, – деді ол.
Мерекелік шарада аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшін сарп еткен азаматтар марапатталды. Олардың қатарында Жалағаш ауданынан «Мәдениет» ШҚ төрағасы Ақділда Қыпшақбаев, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев сынды бірқатар озаттар бар. «Үздік аудан» номинациясына Қармақшы ауданы лайық деп танылса, егін шаруашылығы бойынша Шиелі ауданы, мал шаруашылығы бойынша Жаңақорған, өңдеу саласы бойынша Қазалы ауданы «Озат аудан» атанды.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