» » ҚЫЗУ ЕҢБЕКПЕН ҚАЗАН ҚАЙНАТҚАН МӘДЕНИЕТ

ҚЫЗУ ЕҢБЕКПЕН ҚАЗАН ҚАЙНАТҚАН МӘДЕНИЕТ

Ауыл – қазақтың атақонысы, алтын бесігі. Ауылдың гүлденуі, ауыл халқының тұрмысы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы ауданның, аймақтың, тіпті ел экономикасының артуына серпін береді. Сол үшін мемлекет ауылдардың әлеуетін арттыруға бар күшін салуда. Қазынадан ауылды дамытуға жыл сайын қаржы бөлініп және сол қаржының толық игерілуі нәтижесінде ауылдардың тұрмысы түзеліп келеді.

Біздің ауданға қарасты бірнеше елді мекен тіректі ауыл мәртебесіне ие болды. Бұл ауылдар қазір сол мәртебесіне сай дамып келе жатыр. Сондай елді мекеннің бірі – Мәдениет ауылдық округі.

Аталған ауылдың қазіргі келбеті келісті, экономикалық әлеуеті де қуатты. Жер көлемі мен халық саны жағынан да алда тұр. Мұнда дәл қазіргі уақытта 393 отбасы бар, 2021 жан есепте тұрады. Статистикалық нақтылықпен сөйлесек, бұл ауылда 254 зейнеткер, 62 мүмкіндігі шектеулі азамат, 14-29 жас аралығында 522 жас буын бар. 261 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, 697 адам жұмыс істейді, 25 тұрғын жұмыссыз. 1 283 экономикалық белсенді халық бар екен.

Біз бұл сандық көрсеткіштерді ауылдағы жұмыссыздық мөлшерінің төмен екенін меңзеу үшін жазып отырмыз. Тұрғындар ауыл шаруашылығына бейімделген. Мә­де­­ниет­тіктердің қамбасын толтырып, ыры­сын еселеп отырған негізгі күнкөріс көзі – егістік. Оған өз кезегінде тоқталамыз. Ал­ды­мен тіректі ауылдағы абаттандыру жұмыстарының барысын баяндайық.

Сөз басында айтқанымыздай, Мәде­ниет бүгінде көрікті ауылға айналған. Көшелері түгелге жуық асфальтталып, жарықтандырылды. Атап айтсақ, ауыл­дағы 10 көшенің 8-і асфальтталған. Биыл Тайшиев көшесін асфальттау жұмыс­тары жүргізілуде, жыл соңына дейін пай­далануға беріледі деп қуанып отыр көше тұрғындары. Ал келер жылы ауылдық округтегі Жаңақоныс көшесіне асфальт төсеу жоспарланып отыр екен. Осыдан отыз жыл бұрын тас та жайылмаған шаңдақ көшелермен жүрген аға буын өкілдерінің көзқарасымен қарасаңыз, қазір тіректі ауылдардың өзі кент мәртебесіне жетіп қалғанын аңғарасыз. Ауылдағы көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да ауыл әкімінің назарынан тыс қалмайды екен. Көшерлердегі жасыл желек пен саябақтарға ерекше күтім керек. Ауылға көрік беріп, тұрғындарға саясын түсіріп жайқалып тұрған ағаштардың уақытылы түптері әктеліп, артық бұтақтарының кесілетіні көрініп тұр.

– Барлығымыз да ауылда өсіп-өніп, түледік. Сондықтан туған жерге қызмет жасау – баршамыздың перзенттік парызымыз. "Келісіп пішкен тон келте болмайды" дейді қазақ. Қай істі де елмен, ақсақалдармен, жөн-жобаны білетін азаматтармен кеңесіп, келісіп жасап отырамыз. Ауылымызда көптеген жүйелі жұмыстар, игілікті істер атқарылып, жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Егін, мал шаруашылығынан бөлек, ауылда кәсіпкерлік саласы да кең қанат жайып келеді. Кәсіп істеп, шаруамды түзетемін және ауылымның дамуына үлес қосамын деген ынталы азаматтар көп. Олардың мемлекеттік гранттарға ұсынған жобасына және кәсіпкерлік мақсатында дайындайтын несие құжаттарын рәсімдеуге мейілінше көмек береміз, – дейді Мәдениет ауылдық округінің әкімі Адай Мұстафаев.

