» » ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК – ЖҰМЫЛА БІЛУДІҢ ЖЕМІСІ

ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК – ЖҰМЫЛА БІЛУДІҢ ЖЕМІСІ


Өткен қос аптада еңбек демалысымның күндерін алып, көрші ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылына атбасын бұрдым. Мақсат – жұмыс бабымен сонда қоныс аударған ағамның жағдайын білу. Есіктен енген бойда оның әлі жұмыс орнында екенін біліп, келгенше ауылды бір айналып шығуды жөн көрдім. Негізінен Еңбек Ері шыққан елді мекеннің тыныс-тіршілігіне бұрыннан қанықпын. «Сонда да соңғы жылдары тағы қандай жарқын бастамалар қолға алынып жатыр екен» деген сауал мені сыртқа алып шықты. Енді жыл санап емес, ай сайын әлеуеті артқан өңірден кім де болса жаңалық күтеді ғой. Алдымен көзім көшеге түсті. Келбеті келісті өңірдің әрбір жолының толық асфальтталғанын былай қойғанда, жарық жүргізілмеген көшені кездестіре алмадым. Ал, жергілікті халықтың әлеуетіне келсек, нағилықтардың бір де-бірі жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалардың көмегіне жүгінуді жөн санамапты. Оның да өзіндік себебі бар. жергілікті «Мағжан ИК» ЖШС ауыл халқының басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр.
Мұнан бөлек, шаруасы ши­ра­ған шаруашылықтың тағы бір ерек­ше­лігі, екі қолға бір күрек тапқан жан­дарды жыл он екі ай жұмыс­пен қамтиды. Яғни, мерзімдік тұрғыда мау­­сымдық жұмыс деген нағи­лық­тар үшін жат сөз іспетті.
Кезінде Еңбек Ері Абзал Ералиев негізін қалаған шаруашылық ауылдың ажарын айшықтауда тындырымды жұмыстарды жүзеге асырған. Мұны тек сырбойылықтар емес, елдің еңкейген қартынан ес білген баласына дейін жақсы біледі десек артық болмас. Ал, туған жерге тағзым ету сабақтастығын үзбей, елді мекеннің еңсесін көтеруге күш салып жатқан Дарқан Ералиев те атына заты сай азамат екен.
Ауылдағы кең көлемді спорттық кешен мен орталық алаң жергілікті шаруашылықтың демеушілігімен ел игілігіне берілді. Ауылдық клуб жанындағы үйірмелер қатары да артқан. Есесіне кейінгі буынның да спорттық және мәдени жарыстарға деген ынтасы басым. Өңірдегі осындай қолдаулардың қарқынына қарап, бұл ауыл Жастар жылына бірнеше жыл бұрын дайындалған-ау деген ойға келдім. Іштегі тілек – Тәңірім біздегі ел ағалары да Еңбек Ері негізін қалаған бастамаларды бағыт етіп, бірқатар ауылдардың еңсесін көтеруге жұмыс жасаса дедім.
«Нағилықтар ауылдың әлеуеті мен ажарын қатар қалай арттырды?» деген сауал елге жаны ашып, жұмыс жасап жатқан жандарды толғандырмай қоймас. Бірақ, мен осыған көз жеткізгендей болдым. Бүкіл ауыл тұрғыны жеке жерлерімен бір ғана шаруа­шылықтың шаңырағына ұйысқан. Қара үйдің қаншама уығы ша­ңы­рақты көкке көтергендей, жеке­леген азаматтардың осындай ау­ыз­­біршілігі ауылдың ажары мен әлеу­­етінің қатар артуына алып келді деген ойға келдім. Болмаса, ұсақ шаруашылықтар қатары арт­қан елді мекендерде неге осындай серпіліс жоқ?. Оларға да айып артпаймыз. Себебі, кейбір ұсақ шаруашылықтардың бірнеше жылдық табысы бір көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де жетпейді. Сондықтан, түсіністікпен қараймыз. Бірақ, осындай жеке қожалықтар бір шаруашылыққа жұмылса, кез келген елді мекеннің еңсесін тіктеуге болатынын олар да түсінсе дейміз. Неге өйтпеске? Ойлап қараңызшы, жекелеген азаматтар бір ғана ша­руашылықтың шаңырағына уық бол­ғанда, ұсақ шаруашылықтар неге игі іске талпынбасқа? Туған же­ріне тағзым етпек түгілі олар­дың ішінде қара бастың қамын күйт­тейтіндер де жоқ емес. Болмаса, салық басқармасына кезінде қан­шама гектар күріш егіп, бірнеше жыл жылдық табысын нөлмен тап­сыр­ған шаруашылық басшыларын да көзіміз шалған.
