Байыпты бастамалар – тұрақты дамудың тетігі
Мен үшін табиғатқа тамсана қарау жаз не күз мезгілінде болмаса, қалған мезгілде айналама аса мән бере бермеймін. Бірақ, әріптес ағам Махамбет Ахметовтің мезгіл суретттері соңғы кездері ой салып жүрген. Байыбына барсам, әр мезгілдің өзіне тән керемет келбеті болады екен. Таңда ерте тұрып, жолға шыққасын ұйқылы-ояу осындай шимай-шатпақ өз ойыммен санаса айналама көз тастап келемін. Бағыт – Еңбек пен Есет батыр ауылын еңсеріп, Жаңадарияға табан тіреу. Әр өңірдің өзіне тән өңін ашар бір керемет көрінісі бар ғой. Артта қалған қос аймақ алқапты күрішімен көпке үлгі болса, бұл ауыл мал шаруашылығымен маңдайалды еңбектің үлгісін көрсетіп жүр екен. Дариядан асқанымыз сол еді, мұнтаздай көшенің қос алқабында әрбір 400-500 метр сайын бір-бір үйдің мал ұстап отырғанын көзіміз шалды. Ауласы қоралас қойлы ауылдың тыныс-тіршілігін үлкендерден естігеніміз болмаса, ептеп танысып жатқаным осы.
ЖАҢАДАРИЯДАҒЫ ЖАРҚЫН
ЖОБАЛАР
Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл өлке халық саны аз демесең, танымал тұлғаларға, ел үшін еңбек еткен атпал азаматтарға кенде емес. Атқарған жұмысы да еңселі. Оны аудан және ауыл әкімдерінің есепті кездесуіне жиналған жұрттың жүзінен аңғардық. Жылдың жақсы жаңалығы демей не дейміз?. Былтырғы есепті кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 12 мәселенің 12-сі де шешімін тапқан. Бұл ауданда «халық саны аз өңірдің болашағы бұлыңғыр» деген түсінік жоқ. Бір ғана Жаңадария ауылын алайықшы. 500 ден астам азамат 105 шаңырақта шат-шадыман күн кешуде. Шаруашылықты жандандырған өңір халқы берекелі тірліктің жалғасы болатынынан да үмітті. «Еңбек етсең, емерсің» деген осы шығар сірә. Бақша дақылдарын күтіп баптауды бір жолға қойған жаңадариялықтар Жер-ананың берген ырзық-несібесіне кенеліп те үлгерген. Оның үстіне «Магро» фермер қожалығы ауыл маңында орналасқан «Атжайған» учаскесінен 46 гектар жер алып, бақша дақылдарын күтіп баптауды қолға алған. Қазір Жаңадария жерінен шыққан өнім республиканың бірнеше облысына, тіпті, көршілес елдерге де экспортталуда. Импортқа тәуелділікті тәуір көрмейтін бұл ауылдың болашағы жайлы енді теріс пікір айтып көр.
Өңірде ірі шаруашылықтардың көптеп құрылғаны тұрғындарға тиімді емес пе?! Қазіргі таңда бір ғана «Магро» фермер қожалығы 15 ауыл азаматын жұмыспен қамтып отыр. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың қанат жаюына ықпал етсе, келесі кезекте жергілікті халықтың ауыл асып, жұмыс іздеуіне жол бермейді. Мұны жаңадариялықтар жақсы біледі. Сондықтан болар, қазіргі таңда ауыл халқының басым бөлігі мемлекет ұсынған көмекті ұтымды пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуға бейім тұр. Жаңағы 105 отбасы қоныс тепкен ауылда қазірдің өзінде 35 шағын кәсіпорын бар. Былтыр мемлекеттік бағдарламамен 42,9 млн теңгеге қол жеткізген 10 жергілікті тұрғын жарқын жобаларды Жаңадарияда жүзеге асыруда. Мұнан бөлек екі азаматтың әзірлеген жобалары қолдау тауып, қайтарымсыз грант жеңіп алды. 1,5 млн теңгеге қол жеткізген бір ауыл азаматы пластикалық есік, терезелер жасауды жандандырамын десе, 500 мың теңгеге ие болған енді бірі құс шаруашылығын дамытсам дейді. Мұнан өзге де “Жас прожект” сынды кішігірім бағдарламада бақ сынап, қайтарымсыз қаржыға кенелгендер қаншама. Барлығының мақсаты бір, ауылда кәсіпкерлікті дамытып, өңір экономикасының