КҮРІШ СУҒА БАСТЫРЫЛДЫ
Көктем келісімен «Аққұм-Жер» шаруа қожалығына қарасты алқапта қайнаған тірлік басталып кетті. Себебі төраға Алматбек Алдоңғаров биыл алғашқы науқанды ерте бастауды жөн санапты. Нәтижесінде қазірдің өзінде 500 гектардай күріш суға бастырылып, бидайлықтағы өнім қарысқа жеткен.
Жыл сайын күріштен тау тұрғызатын тіректі елді мекендегі аталған шаруашылық ұжымы биыл да мол өнімнен үмітті. Атыздық басында құр жүрген жан баласы көрінбейді. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Бірі астындағы тракторымен тұқым сепсе, енді бірі суға бастырылған Сыр салысын сыртынан бақылап жүр. Дала дүбірге толды деген осы шығар, сірә. Төрағаның техникаларды жаңалауға басымдық бергені бірден аңғарылады. Алқапта бірде-бір көне техниканы көзіміз шалмады. Еңбеккерлердің де қимылы ширақ. Бәрі де өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, толағай табысқа жетуге деген мақсаты жұмысынан байқалып тұр.
Былтыр 850 гектар алқапқа күріш еккен «Аққұм-Жер» шаруа қожалығы күзгі науқанда бейнетінің зейнетін көрді. Себілген дәннің әр гектарынан 51 центнерден өнім алып, шаруашылықтың кіріс көзін еселеді. Жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған Алматбек Алдоңғаров бұл жетістікті ұжымдастарының саладағы тәжірибесімен байланыстырады.
– Былтыр межелеген өнімге қол жеткіздік. Биылғы мақсатымыз – одан да жоғары. Бұйыртса, ол мақсатымызға да қол жеткіземіз деп ойлаймын. Себебі мен ұжымдастарыма және олардың тәжірибесіне сенемін. Қазірдің өзінде 500 гектардай күріш егіп, оны суға бастырып қойдық. Дән себу жұмыстары әлі де жалғаса береді. Базадағы техникаларды жаңартуға күш салып жатырмын. Сондай-ақ оның жемісін де қатар көріп келеміз. Заманауи техникалар шаруашылық шаруасының ширауына үлкен демеу болды. Бір жағынан еңбеккерлердің де жұмысының жеңілдеуіне сеп болуда. Шаруашылық қандай жетістікке жетсе де онда барлық жұмыскердің қолтаңбасы бар. Сондықтан олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Ұйымшылдықтың, ауызбіршіліктің арқасында былтыр межелеген өнімге қол жеткіздік. Биыл да саладағы дәстүр сабақтастығын жалғауға тырысамыз, – дейді шаруашылық төрағасы.
Өткен жылы 200 гектар янтарь және 600 гектардан астам лидер сұрыпын сепкен шаруашылық биыл тұқымның тек бір ғана түрін егуді жөн санапты. Яғни күріштің лидер тұқымын егуді қолға алған. Мұнан бөлек 200 гектарға жуық бидай мен 100 гектар жаңа жоңышқа егіп, 350 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Егіс басында қос механизатор күніне 60 гектар алқапқа дән себеді. Алғашқы науқанды ерте бастап кеткен шаруашылық күзгі науқанды да ерте бастауға бел буып отыр. Расында, атыз басындағы қайнаған жұмысқа қарап, олардың бұл болжамын жоққа шығара алмайсың.
Алматбек Алдоңғаров шаруасы шираған сайын өз ауылдастарына қолғабыс етуді дәстүрге айналдырып келеді. Осыған дейін тұрмысы төмен отбасылар мен ақ жаулықты аналар, ардагерлерге азық-түлік өнімдерін үлестірген болатын. Сондай-ақ ауылдағы Тайман қажы атындағы имандылық үйінен де қолынан келген көмегін аямаған. Мешіттің қарауылы мен имамына ай сайын жалақы төлеп, сауапты істің басы-қасында болуды жөн санапты.
Қазір бұрынғыдай емес, аталған шаруашылықтың жұмысы бір ізге түскен. Еңбеккерлердің де айлығы жоғары. Сондай-ақ олар жалақысынан бөлек жыл сайын қосымша қаржылай сыйақыға ие болады. Мұндай дәстүр тіректі елді мекенде бір емес, бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Бастысы, төраға тарапынан жұмысты жеңілдетуге, қаржылай да қолдауға көптеп көңіл бөлінуде. Мұндай демеуді сезінген еңбеккерлердің де егіс басындағы қимылы ширақ.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