» » “ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА” иесі

“ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА” иесі

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» демей ме дана халқымыз. Әкім болу жұмсақ орынтаққа отырып, тек бұйрық шығарып, өзіңнің қарамағыңдағыларды жұмсау емес, ол – өзіңнен үміт күтіп, хандай көтерген ел-халқыңа адал қызмет етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, халықпен тонның ішкі бауындай араласып, мұң-мұқтажының дер кезінде шешілуіне көмектесу, ауылды көркейту, жаңа өркениетке қадам бастыру үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Елге көшбасшы болу, сол ауыл адамдарының аманатын арқалап, тыныс-тіршілігіне қан жүргізу, елдің еңсесін көтеру үшін күні-түні тынбай ат үстінде жүру. Бұл бағытта еліміздің ұстанып отырған саясаты өте салмақты. Әкімдік қызметке жас кадрларды тарту қоғамдық үрдіске айналды. Бойында жалын, ойында жаңа идея, білім мен білігі толысқан жастар бізде жетерлік. Осындай жас болса да бас болып, өзінің өршіл идеясымен, ерекше қабілетімен әкімдер арасында топ жарып, жүйріктер қатарынан көрініп жүрген жалағаштың тумасы, Ақсу ауылдық округінің әкімі – Қанат Ниетқұлов.

Іскер әкім жуырда ғана тек аудан емес, аймақ халқының мерейін көтеріп тастады. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен ұйымдастырылған «Үздік ауыл әкімі» конкурсының республикалық кезеңіне Қызылорда облысының атынан қатысып, «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын иеленді.

Қазақстанның 100-ден астам ауылдық округ­інің әкімдері қатысқан конкурста оқ бойы озық шығып, тұғырға көтерілу екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ болса керек.

Айта кетейік, «Үздік ауыл әкімі» байқауының мақсаты еліміздегі ауылдық елді мекендердегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, оның ішінде қоғамдық өзін-өзі бас­қару ұйымдарын ынталандыру, жұмыста жо­ға­ры нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді ме­кендерді дамытуға елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу болып табылады.

Бұдан бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен республикада 2-ші рет өткізілген «Үздік ауыл әкімі» конкурсында өзінің оң жұмыстарының нәтижесімен Жалағаш ауданы, Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов конкурста оза шауып, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, ауданымыздың мәртебесін биіктеткен болатын. Осылайша ол республикалық конкурсқа жолдама алған еді. Міне, ол жарыстың да қорытындысы Жалағаш ауданына дүбірлі жеңісімен, ақжолтай қуанышымен жетті. Жерлесіміз өзінің кәсіби біліктілігі мен заманауи шеберлігінің үздік көрсеткішін дәлелдеп, респуб­ликалық байқауда жеңімпаздар қатарынан табыл­ды. «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясына ие болған жас әкім Қ.Ниетқұловтың бүгінде 45 жылдан астам тарихы бар аудан іргесіндегі Ақсу ауылдық округінің тізгінін ұстағанына көп болмаса да, алақандай ауылдың абыройын асырып, даңқын республикаға таныту іскер, патриот, өз ісіне тия­нақты, жұмысынан шашау шығармайтын, нағыз мем­лекеттің іргесін бекітетін бейнені айшықтайды. Тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденуі үшін, ауылдар­дың әлеуметтік жағдайы жақсаруы үшін өзін уақыт ырғағымен әркез қамшылап отыратын осындай білікті мамандар біздің жас мемлекетке ауадай қажет. Себебі ауылдар өркендесе, тұтас ел көр­ке­йеді. Ауыл – елдің күретамыры, тірегі, алтын бесігі.

Бүгінде «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жүйелі сөздің қадір-қасиетін аудан орталығының іргесіне жақын орналасқан осы шағын Ақсу ауылынан көруге болады. Үш жүзден астам отбасы түтін түтетіп отырған халықтың бұл күнде кәсібі де, мәдениеті де, білімі де, ауыл шаруашылығы да, тұтас ауылдың экономикасы өрге басқан.

