ЖАҢА КОДЕКСТЕ ЖАҢАША ТАЛАП КӨЗДЕЛГЕН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады», – дей келе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын. Осыған орай, жуырда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, олардың қатынастарын реттейді.
Әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің азаматтық процестік кодекстен айырмашылығы ретінде соттың белсенді рөлін айтуға болады. Осы кодекстің 16-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Кодекстегі маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерін, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Кодексте, қазіргі уақытта қолданылып жүрген «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңға қарағанда, өтінішті мемлекеттік органға келіп түскен сәттен бастап өтініш берушіге жауап жолдағанға дейінгі оны қарау процесінің барлық кезеңдері, сондай-ақ шағым жасаудың бүкіл рәсімі неғұрлым нақты регламенттелген.
Айта кеткен жөн, мұндағы жаңашылдықтардың бірі – енді өтініш берушінің оның өтінішін қараудың әрбір кезеңіне, оның ішінде түпкілікті шешім қабылдауға қатысуға құқығы бар. Демек, хабарламаларды, ұсыныстарды, пікірлерді және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
Қорыта айтқанда, «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңға қарағанда, жаңа кодексте дауларды әкімшілік әділет тәртібімен шешу реттеледі, яғни өтініштерді әкімшілік органның немесе лауазымды тұлғаның ғана қарау және жоғары тұрған әкімшілік органдарға шағымдану рәсімі ғана емес, сондай-ақ шағымдарды мемлекеттік соттардың кейіннен қарауы (әкімшілік сот ісін жүргізу) көзделген. Демек, әкімшілік әділетті енгізу құқықтық мемлекетті дамытуда маңызды қадам болуға және Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруі тиіс.
Асылхан МИЗАНБАЕВ,
Жалағаш аудандық
сотының төрағасы