Расында сол ынталы топтың кәсіпкерлік бағытындағы жүйелі жұмыстарының нәтиже­сінде ауылда тек егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығы да өркен жайып келеді екен. Мәдениеттіктер қазірде 2 380 бас мүйізді ірі қара, 2 524 бас уақ мал, 618 бас жылқы және 400 бас құс өсіріп отыр. Нарықтық қоғамда қандай кәсіпті болса да меңгеріп, тек адал еңбекпен ғана әлеуметтік жағ­дайымыздың түзелетінін ескерсек, мына сандық көрсеткіштерге қарап мәде­ниет­тік­тердің "жұмыс жоқ" дегенді желеу етіп, қол қусырып қарап отырмағанын аңғаруға болады. Ауылдың тіршілігі төрт түлікке тәуелді. Жайы­лымы болса, екі жарым мың бас сиыр, екі жарым мың бас қой, мыңға жуық жылқы бір ауылдың халқы үшін аз тұяқ емес. Оны өсіріп, басын көбейтудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді.

Ауыл экономикасының негізгі тірегі – егін шаруашылығы. Соның ішінде күріш егу­мен айналысатын бұл ауылда бүгінде 1 ЖШС, 5 кооператив, 67 жеке кәсіпкер, 42 шаруа қожалық бар. Мәдениет ауылының жалпы жер көлемі – 11 718 гектар. Оның ішінде шабындық жер көлемі 279 гектар, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 7 850 гектар, соның ішінде егістік жер көлемі 4 275 гектар, жайылымдық жер көлемі 1 397 гектарды құрайды.

Мәдениеттіктер биыл көктемде 3 638 гектар жерге егіс орналас­тырыпты. Соның ішінде 2047 гектар­ға күріш егілген. Күзгі орақ науқанының қорытындысында орташа өнім 43 центнер, жалпы 87 952 центнер өнім жиналды. Сондай-ақ мал шаруашалығын қолға алған ауыл халқына мал азығы үшін жем-шөп те керек. Сондықтан шаруалар биыл 273 гектар жерге жаңа жоңыш­қа, 605 гектар жерге ескі жоңышқа және 518 гектар жерге мақсары егіпті. Сонымен бірге 35 гектарға картоп, 75 гектарға көкөніс егіп, ойдағыдай өнім алған.

Қазірде елімізде шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамыту мақсатында мемлекет қазына­сынан қаржы бөлініп келеді. Ауыл тұрғындары осы қаржылай қолдауды тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, Мәдениет ауылдық округі бойын­ша 116 жеке кәсіпкер, 5 күріш ақтайтын диірмен, 11 жеке кәсіпкердің сауда дүкені, 1 қоғамдық монша, 2 автокөлік жуу орталығы тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Биыл "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағ­дар­ламасы" арқылы Шамшат Келдіғұлов "Ауыл" несие серіктестігінен 23 млн теңге, Нұрлы­бек Қалдыбеков "Қолдау" қорынан 2,1 млн теңге және Руслан Қожахметов "Қол­дау" қоры арқылы 3,7 млн теңге несие алып, мал өсіру бағытында жұмыс бастаған. Сонымен бірге биыл қайтарымсыз грант жеңіп алған ауыл тұрғындары да мал шаруашылығын дамытуға ынталы екен. Атап айтсақ, Айгерім Балғабаева, Бақытбек Ұзақ­баев, Төлеген Қасымов, Айгерім Қуаныш, Заманбек Әбілхан және Андрей Асхат секілді азаматтардың әрқайсы мемлекеттің 583 400 теңге қайтарымсыз қаржысына қол жеткізіп, зеңгібаба түлігінің санын көбейтуге жұмыс істеп жатқандары қуантады.

Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясын­да ауылдық округ бойынша 2018 жылы 11 жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар арқылы 27,1 млн теңге несие алып, кәсібін жүргізіп жатқанын да айта кетуіміз керек. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» Микроқар­жы ұйымы» ЖШС арқылы Телжан Алғадай жылқы өсіру мақсатында 2,5 млн теңге, Абай Мұстафаев мал шаруашылығын дамы­ту мақсатында 9,8 млн теңге, Ысқақ Қалқаманов жылқы өсіру мақсатында 1,5 млн теңге, Сейфулла Балмырзаев сүт бағытындағы сиыр өсіру мақсатында 2 млн теңге қаржы алып, кәсібін кеңейтуде. Ал Ерхан Лаубаев "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы ірі қара малын бордақылау мақсатында 1 млн теңге, Света Алшоразова жылқы өсіру мақсатында 1,5 млн теңге несие алыпты. Төлеген Торғаев "Ауыл" несие серіктестігі арқылы мал бордақылау мақсатында 2,5 млн теңге, Смағұл Бисенбаев ауыл шаруашылығы техникасын алуға 4 млн теңге, Қазбек Тайбағаров егін шаруашылығын дамытуға 3 млн теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелентіп отырса, жеке кәсіпкер Телжан Алғадай 540 мың теңгенің қайтарымсыз грантын иеленіп, құс өсіруді бастаған. Сол секілді Жақсылық Ақерке терезеге тұтатын перде, шілтерлер (жалюз) жасау мақсатында 300 мың теңге қаржы алып, ауылдағы үйлердің сәнін кіргізуге кіріскен. Ал осы жобалардың ішіндегі бізді қызықтырғаны – мемлекеттің 240 мың теңге қайтарымсыз несиесіне ие болған ауыл тұрғыны Бота Бақбергенованың балаларға арналған шағын театр ашу жұмыстары. Расында бұл тың жоба және қазіргі ауылдың мәдени-рухани өміріне серпіліс алып келетін жаңаша бастама.

Ауыл халқы қаладағы базардың етіне, сүтіне, жұмыртқасына, бау-бақша өнімдеріне тәуелді болмауы керек. Мәдениет ауылындағы кәсіп иелері керісінше, келешекте қала халқын ауылға әкеліп, өнімдеріне деген сұранысын арттырғалы отыр.

"Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай бол­саң халқыңа пайдаң тисін" деген аталы сөз бар. Ауылдағы кәсіпкерлер қайырымдылық ша­­ра­­­ларынан тыс қалмайды. Игілікті істердің басы-қасынан табылатын шаруашылық бас­шы­лары іс-шараларда, мерекелерде ауыл қарт­­тарына сый-сыяпат жасайды. Одан бөлек мұқ­таж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға да көмек қолын созып отыратыны өзгелерге үлгі.
Мәдениеттен бой көтерген заманауи жаңа әлеуметтік нысандар да ауылдың ажарын аша түскен. Аталған ауылдың тіректі елді мекен болып бекітілуіне байланысты облыстық бюд­жеттен тиісті қаржы қаралып, жаңа үлгідегі 90 орындық балабақша мен 150 орындық клуб және спорт кешені салынып, пайдалануға бе­рілді. Бой көтерген бұл жаңа нысандар тек ауыл мәдениеті мен спортына серпін беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге ауылдағы жұ­мыс­сыздық деңгейінің төмендеуіне де оң әсе­рін тигізді. Мәселен, жаңадан ашылған спорт кешеніне 12 штат бірлігі беріліп, 12 ауыл тұр­ғыны жұмысқа орналасқан.

