» » Полицейдің бір күні

Полицейдің бір күні

Қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыстың алдын алуда аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің еселі еңбегін ешкім жоққа шығара қоймас. Иә, сыртынан қараған жанға әр салада жұмыс жасап жатқан кез келген қызметкердің жұмысы күнделікті атқарыла беретін біркүндік шаруа сияқты. Бірақ салада кездескен қиыншылыққа төзе біліп, олқылықтың орнын толтыруда тәжірибе ауадай қажет. Бұл тұрғыда аудандық полиция бөлімі білікті кадрларға кенде емес секілді. Біз бұған олармен қызметтес болған күні көз жеткіздік.

Естеріңізде болса, осыған дейін “Журналист басқа мамандықта” деген айдармен әр салада еңбек етіп жатқан мамандардың біркүндік жұмысына басылым бетінен орын бергенбіз. Кезекті жұмысымыз полиция бөлімі қызметкері болумен жалғасты. Мақаламыздың айдарын “Пагондағы журналист” деп ауыстырғанымыз да сондықтан.

Таң атысымен тәртіп сақшысының фор­масын үстімізге іле сала автокөлікпен жолға шықтық. Қасымызда АПБ Жергілікті полиция бөлімшесіне қарасты патрульдік полиция тобының қызметкері Жасұлан Айтбайұлы бар. Бүгін оған бір өзі жұмыс жасауға тура келді. Себебі қасындағы әріптесінің орнында мен отырмын. Жол ережесіне қатысты заңды толық білмесек те аға лейтенантқа шама-шарқымша көмекші болып келемін.

Әзірге жолда, кенттің ішкі көшелерінде көлік саны аз, осы мүмкіндікті құр жібермейін деген оймен полиция қызметкерін әңгімеге тартуға бел будым. Жәкеңнің сөзінше, көлік тізгіндегендердің көбісі қарапайым жол ережесін бұзбауға құлықсыз көрінеді. Мұның салдары тіпті жол көлік оқиғасына ұласып жатады. “Біздің мақсат – осыны жүргізушілерге ескертіп, мейлінше олардың қауіпсіздігіне жұмыс жасау” деп түйді ол әңгімесін.

Кезекті сұрағымды жолдауға оқтала бергенде тізгіндеген қызметтік темір тұлпарымыз кері бұрылды. Біркүндік әріптесім қарсы беттегі көлік жүргізушінің жол ережесін бұзғанын байқап қалса керек. Қолындағы арнайы аппаратпен “LADA” автокөлігін тізгіндеген азаматтың оң қапталға сәл аялдауын сұрады. Осылайша біздің полиция қызметіндегі жұмысымыз бас­талып кетті.

“Қауіпсіздік өзіңіз үшін, сондықтан белдік тағып жүруді қаперден шығармаңыз” деп жүрді де кетті. Көлік иесі де рахмет айтып жайына жүрді. Таң енді атып келе жатыр, “оның қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын қайдан көріп қалды?” деген ішкі сауалмен жанында мен отырмын. Полиция қызметкерінің бұл қырағылығына риза болып өзіне айтып жатқанымда “жауапкершілік бәріне ортақ дүние, мұны әрбір адам сезіне алса, қоғамда ешқандай олқылық орын алмайды, сіз де қаламгерсіз, түсінемін, бірақ бүгін менің әріптесім екеніңізді ұмытпаңыз, қасыңыздағы қызметтесіңізбен бірдей жүріп-тұруды да қаперден шығармаңыз” деп сөзін тәмамдады.

Қырағы полицейдің пәрмен аралас бір ауыз сөзінен кейін өз-өзімді жинап алдым. Дәуімбай елді мекенінде үлкен жолдың бойын­дағы бағдаршамнан өте бергенде өза­ғам­дар шығарған “Daewoo Nexia” автокөлігі назарымызға ілікті. Таңның атып келе жатқаны жаңа ғана, әлгі азамат көліктің жарығын жақпай келе жатыр. Жасұланның “кейбір жүргізушілер қарапайым жол ережесін сақтай бермейді” деген сөзінің растығына көз жетті. Расында қауіпсіздік өзі үшін, ұсақ-түйекке мән бермеудің соңы үлкен қайғыға ұшаратарын бағамдай алмайтын болғанымыз ба шынымен? Көлігінің ескі екеніне қарап жүргізушінің әлеуметтік жағдайына алаң­дады ма білмеймін, аға лейтенант әлгі ағамызға жазбаша ескерту берді.

Қазір базар маңындағы кептеліс пен бір бағытта ғана жүруге арналған ішкі көшелердегі мәселе елдің аузында жүр. Тіпті мұны ретке келтіруді аудан басшысы да кезекті жина­лыстарының бірінде сала қызметкерлеріне арнайы тапсырған. Тапсырманың орындалуы қалай, әлі де бұған қатысты мәселелер бар ма? Бұған көз жеткізу үшін полиция қызметкеріне сол маңға баруға кеңес бердім.

Жасұлан Айтбайұлының сөзінше, көлік қоюға арналған орыннан кейін екінші болып тағы бір жүргізушіге темір тұлпарын тастап кетуге рұқсат жоқ. Көбіне бұл маңдағы кептеліс осындай олқылықтың салдарынан орын алып жатады екен. Біз барғанда да мұндай жағдайға тағы бір мәрте көз жеткіздік. Полиция қызметкері оларға ескертуін беріп, бір бағыттағы көшенің қауіпсіздігін бақылауға аттанды.

Арада 5 минут өтті ме, өтпеді ме, аз ғана уақыттан кейін “фольксваген пассатпен” 45-50 жас шамасындағы жігіт ағасы қарсы беттен кіріп келе жатыр. Негізінен бұл көше тек бір бағытта ғана жүруге арналған. Аға лейтенант оған түсіндіріп әлек, өзінікін дұрыс қылғысы келіп ол отыр. Ақыры автокөлік иесіне айыппұл салынды. Жүргізуші бұдан сабақ алуы керек, өйткені өзі тар көшеде өз жолымен келе жатқан бір көлікке соқса, шығынның көкесі сонда болады. Бірақ бұл ойға бойлап тұрған ол жоқ.

Жалпы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Жалағашта 4 полицей қызмет етеді. Әріптесім күніне жүгенсіз көлік жүргізушілерге 45-50 айыппұл салынатынын айтады. Демек, көлік жүргізушілер тарапынан жол ережесін сақтауға әлі де құлықсыздық басым деген сөз. Оның үстіне осындай салғырт­тықтың салдарынан жол көлік оқиға­сының саны да артып отыр. Былтыр 10 айда жүгенсіз жүргізушілерге 647 айыппұл салынса, биыл тиісті мерзімде олардың саны 712-ге жетіп отыр.
“Жол көлік оқиғасының артуы, айыппұлдар санының өсуі полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасы төмен екенін білдіреді” деген түсініктен ада болыңыз. Керісінше жол қауіпсіздігін сақтауға әрбір көлік иесі басымдық бергені абзал. Сонда ғана мәселенің алдын алуға мүмкіндік туады. Кешегі біркүндік жұмыс барысында қаншама қарапайым ережені сақтамайтын көптеген көлік иесіне жолықтық. Біршамасы айыппұл арқалады, біршамасы ескертуін алды. Бұл оларға сабақ болса дейсің ғой.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ
16 қараша 2021 ж. 633 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930