» » Балалар өлкесінің бағалы туындысы

Балалар өлкесінің бағалы туындысы

Кешегі дүбірлеп өткен балалар әдебиетінің ұлы көшінің дара тұлға ақындары Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсыновалардың қаламдарынан туған үздік дүниелер баланың қиялын шыңдап, өзіне баурап алатын. Жасымыз егде тартқанмен, сол кісілер жазған мектепте жаттаған тақпақтарымыз, жұмбақ жаңылтпаштарымыз әлі санада сақталып, зердеде зерленіп тұр. Мұның бәрі құдіретті қаламның күшімен, шалқар шабыттың әсерінен туған ғажап дүниелер болатын.

Бала жанын тереңнен түсіне білген ақынның бірі Әнуарбек Дүйсенбиев еді. Ол кісі балаға сұрақ қоя отырып, ой салатын. Жарасхан Әбдірашев ағамыздың «Алфавит сыры» өлеңін жатқа соқпайтын бала жоқ болатын.

Ал қазір балалардың мөлдір әлеміне бойлап, жүрегіне жол табатын көркем әдебиеттің ең нәрлі бұлағындай өлең өлкесіне қалам тартатын ақындар қатары сиреді. Бала әлемі кіршіксіз тазалық пен көркемдікті, тілі жеңіл, ойға қонымды, жүрекке жақын әсершіл дүниені қалайды.
Міне, бүгін қолымызға тиіп отырған белгілі ақын, танымал журналист жерлесіміз Қуат Адистің Жалағаш ауданы әкімінің қолдауымен «Ақмешіт Баспа үйінен» шыққан «Дәрумендер дауасы» атты жаңа кітабы балаларға ерекше базарлық екенін көріп, сүйсініп отырмыз.

Балақайларға тәлім тәрбиенің өзегі болар­лықтай әр өлеңнің астарында ұлттық нақыш, қазақы болмыс, рухани иірім жатыр. Өлеңнің ішкі қуаты ересектерге де ой салатын ұлықты кеңеске толы. Балаға әсерлі болу үшін әр өлеңнің мазмұнын ашатын түрлі түсті суреттер балғын оқырманды өзіне баурап алып, өлеңнің мәнін ұғынуға итермелейді. Жас ұрпақтың бойына патриоттық, отбасылық, мәдени, эстетикалық, этикалық тәрбие сіңіруге таптырмас нәзік иірімді өлең шумақтарының тілі жеңіл, жаттап алуға оңай. Зердені шынықтыруға, ой-сананы жаңартуға баулитын жаңылтпаштар мен жұм­бақтар бала­ларға өзгеше әсер сыйлайды.

Өн бойынан қазақы нақыштың өрнегі ше­бер көрініс тапқан кітапта 114 өлең бар. Олар­­дың тақырыптары сан алуан. Отбасы құндылықтары, шаңырақ шаттығы, жылдың мез­гілдері, табиғаттың тамашалары, әйтеуір ойын баласының жанына жақын дүниелеріне тіл бітіріп, бала қиялын қанаттандыруға жол аша­тын парасатты дүние екені көрініп тұр. Ең бас­тысы бала жүрегіне жол тапса, сол үлкен баға.
Тіпті қазіргі қоғамдағы балаға зиян әрекет­терді жеңіл кеңеспен берген «Сәпен мен план­шет» өлеңі де көңілге қонымды. Түсінікті болу үшін бір-екі жолын ұсынсақ.
«Гүлденуде даламыз,
Түрленуде қаламыз.
Өркениетке лайық,
Білім алсын баламыз» –

Деп әкесі Сәпенді,
Қолдап жүрер әрдайым.
Бір планшет әперді,
Ойлап сабақ жағдайын.

Сабақ қалды жайында,
Кітаптары тұр налып.
Шым-шытырық ойынға,
Қалды лезде шырмалып.

Ал бұл кіріп қуысқа,
Бірде отырар бұрышта.
Бірде үстелдің астында,
Осынысы дұрыс па?
Міне, қазіргі зиян әрекеттерді жыр пәрменімен тезге салуда таптырмас кеңес.
Ал кітаптың атының «Дәрумендер дауасы» деп аталуында үлкен мән бар секілді. Оның сыры өлеңде.
Болу үшін зерек,
Болу үшін ерек,
Денсаулықты дәйім,
Күтіп жүру керек.

Жазда ауылға келіп,
Бау-бақшадан теріп,
Алма жесең болар,
Тісің түгел берік.

Көкөніс бұл ғажап,
Атын айтар өзі-ақ.
Қызылшаға құмар,
Оқушылар озат.

Балалар ақынының бойындағы сөз ойна­тып, оқушысын ойландырып, олардың қиялын ұш­қыр етуге жол ашатын идея Қуаттың бүкіл өлеңін­де бар. Бастысы, бала болып ой­лай алу, қарапайымдылық бала талғамына сай өлең тудыру оңай емес. Оған жылы жүрек, нә­зік иірім, терең тебіреніс, ерекше шеберлік керек.

Бұған дейін де шығармашылық дүние­лері­мен елге етене таныс Қуат Адистің балаларға арналған «Қоңырбек пен Содырбек», «Кемпір­қосақ» атты туындылары жарық көрген. Мәдениет министрлігінің қолдауымен шыққан «Бәсіре» жинағына, республикалық балалар журналына бір топ өлеңдері енгізілген. Ақын республикалық «Құлыншақ» байқауында бас жүлдені иемденген болатын.

Шынында қазір балалар ақын-жазушысы саусақпен санарлық. Балалар әдебиетіне қа­жет­тілік туындаған шақта орайымен өмірге кел­ген балалар өлкесінің бағалы туындысы «Дә­румендер дауасы» атты жаңа кітаптың оқыр­маны көп, бәсі биік туынды боларына сенімдіміз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА



26 қазан 2021 ж. 833 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930