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тірегі. Ендеше, екіқабатты балабақша да тек бала тәр­биесімен ғана айналысып отырған жоқ, ондағы тәрбиешілер ауыл келешегін қалып­тастыру жолында ерен еңбек етіп жатыр деуге болады. Екіқабатты ауылдық клуб та ауыл халқының рухани қажеттілігін толық өтеп отыр. Зәулім ғимаратта өтетін түрлі мәдени шаралардың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Сонымен бірге мәдениет ошағында орналасқан кітапхана да оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Ал он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауыл орталығындағы №14 балалар жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан жаңа спорт кешенінде қазірде 90 бала спортпен шұғылданады. Кәсіби жаттықтырушылар қазақ күресі, дзюдо, бокс түрлерінен балаларды спортқа баулуда. Аталған спорт мектебінде тәрбиеленіп жатқан түлектер жоғары дәрежедегі республикалық жарыстардан, Азия біріншілігінен, Азия чемпионатынан және Әлем чемпионатынан жүлделі оралып жүр. Келешек елімізді әлемге танытатын Олимпиада чемпиондары осы ауылдан шығатынына біздің шүбәміз жоқ.

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Адамзат технокартиялық қоғам құрып, ғарыш­ты бағындыра бастаған кезеңде біздің еліміз де өркениет көшінен қалыс қалмауы керек. Білімге әуес, ғылымға құмар жаңа буын ұрпақ өсіп келеді. Алайда, оларға бағыт көрсетпесе, келешегі бұлыңғыр болады. Бүгінгі жас ұрпақтың келешектегі бағыт-бағдары орта мектептен айқындалады. Мәдениет ауылындағы №32 мектеп-лицейде 362 оқушы білім алады және мектептегі 70 мұғалімнің барлығы тәжірибелі кәсіби мамандар. Оның ішінде 13 жоғары санатты, 26 бірінші санатты, 20 екінші санатты ұстаз бар екен. Жыл өткен сайын білім сапасына қойылатын талап та жоғарылап келеді. Бағдарламалар да заманға сай күрделене түсті. Ал бұл орайда аталған салаға жауапты министрлік орта білім беру ошақтарына, соның ішінде ауыл мектептеріне жаңашыл жас мұғалімдерді мейілінше көптеп тартуды мақсат етіп отыр. Оған мемлекет арнайы бағдарлама да шығарды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес 2 жас маман білім саласы бойынша 7 млн 400 мың теңге көлемінде несие алып, ауылдағы №32 мектеп-лицейге мұғалім болып орналасқаны аталған бағдарламаның нәтижесі.

Ауылда бюджеттік мекемелер мен пош­та байланысы, ветеринария бөлімшесі және полиция тірек пунктінен бөлек, ауыл тұрғын­дарын имандылыққа шақырып, жастардың кеу­десіне адамдық сәулесін түсіріп отырған Дәулетназар ахун атында мешіт бар. Одан бөлек ауылда тентек-телісін тиып, жас буынға өзінің көзімен сес, сөзімен өнеге болып отырған ақсақалдар мен алдындағы көнекөздердің ізін басып, ісін жалғастырып келе жатқан есті ел ағалары бар.

Су – тіршіліктің көзі. "Судың да сұрауы бар" деп кетіпті бұрынғылар. Әсіресе, адам өмірі үшін таза ауыз судың қажеттілігі мен маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан мемлекет бірнеше жыл бұрын арнайы бағдар­лама жасап, сол бойынша барлық ауылдар мен елді мекендердің тұтынып отырған ауыз суының сапасын жақсартуды қолға алды. Ауыз су жүйесін жаңарту, жаңғырту жобасы біздің ауданымызда толығымен жүзеге асып, жүргізілген жұмыстар аяқталды. Мәдениет ауылдық округі бойынша ауыз су жүйесіне 2012 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының (90 пайыз) ауласына ауыз су жеткізіліп, үйлеріне де кіргізіп алған. Ауыл бойынша 273 отбасы су есептегіш құралдарын орнатыпты. Ал ауылдағы Мектеп, Зарқұм көшелерінің аяғындағы 11 тұрғын үйге ауыз су жеткізуге жұмыс жүргізіліп жатыр екен.

"Ауылына қарап, азаматын таны" деген қанатты сөз бар. Қаншама еңбек ерлері мен түрлі саланың майталман мамандары шыққан, ауданға қарасты елді мекендердің ішінде эко­но­микалық әлеуетімен ерекшеленетін Мәде­ниет ауылының біз көрген бет-бейнесі осындай.

Қуат Ахетов
14 желтоқсан 2021 ж. 274 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930