» » ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

Биылғы жыл “Сәрке батыр” ЖШС ұжымы үшін табысты болды. Иә, олар әр жылғы егін науқанын еселі еңбектің арқасында осылай қорытындылайды. Кешегі аяқсу мәселесіне қарамастан биыл да әр гектардан 55 центнерден өнім жиды. Аудан іргесіндегі Ақсу ауылына қарасты шаруашылық озаттары күні кеше өткен сабантойда марапат төрінен көрінді.

1340 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен жергілікті шаруашылық төрағасы Қанат Демесінов барлық жетіс­тікті һәм толағай табысты ұжымның жұмысқа деген жауап­кершілігімен байланыстырады. Кешегі сабантойда да мол астықтың артында тұтас бір ұжымның еңбегі жатқанын айтып, әріптестерінің мерейін үстем етті. Тіпті табанды еңбек еткен дала дарабоздарына су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады.

– Биыл біздің ұжым әдеттегідей жылды жақсы нәти­жемен қорытындылап отыр. Мұның бәрі әріптестерімнің ауызбіршілігі мен табандылығының арқасы деп білемін. Осындай оң нәтижеде шаруашылық ұжымының әр қайсының қолтаңбасы бар. Сондықтан олардың еңбегін жоғары баға­лаймын. Жаздың шіліңгір ыстығында атыз жағалап, күріштің күтіміне бар күшін сарп еткен ауыл еңбеккерлері қашанда құрметке лайық. Шаруашылықтың шаруасын ши­ратуға саланың басқа да мамандары сүбелі үлес қосты. Баршаңызды бүгінгі мерекемізбен құттықтаймын. Алдағы жылы да жақсы нәтижелерге жұмыс жасап, қамбамыз ас­тыққа тола берсін, – деді төраға Қ.Демесінов.

Мұнан кейін серіктестік басшысы еңбек озаттарын мара­паттап, 4 дала дарабозына темір тұлпардың кілтін табыс етті. Ал шаруашылық ұжымы мұндай құрмет, еңбектің елен­гені алдағы уақытта үлкен демеу боларын жасырмады. Бұ­ған дейін сапалы һәм мол өнімге қол жеткізуде кейінгі буынға бағдаршам болған 4 сала ардагеріне де құрмет көрсетілді.

Кешегі қорытынды шарада темір тұлпар тақым­даған­дар­дың қатарында Жарбол Рахметбаев та бар. 20 жылға жуық бір шаруашылықта тұрақты еңбек еткен ол бүгінде тұтас бір бригаданың жұмысын ширатып отыр. 11 адамға басшылық ететін еңбек озаты 232 гектар күріштің күтіміне жауапты. Құрамында 7 диқаны бар бригада биыл әр гектардан 60 цент­нерден өнім жиған.

10 жылға жуық уақыттан бері “Сәрке батырда” қажырлы еңбек еткен Байбол Өрікбаевтың да қуанышында шек жоқ. Даңғайыр диқандардың ізбасары биыл 60 гектар күріш егіп, оның әр гектарынан 78 центнерден өнім алды. Міне, бүгін оның қолына тиген темір тұлпардың кілті осы жолда атқарылған еселі еңбектің өтеуі десек те болады.

– Еткен еңбектің басшылық тарапынан еленгені жақсы ғой. Бұл бізге үлкен шабыт береді. Биыл су тапшылығы оңай болған жоқ. Бірақ осындай мәселе бар екен деп қамсыз оты­руға тағы болмайды. Сондықтан біз жауапкершілікті кү­шейттік. Соның бүгін жемісін көріп отырмын деп толық айта аламын. Ала жаздай атыз жағалап атқарған еңбегім бағаланып отыр. Егінші үшін мұнан артық бақыт жоқ. Келер жылы да осындай оң нәтижеге жұмыс жасаймыз. Бастысы ұжым дәл осындай ауызбіршілікпен жұмыс жасай берсе, біз алмайтын қамал жоқ. Қамбамыз астыққа тола берсін, сол бағытта еңбек етуден шаршамайық, – дейді даңғайыр диқандардың ізбасары.

