Шаруасы шираған "Аққұм-жер"
Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда. Осыған қарап кешегі Еңбек Ерлері Несіпбай Әпірезов пен Ұзақ Еспанов ағаларымыздың ізбасарлары бар екен деп қуанып жатырмыз. Жалағаштағы жергілікті шаруашылықтар бір ғана серіктестіктің өсіп-өркендеуіне жұмыс жасамайды, төрағалар сол өңірдің экономикасының, әлеуметтің әлеуетінің артуына күш салып жатыр. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген рас екен, қолдағы барын көппен бөліскендер жомарттығынан бір бүйірі бүтінделмей жатқан жоқ. Өзі де мол табысқа кенелуде, халықтың да алғысын арқалауда.
Сөздің басын жомарттықтан, кеңпейілдіктен бастауымыздың себебі бар. Бұрын үлкен жолдың іргесінде жатқан Еңбек ауылының тыныс-тіршілігін қалың оқырманмен бөліскен едік. Аққошқарда өзі жалғыз шаруашылық бар. Сол бір ғана «Еңбек-Жер» деген серіктестіктің Еңбектің еңсесін тіктеуде атқарып жатқан жұмысы бірнеше шаруашылыққа жүк болардай. Ауыл ішінде төрағаның өз қаражаты есебінен салған нысандары жетіп артылады. Осындай толымды тірлік Аққұм ауылында да жоқ емес екен. Қазір бұл өңірде Серік Шуақбаев, Алматбек Алдоңғаров сынды төрағалардың туған жерге деген қолғабысының арқасында тіректі елді мекеннің тірлігі де, жетістігі де толымды.
Күре жолдың сол қапталында орналасқан аққұмдықтар да ауыл шаруашылығы саласында толайым табысқа кенелуде. Бұрын су жүретін каналдардың биіктігіне байланысты кішігірім мәселе болған. Жергілікті шаруашылықтардың ұйымшылдығының арқасында бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр. «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының басшысы Алматбек Алдоңғаров әлі де каналдарды қайта қазу жұмыстарын жалғастыруға бел буып отыр.
Биыл аталған серіктестік 850 гектар жерге Сырдың басты дақылын орналастырыпты. Бұрын әр гектардан 38-40 центнерден өнім жинайтын шаруашылықтың бұл көрсеткіші биылғы жиым-терімнің орташа мөлшеріне де жетпейді. Төраға бұл жетістікті ауыл еңбеккерлерінің адал еңбегімен байланыстырады.
– Бұрын каналдардың қазылмауына байланысты су тапшылығы бар және басқа да мәселелер мол өнім алуға кері әсерін тигізетін. Ал қазір мүлде басқа. Кешегі күзгі науқанның қорытындысында гектарынан орташа есеппен 55-60 центнерден өнім алдық. Алдағы уақытта өнім сапасы мен көлемін арттыруға күш саламыз. Шаруашылық жетістігінің барлығы әріптестерімнің тынымсыз іс қылуының арқасы деп білемін. Базадағы техникаларды жаңартуды күн тәртібінен түсірмеуге күш салып жатырмын. Биылдың өзінде 3 жаңа техника сатып алдық. Алдағы уақытта олардың қатары толығады. Бізге көне көліктердің орнын жаңа әрі заманауи техникалардың басқаны тиімді. Бұрын жауынға дейін қамданайық деп күн райына жалтақтап отырушы едік. Қазір оған алаңдайтындай еш негіз жоқ. Сала серпін алса, оның тиімділігін менің де әріптестерім көруі керек. Сондықтан шаруашылық базасындағы техникаларды жаңарту жыл сайын жүргізіледі, – дейді төраға.
