ЕЛ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТУ – МЕН ҮШІН ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай жер-жерлерде тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Бір ғана Қызылорда облысының өзінде Абай атамыздың мерейтойына арналған 2 мәрте республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасынан халықтың рухани азық алғаны анық. Осындай тағылымды шара Алматы облысында да жалғасын тапты.
Жетісу төрінде бастау алған «Абай жаққан бір сәуле» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасынан №201 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Дидар Өмірзақ жыр додасында бірінші орынды қанжығасына байлады.
Екі кезең бойынша бақ сынаған жас ақындар өз шығармасына ұлы ақынның өнегелі өмір жолы мен артына қалдырған мол мұрасын арқау етті. Жалағаштық Дидар Серікұлы Абай атамыз хақындағы арнауын өзінің көрген түсімен байланыстырған. Орамды ойы мен оқиға желісін үзбей байланыстырған жас ақынның талабын қазылар алқасы жоғары бағалапты.
– Ақындар мүшәйрасында бұған дейін де бақ сынаған болатынмын. Бірақ бұл доданың мен үшін салмағы ауыр болды. Себебі Абай Құнанбаев – тек мен ғана құрметпен қарайтын ақын емес, қазақ халқына ортақ тұлға. Жетекшімнің де, өзімнің де бұл сөз сайысына тыңғылықты дайындалғанымды мүшәйраның қорытындысы мен қазылар алқасының шешімі аңғартып тұр. Осындай үлкен доданың облыстың, оның ішінде өзімнің туған жерім – Жалағаш ауданының мерейін үстем еткенімді мақтан тұтамын. Қазақ қашанда өлеңге, өнерге құрметпен қараған және соған өзі де машықтанған халық қой. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген сөз бар. Расында қазаққа қара сөзден өлең оңай сияқты. Себебі «Әу демейтін қазақ жоқ» деген сөзді де айтқан бабаларымыз. Кешегі сөз сайысында да әр ақын сахнада өлеңін оқып болса, көрермендер қошемет көрсетіп шулап жатыр. Осыдан-ақ біздің қара өлеңге жақын екеніміз байқалып тұр. Алда әлі түрлі сайыстар бар. Жүлделі орындардан көрініп, ел мерейін үстем ету – мен үшін үлкен мәртебе. Өлеңге, өнерге баулыған ақын, сазгер Айкүміс Орынбаева апайыма алғысым шексіз. Кешегі жеңісімді де сол кісінің маған берген тәлімімен байланыстырамын, – дейді Дидар Серікұлы.
Алматы облысында ұйымдастырылған мүшәйраға еліміздің барлық аймағынан 150-ге жуық жас ақын қатысқан болатын. Осынша талапкердің ішінен оқ бойы оза шапқан жерлесіміз бірінші орынды қанжығасына байлап, Жалағаштың мерейін үстем етті. Жетекшісі Сәбира Балбырова Дидардың қара өлеңге қаражаяу емес екенін айтады.
Кейіпкеріміз бұған дейін тек мүшәйрада ғана емес, ақындар айтысында да топ жарған болатын. Осыған дейін Арал ауданында өткен «Ақиқат жырдың арнасы – Аралдың Ниятолласы» атты облыстық жас ақындар айтысында және ақын Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмір жолына арналған аймақтық ақындар айтысында да үздік үштікті түйіндеген болатын. Сондай-ақ Абайдың 175 жылдығына арналған «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты аудандық ақындар мүшәйрасында топ жарды. Мұнан бөлек былтыр ғана ауданның 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған жерді жырға қосам көсіліп» атты мүшәйрада бас бәйгені еншіледі.
Дидар Өмірзақ алда әлі де өтетін жыр додалары барын айтады. Қазіргі таңда сол сайыстарға дайындық үстінде. Жүлдеден жұртының намысын биік қоятын жас таланттың алға қойған мақсаты да жоқ емес. Бұйыртса, алдағы уақытта «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып, жастарды өнерге, өлеңге баулуға ниеттеніп отыр.
Кенжетай Қайрақбаев