ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ОҢ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ
Қазір тұрғындар кәсіппен айналысудың, сол арқылы тұрмыс сапасын арттыруға машықтанған. Әсіресе мемлекет ұсынған оңтайлы бағдарламалардың тиімді тетігін тапқандар әп сәтте-ақ кәсіптерінің көкжиегін кеңейтіп алды. Елдегі кәсіпкерлер санының артып, саланың дамығаны ауданның алға жылжуына да орасан зор әсерін тигізбек. Өйткені әрбір кәсіпкерден түсетін салық аудан қазынасын молайтады. Ал бюджет өсім алса, өңірді дамытуға бағытталатын жүйелі жұмыстар көбірек қолға алынады. Сайып келгенде аудан қазынасына үлес қосатын кәсіпкерлердің жұмысы шираса, Жалағашта атқарылатын сүбелі істер ілгерілейді. Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз көштен қалыс қалмайды. Осы реттегі бірқатар жұмыстардан хабардар болу үшін Жалағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Руслан Байғазиевпен әңгімелесіп, бірнеше сауалымызды жолдаған едік.
– Руслан Жақсылықұлы, биылғы жылдың І жартыжылдығы бойынша бюджетке түсетін қаржының болжамдық мөлшері қаншалықты орындалды?
– Жалпы аудан бойынша 2021 жылдың І жартыжылдығы көлемінде мемлекеттік бюджетке 317 227 мың теңге болжамдалып, 437 390 мың теңге түсім түсті. Яғни болжам 120 163 мың теңгеге артық орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке 226 474 мың теңге болжамдалса, 238 323 мың теңге түсім түсіп, болжам 11 849 мың теңгеге өсім алды. Ал аудандық бюджетке 660 678 мың теңгенің болжамы жасалса, 972 382 мың теңге қаржы түсіп, тиісінше болжам 311 704 мың теңгеге артық болды. Аудан бюджетінің артуына кәсіпкерлік субъектілер санының артуы да едәуір әсер етеді. Мәселен, аудан бойынша бірінші жартыжылдықта 428 заңды тұлға, 1 847 дара кәсіпкерлік субъектісі, 2 сот орындаушы, 4 жеке нотариус, 1 адвокат және 360 шаруа және фермер қожалықтары салық төлеуші ретінде тіркелді.
– Салық базасын ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау бағытындағы атқарылған жұмыстарды айта өтсеңіз...
– Тиісті мерзім көлемінде салық базасын ұлғайту, қосымша бюджетке төленетін кіріс көздерін іздестіру мақсатында камералдық бақылау, салықтық есептіліктерге талдау, салық төлемгерлермен әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, уәкілетті органдар тапсырып отырған мәліметтерге салыстырмалы жұмыстар жүргізілген болатын. Нәтижесінде республикалық бюджетке жалпы қосымша 5 171 мың теңге түсірілсе, ал жергілікті бюджетке қосымша 318 396 мың теңге жинақталды.
Тарқатып айтатын болсақ, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша талдау жұмыстарымен 21 салық төлеушіге хабарлама беріліп, нәтижесінде бюджетке 3 264 мың теңге төленді. Заңды тұлғалардың мүлкіне салынатын салық бойынша камералдық бақылау аясында 2019 жылға «ПККР» ЖШС-ға хабарлама беріліп, нәтижесінде салық төлеушілер тарапынан қосымша салық есептілігі тапсырылып, бюджетке 55 мың теңге төленді. Сондай-ақ 2019-2020 жылдары «Саутс ойл» ЖШС-дан 256 919 мың теңге қосымша салық бюджетке түсірілді.
– Салықтық берешектер бар ма? Бұл ретте қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жыл басынан аудан бойынша салық және бюжетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден салық бересі 0 болса, тиісінше салық берешегі 20 548 мың теңгені құрады. Жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықтан жыл басынан 16 896,5 мың теңге берешек қалыптасса, жартыжылдықта жеке тұлғалардың бересі 18 673,5 мың теңге, салықтық берешек сомасы 20 985,7 мың теңгені құрады. Айта кетейін, жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешектерін өндіру мақсатында 109 тұлғаның салық берешегін мәжбүрлеп өндіру үшін жеке сот орындаушыларға жолданды. Ал жеке тұлғалардың жер және мүлік салықтары бойынша берешек жоқ.
– Өзіңізге белгілі қазір елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы салада аталған дертті дендетпеу үшін нендей жұмыстар жасалуда?
– Иә, бұл дерт дендесе, оған тосқауыл қоя алмасақ, елдің дамуына орасан әсерін тигізері анық. Кемел келешекке деген сенім де жоғалмақ. Сыбайластықпен күресу барлық салада жүргізілуде. Мақсат біреу, міндет ортақ. Осы ретте есепті мерзімде басқарма қызметкерлері және салық төлеушілердің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» іс-шаралар жүргізілсе, салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 16 семинар, сонымен қатар «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты А.Кенжебаевтың, Жалағаш ауданы бойынша МКБ қызметкерлері қатысуымен де аталған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Сондай-ақ 2021 жылдың 12 сәуірінде облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Г.Қарымсақова және жетекші маманы Е.Сматов ауданда болып, қызметкерлерге «Ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуы», «Тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында семинар кеңес өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ең бастысы аталған дерттің алдын алу, онымен күресу жайында баспасөз беттерінде бірнеше рет мақалалар жарияланды.
– Бұдан бөлек атқарылып жатқан қандай жұмыстарды атап өтер едіңіз?
– Иә, алға қойған мақсатқа сәйкес жоспар жасалып, сол бойынша жұмыс жасау үстіндеміз. Екінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет жоспарының орындалуын қамтамасыз ету арқылы түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізу, кәсіпкерлік нысандарын тіркету, салықтандыру, салық берешегін азайту, кіші және орта бизнес субъектілеріне ақпараттық мүмкіндіктерді қолдана отырып, мәліметтерді талдау арқылы, проблемалық зоналарды және құқық бұзушылық көріністерін анықтау, олардан түсетін түсімінің үлес салмағын ұлғайту, салық заңдылықтарын түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізуді ұйымдастыру, баспасөз беттеріне мақалалар жариялау, салық мәдениетін көтеру және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу мақсатында басқарма қызметкерлері арасында ұдайы техникалық оқулар өткізуді нақтыладық. Осы бағыттағы жұмыстарды қолға алдық. Жоспардан шығу, оң нәтижеге жету үшін жауапкершілікпен жұмыс жасауға, барлық тиімді тетіктерді іске қосуға тиіспіз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Н.АЛМАСҚЫЗЫ