» » ШАРУАСЫ ШИРАҒАН “Таң LTD”

ШАРУАСЫ ШИРАҒАН “Таң LTD”

Жергілікті халық Таязкөл атап кеткен ауылдың Шығыс жақ бетіндегі егіс алқабында жұмыс қайнап жатыр. Еңбек адамдарының сөзінше, қазір “Таң LTD” ЖШС күзгі науқанды қорытындылар тұсқа да келіп қалыпты. Біз тұрған атыз №3 бригаданың басшысы Төремұрат Ахметовке тиесілі жер екен. Қарамағында 30-ға жуық дала дарабозы бар бригадир биыл 580 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен.

Салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар Төкеңе күріш былай тұрсын, ауыл шаруашылығы бағы­тында қандай дақыл бар, оған қай уақытта қандай күтім қажет, бұл жағы таңсық емес. Қай өнімнің жерге қандай пайдасы не зияны бар, мұның бәрін ғылыми түрде зерттеп тастаған. Шаруашылықтағы бригадирдің өзі осындай ізденіс үстінде жүреді. Ал агрономды айтпай-ақ қойыңыз. Қазір Таң ауы­лындағы бұл шаруашылық жылдан-жылға салада жиған өнім көлемінде һәм сапасында да өсім қалыптастырып келеді. Оған басты себеп осындай білікті мамандар болса керек.

Иә, науқан жұмыстарының мұнда қарқынды жүретіндей реті бар. Себебі төраға Имамзада Шағыртаев шаруашылықтың техникалық базасын толық жаңартып үлгерген. Есесіне мұнда еңбек өнімділігін анық байқауға болады. Оның үстіне қарапайым ауыл жұмысшылары бұрынғыдай бей­нетке қалмайды, барлығын астындағы тізгіндеген техникасы жүзеге асырып жатыр.

Төремұрат Ахметов ауылдағы аталған шаруа­шы­лықта 2004 жылдан бері жұмыс жасайды. Бас­тапқы 2 жылын күріштің күтіміне арнаған диқан өнім көлемінде өсім қалыптастырып, төраға артқан сенім үдесінен шыға біліпті. Білікті маман мұнан кейінгі 15 жылын да осы шаруашылықпен байланыстырған. Кейін 5 жылдай бригадир болған сала маманы 2012 жылы қолына кетпен алып, күріш егуге қайта кірі­седі. Үш жылдай салада жиған тәжірибесін жас­тармен бөліскен Төкең қазір №3 бригаттың басшысы.

Қазір Таязкөлдегі 580 гектар алқаптағы өнімнің шығымына 28 маман жауапты. Оның 21-і диқан. Дәл осы бригада былтыр 650 гектар жерге күріш еккен. Оның 100 гектары “Янтарь” сұрпы болса, қалғанына “Лидерь” себілген. Ал биыл бұл бригада тек күріштің “Лидерь” сұрпын егіпті.

Рас, “Лидерге” қарағанда “Янтарға” айтарлықтай күтім қажет емес. Оның үстіне Сыр салысының бұл сұрпы “Лидерге” қарағанда суға төзімді келеді. Пісіп-жетілу уақытында да айырмашылық бар. Мәселен, “Лидерь” 120-125 күннен кейін ораққа ілінсе, “Янтарды” 110 күннен кейін жинай беруге әбден болады. Ал салмақ жағына келгенде бәрібір “Лидерьдің” маңызы жоғары. Бұл бригаданың биыл тек күріштің осы сұрпын егуі де сондықтан.

Төкең басқаратын бригад былтыр 650 гектар жерге біткен астықтан тау тұрғызды. Өткен жылғы науқанда гектарға шаққандағы орташа өнім 65 центнерді құраса, алды 80 центнерге дейін өнім алған. Дәл осы бригададағы сушы Мұхтар Қуантаевқа өнім көрсеткішінде өсім қалыптастырғаны үшін төраға былтыр темір тұлпар табыстапты.

Биыл жергілікті шаруашылықтарды әбігерге сал­ған су тапшылығы мәселесі Таң ауылын да төңіректеген. Десе де шаруашылық ұжымы бұған алдын ала дайындалса керек. Яғни әрбір бригададағы әр­бір диқан суды күрішіне кезекпен береді. Бірінің кү­ріші суды толық ішіп болмай, екіншісі сағасына сақ отырады. Міне, осындай тәртіптің, өздеріне арт­қан жауапкершіліктің һәм табандылықтың арқа­сын­да биыл да Сыр салы­сының шығымы жаман болған жоқ, тіпті өнім былтырғыдан жоғары десе де болады.

Биылғы науқанның қорытындысымен мұнда әр гектардан шыққан орташа өнім көлемі 75 центнерді құрап отыр. Ал алды 83 центнерге дейін өнім жиған. Міне, мұндай жауапкершіліктің барлығы ертеңгі қоры­тынды шарада төраға тарапынан ескеріледі. Себебі Имамзада Шағыртаев шаруашылық ұжы­мында еңбек өнімділігімен көзге түскен дала дара­боздарына қосымша сыйақы табыстауды дәстүрге айналдырған.

Қазір алқап басынан жүк көліктеріне тиелген астық тікелей облыс орталығына жеткізіледі. Себебі шаруашылыққа тиесілі алып күріш ақтау цехы аймақтың бас шаһарында орналасқан. Біз Таң ауылына ат басын бұрғанымызда аталған шаруашылық күзгі науқанды қорытындылар тұсқа да жетіпті. Кешегі жазда аяқсудың тапшылығы қос бүйірден қысқанымен ұжымның ауызбіршілігі һәм табандылығы бұған төтеп берді. Тіпті өнім көлемі былтырғыдан да жоғары болып отыр. Биыл гектарынан 83 центнерден өнім алған Өмірғали Қуанышов даңғайыр диқандардың салған сара жолын жалғай білді. Тәжірибелі сушының биыл қосымша сыйақыдан құр қалмасы анық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЙ


19 қазан 2021 ж. 496 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930