Жалпы, бұл ауылда ауыз­бір­ші­ліктің арқасында атқа­рыл­ған жұ­мыс­тарды тарқатам десең, жазбамды тараумен тізуге тура келеді. Бұл – менің тек бір барғанда бай­қа­ғаным. Мұндай игі бастамалар бізде де жоқ емес. Мәселен, Таң ауылындағы «Таң ЛТД» ЖШС-ның ауыл әлеуетін арттыру бағытында атқарған жұмысы соңғы жылдары серпін алды. Алдымен имандылық үйіне қолғабыс етуден бастаған шаруашылық басшысы Имамзада Шағыртаев ауыл­дан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 90 орындық балабақшаның құ­ры­лы­сын қалады. Қазіргі таңда екі қа­батты зәулім ғимаратта бүл­дір­шіндер тәрбиеленуде. Бұл бір жағынан білім саласының алға басуына сеп болса, келесі кезекте қаншама тәрбиешіні жұмыспен қамтып отыр. Мұнда да жаңағы Нағи Ілиясов ауылындағыдай көркейту-көгалдандыру жұмысына шаруашылық басшысы басымдық берген. Ал, биылғы жылдың жақсы жаңалығы жастар жылына да дайындығы жоқ емес. Ауыл жанашыры Имамзада Шағыртаев тағы де жекешелік әріптестік аясында 2 спорттық кешеннің құрылысын қалауға жұмыс жасады. Осы жылы бұл нысандар да пайдалануға беріледі. Тере берсең, Таңда да тарқатып айтар дүние көп. Енді Еңбекке оралайық.
Жалпы, осыған дейін Аққошқарға арнайы барып, жарқын жобалармен танысқанымыз жөнінде басылым бетінде қалам тербеген едік. Мақсат – бір тақырыпты талғажау ету емес, керісінше өзге де өңірлер осындай бастамалардан үлгі алса деген ниет. Мұнда да ауыл тұрғындарының бәрі бір ғана «Еңбек Жер» ЖШС-на ұйысқан. Ал, нәтижесі қалай дегенге жауап көп қой. Кеше ғана ауыл орталығынан шаруашылық басшысы үлкен тойхана мен сау­­да орталығын ашты. Әзірге қос нысан ел игілігіне жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта жастардың көңілін көтеретін орындар да жұмысын бас­тайды. Ал, Шакизхатхан­ Ысқақовтың жұмысшыларына жасап жатқан қолдауы ел аузында. Жылда мұндағы мол өнім алған еңбек адамдарының темір тұлпар тізгіндегенін былай қойғанда, биыл­дың өзінде үш күрішшісіне 3 көліктің кілті табыс етілді. Бір азамат 5 млн теңге сыйақы алды. 800, 500 мың теңгелеп сыйақы алған қызметкерлері қаншама. Ауыл жанашыры мұнан бөлек Еңбектің еңсесін көтеруге де бар күшін салды. Атпал азаматтың ауқымды жұмысын кешегі есепті кездесуде аудан әкімі әр ауылда айтып, үлгі етті. Енді нәтиже болса дейміз.
Жаңағы көрші ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылы, өзіміздің Еңбек пен Таңдағы толымды тір­лік – жұмыла білудің жемісі. Ша­руа­шылықтар іріленсе, ұсақ-түйек мәселеге бола мемлекетке алақан жаюдан арыламыз. Бір жағынан ауылдар әлеуеті артады. Елді мекендер еңсесін тіктейді. Осындай үлкен еңбектің үлгісін басқа да ауылдардан көруге мүмкіндік туады. Сондықтан, әрбір тұрғын «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөзді қаперінде ұстап, көрші ауылдардан қалыс қалмаудың қамына кіріссе дейміз.
Әйтпесе, мақалаға тұздық етіп салған суреттегі кейіпкерлердің күйін кешуіміз ғажап емес.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.

09 ақпан 2019 ж. 636 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930