Мұнда 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 18 шаруа қожалық, 72 жеке кәсіпкер бар. Әлеуметтік нысандарға келер болсақ, ауылдық клуб, дәрі­герлік амбулаториялық емхана, кітапхана, пошта бөлімшесі, аймақтық полиция тірек пункті де халық қажетін өтеп тұр. Бірлігі бекем ауылда 3307 гектар егін алқабы бар. Заманында қойманы астыққа толтырып, күріштен тау тұрғызған еңбек ерлерінің ізін де кейінгі буын жалғап келеді. 2 769 гектар жайылымдық жері бар бұл елді мекенде мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Қазіргі таңда ауылда 2 335 бас ірі қара, 2 546 бас уақ мал, 1 353 бас жылқы, жүзден астам түйе бар.

«Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде, «Өңірлерді эконо­ми­калық дамытуға жәрдемдесу» бағдар­ламасы бойынша Ақсу елді мекенінде көшелердегі арық­тарды шарбақпен қоршау жұмыстары бойынша және елді мекенде абаттандыру жұмыстарына да тиісті қаржы қаралып, мақсатты игерілген. Мұн­таз­дай таза көшелер, аулалар ауылдың қайта жаң­ғырғанынан хабар береді.
Кәсіпкерлік саласы ілгерілегенінің көріні­сі, елді мекенде 95 кәсіпорын жұмыс жа­сап тұр. Жергілікті халық мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар­ды тиімді пайдаланып, іс бастауға бейім­дел­ген. Жыл басынан бері мемлекеттік және өңір­лік бағдарламалар аясында шағын және ор­та кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көп­те­ген кәсіпкерлер несие рәсімдеп, өз жұмысын жан­­­­дандыруда. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 1 жоба 2,8 млн теңгеге қар­жыландырылса, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 3 жоба 21 млн теңгемен қар­жылай қолдау тапты. Ал «Ауыл» несие» ЖШС арқылы мал және егін шаруашылығы бағытында 1 жоба авторы 7,2 млн теңгеге ие болды.

Ауылдық округте орналасқан мекемелер, кәсіп­керлер, шаруашылықтар көпбалалы аналар, батыр аналар, тыл ардагерлеріне түрлі мерекелерде сый-сыяпат жасауды дәстүрге айналдырған. «Nur­ Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жо­ба­сы аясында Ақсу ауылындағы «Асыл әжелер» ан­самблі «Ақбостай» фермер қожалығының төр­ағасы Абай Боранқұловтың, «Сәрке батыр» ЖШС ди­ректоры Қанат Демесіновтің демеу­шілігімен ауыл ардагерлері киелі Түркістан жеріне саяхаттап қайтты.

Білім, мәдениет саласы оң өзгерістерге бет бұр­ған. Ауыл мектебіндегі 2 оқушы «Үздік», 1 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

1976 жылы бой көтерген ауылдық клубта мәдени, рухани шаралар ұдайы ұйымдастырылуда. Ауылдық клубта ән, би, көркемсөз үйірмесі мен «Асыл әжелер» ансамблі жұмыс жасайды. Мұндағы үйірмелерге 50 адам тартылған. Қазірге дейін үйірме мүшелерінің жеткен жетістігін айтар болсақ, тарқатар дүние көп. Мәселен, олар бүгінге дейін 10 облыстық және аудандық деңгейдегі байқауға қатысып, оның 8-інен жүлдемен оралған.

Жалпы үздік ауылда ауыз толтырып айтатын же­тістіктер көп. Сол жарқын істерді жасампаз жо­баларды жүзеге асыруда істің көзін тапқан үз­дік ауыл әкімінің қолтаңбасы бар. Елдің бірлігін бе­кем­деп, ауызбіршілігін нығайтып, халықтың мұң-мұқ­­тажын түгендеп, ауылдастарын адал еңбекке жігерлендіріп отырған жаңалықтың жаршысындай белсенді ауыл әкімі Қанат Ниетқұловтың жұмысына толағай табыс тілейміз. Өрлей бер, өркенді ауыл – Ақсу!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


26 қазан 2021 ж. 913 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930