Ала жаздай өнімді баптау бір бөлек, ал оны жауын-шашынға қалдырмай жинап алуда механизаторлардың еңбегі мүлде басқа. Иә, күтімі келісті күрішті жиып алуда майталман механизаторлар болмаса, тұтас бір ұжымның атқарған жұмысы зая болары тағы бар. Мұндай мәселенің алдын алуда білікті кадрларға Қанат Демесінов басшылық ететін шаруашылық кенде емес. Техника тізгіндеген жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп жүрген Жасұлан Бітіков те биыл жүлдеден құр қалмады. Бала кезімізде атыз басынан атшөп орып жүргенде “Енисей” деген шынжыртабанды ком­байн көретінбіз. Бұрынғы бұл техниканың қазіргі ком­байндардан еңбек өнімділігі әлдеқайда аз боларын дала дарабоздары жақсы біледі. Ал жаңағы батырыңыз дәл сондай көне техникамен күзгі науқанда 8 мың центнер астық бастырыпты. Мұндай еңбексүйгіштік басшылық тарапынан еленбесе, қиынның қиыны, әрине. Бірақ шаруашылық төрағасы әріптестерін алалаудан ада. Мейлінше олардың мерейін өсіріп, жұмысын лайықты бағалауға дайын. Жасұлан Бітіковтың бітік шыққан өнімді жинап алудағы жұмысын жоғары бағалап, су жаңа автокөлік тарту етті.

Көктемгі һәм күзгі науқан жұмыстары техникасыз тұра­лап қалады. Ал мұндай мәселе туындамас үшін қайтпек керек, әрине оны шешудің тиімді тұсы жаңа техника алу дейтін шығарсыз. Ал оған кез келген шаруашылықтың қа­ра­жат қоры жете ме, тығырықтан шығу үшін тағы да білікті кадрға жүгінесіз. Техника болғасын ол жаңа ма, көне ме, бәрібір сыр береді. Ал оны қайта жұмысқа қосуда көлік жөндеу шеберінің де еңбегі орасан. Кешегі сабантойда бір байқағаным, тек егіннің айналасында жүргендер ғана емес, ұжымның әрбір өкілі өзінің лайықты бағасын алды. Олардың қатарында “Сәрке батырда” ұзақ жылдардан бері көлік жөндеумен айналысатын Бақытжан Кенжебеков те бар. 20 жылдық тәжірибесі бар майталман маман да бүгін басшылыққа ризашылығын білдіріп, келер жылы да еңбек өнімділігінің артуына бар күшін сарп ететінін жеткізді.

– Шыны керек, бүгінгі сабантойда көлік мінемін деп ойлаған жоқпын, себебі мен күрішші не болмаса бригадир емеспін. Шаруашылықтағы әрбір маманның еңбегі дәл осы­­лай лайықты бағалануы қуантып отыр. Демек, біздің де шаруаның ширауына қосар өз үлесіміз бар деген сөз. Міне, мен өзіме бүгінгі қорытынды шарада осындай жауап­кер­шілік алдым. Басшылыққа рахмет айтамын. Келер жылы мұнан да мол астыққа қол жеткізейік. Сол бағытта атқарған жұмысымыздың берекесін берсін, – дейді тәжірибелі маман.

Сабантойда басқа да еңбек озаттары марапат төрінен көрінді. 15 дала дарабозына алғыс хат пен бағалы сый­лық­тар табыс етілді. Ауыл ақсақалдарының батасымен бас­талған қорытынды шарада осылайша еңбеккерлердің мерейі үстем болды. Қамбаларыңыз астыққа тола берсін, ақсулықтар.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


12 қараша 2021 ж. 530 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930