Ауылдың 80 адамын жұмыспен қамтып отырған «Аққұм-Жер» ЖШС биыл әрқайсысының құны 190 млн теңге тұратын 3 комбайнмен толықты. Алматбек Алдоңғаровтың қолдағы қаражатты базадағы техниканы жаңалауға жұмылдыруының арқасында биылғы егін жинау науқаны да уақытында аяқталып отыр. Тіпті келер жылдың егісіне атыздарды сүдігерлеу жұмыстары басталып кеткен. Бұрыннан бұл салада қолтаңбасы бар маман көктемге дейін жер жыртудың келер жылғы өнім сапасына айтарлықтай әсер ететінін айтады. Мәселен, биыл күзде айдалған атыздағы арамшөп тамырлары қысқы аязда үсіп кететін көрінеді. Нәтижесінде келер жылғы өнімнің сапасы мен көлемі 10 пайызға артады екен.
Биылғы жиналған 850 гектар алқаптағы алтын дәннің 200 гектары «Янтар» сұрыпы болса, қалған 650 гектары – «Лидер». Оған жауапты 3 бригаданың да сапалы еңбек еткені көрініп тұр. Жыл қорытындысында айлығынан бөлек қосымша сыйақыдан құр қалмайтын серіктестік еңбеккерлеріне төраға биыл да қаржылай сыйлық тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл шаруашылықта жыл сайын қайталанатын үрдіс екен.
– Жыл сайын әріптестеріме айлығынан бөлек, қаржылай сыйақы тағайындаймын. Биыл осы мақсатта жұмсалатын қаржының көлемі артпаса, кемімейді. Еңбеккерлер өзіне міндеттелген ісін адал атқарып жатса, өз басым оны бағалаудан қашпаймын. Жұмысын жасады ма, соған лайық жемісін көруі керек. Сондықтан мен осыған басымдық беремін. Бұл сыйақы дегеніңіз еңбек адамына жігер беріп, келер жылғы науқанда қарқынына қарқын қосады. Мұнан бөлек, шаруашылықта жұмыс жасайтын әріптестерімнің отбасылық жағдайынан да жәрдемімді аяған емеспін. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Аллаға шүкір, бұл ісімнен жамандық көріп отырған жоқпын, – дейді Алматбек Алдоңғаров.
Туған жерге қызмет еткен бір перзент болсаң, осындай-ақ бол. Бірінің мұндай іс қылуға шамасы келсе, бірінің материалдық жағдайы жетпеуі мүмкін. Бастысы, сенің қызметің емес, пейілің, ішкі түйсігің маңызды екен. Бұл жерде ағамыздың тек жасаған ісін сөз қылып отырғаным жоқ. Ауыл деп аңқылдаған адал пейіліне риза болдық.
Алматбек Алдоңғаров осы өңірдегі жағдайы төмен отбасылардың жыл сайын отын-суын, шөбін түсіріп, қаржылай қолдауын да аяған емес. Мерекелік шаралар кезінде ардагерлер мен ұстаздарға, ақ жаулықты аналарға сый-сияпат көрсетіп отырады. Ауылдағы «Тайман қари» мешітінің имамы мен қарауылының да айлық жалақысын өз жауапкершілігіне алған. Имандылық үйін қыстық отынмен қамтамасыз етуді де өзіне міндеттеп қойған. Осындай сауапты іске ден қойған азаматтың пейіліне қарап Алла әр ісін сәтті еткен болуы керек. Ауыл жанашыры егін шаруашылығынан өзге де тың жобаларды жүзеге асыруға ден қойып отыр.
Шаруашылық төрағасы осыған дейін көршілес Сырдария ауданынан күріш ақтайтын зауытты іске қосқан еді. Қазіргі таңда ұн диірменінің құрылысын бастап кетті. Бұйыртса, солтүстік өңірлердегі шаруашылықтармен келісімге отырып, бидай экспорттап, ұн зауытын іске қоспақ. Алдағы уақытта олардың ауқымын кеңейтіп, «Құрама жем» зауытын салуға да бел буып отыр. Мұндай жобалардың жүзеге асуы тек кәсіпкер үшін ғана емес, өңір халқына да тиімді. Себебі жаңа кәсіптік нысан бой көтерген жерде жұмыс орны ашылып, әлеуметтік саланың алға басуына айтарлықтай әсер ететінін білеміз. Бір ғана шаруашылық жұмысымен шектелмей, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге ден қойған ағамыздың жарқын жобаларына сәттілік тіледік.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