өрлеуіне тамшыдай болса үлес қосу. Жеке жұмыспен қатар аймақ әлеуетін жадынан шығармаған жаңадариялықтарға мұнан кейін қай жағынан болса да аудан әкімдігі қолдау көрсетуге құлшынып отыр. Соның жемісі ғой, ауылға жүргізілген инфрақұрылымдардың сапалылығы әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Тиісті мекемелерге мұндағы жайтты баяндап, аудан әкімдігі ауыз су жүйесінің сапалылығына қолғабыс етті. Ал, жарық мәселесіне қатысты өткен жылдың өзінде 37 дана электр тарату бағанасы жаңартылды. Міне, ауылда береке, бірлік, тындырымды іс болса, аудан әкімдігі де қашанда қолдауға әзір. Мұнда жастар да уақытын бос өткізбейді. Өңірдегі білім ошағында жасөспірімдер арасында дзюдодан күрес секциясы жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде мұнда 40 бала өз біліктілігін жетілдіруде. Осынша баланың ішінен кейін кем дегенде 2-3-еуі болса да аудан, облыс, тіпті ел мерейін үстем етпесіне кім кепіл?! Қолдау көрсеткен ел ағаларының да үкілеген үміті осы. Секцияға жастардың көптеп жұмылуы да кейінгі буыннан елдің үлкен үміт күтетінін аңғартады.
Жарқын бастамаларға қол созған жаңадариялықтар биыл да үлкен жобаларды жүзеге асыруға бел буып отыр. Ауыл әкімі Ғ.Жаңашев осы жылы өңірде кәсіпорындар қатарын арттыруға жұмыс жасайтынын айтты. Сондай-ақ, жалпыхалықтың несиеге қол жеткізуне де барынша бағыт берілетінін жасырмады. Халық та риза, әкімнің де ауылдастары алдында мерейі тасыды. Олай болмағанда ше, ауқымды жұмыстар жүзеге асса, бәсін биік етуден ел тарылмайды ғой қашанда.
Ауылда орын алған қылмыстарға келсек, өткен жылы 5 есірткі егу фактісі орын алған. Оның төртеуі арнайы тікұшақтың көмегімен анықталса, бір қылмысты ауылдағы учаскелік полиция инспекторы анықтаған. Осы ретте оқырмандар тарапынан бұл ауыл жайлы теріс пікір қалыптасуы мүмкін. Бірақ, мүлде олай емес. Себебі, мұндай көлеңкелі бизнесті кәсіп етемін дегендер қатарында ауыл тұрғындары жоқ. Барлығы да сырттан келіп, жеңіл жолмен пайдаға кенелуді көздегендер. Антына адал азаматтың ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі жолында атқарған жұмысын халық та, жергілікті билік те жоғары бағалады. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасайтынына да сенім артты. Артылған сенім лайым ақталар деп сенеміз.
Жаңадарияда мұнан бөлек білім, медицина, мәдениет сияқты бірқатар әлеуметтік салалар бойынша жасалған жұмыстар жемісін берген. Оны ауыл халқы да растап отыр. Биылғы жылы осындай жұмыстар жүзеге асса деген бірнеше пікір де айтылды. Оны алдағы жылдың еншісіне қалдырайық.
Жалпы, Жалағаш ауданы бойынша жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстарды жаңадариялықтарға баяндаған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев есепті кездесуді қорытындылады. Алдымен Елбасының сарабдал саясатынан жұртты хабардар еткен өңір басшысы тындырымды жұмыстарды кеңінен тарқатты. Айта берсек, аудан өткен жылды үлкен жетістікпен қорытындылады. Барлық сала бойынша серпінді істерді жүзеге асырған жергілікті әкімдік биыл да өңір әлеуетін, аудан қазынасын молайтуға бар күшін салады. Жергілікті халық аудан әкімінің де жыл ішінде жүзеге асырған жұмыстарына жоғары баға беріп, алғысын жаудырды. Жарқын жобалар жүзеге асқан Жаңадарияда осы жылы да еңселі еңбектің үлгісін көреміз деген ниетпен Аламесекке атбасын бұрдық.
Кәсіпкерлік қанат жайған ауыл
Негізінен таң атысымен көрші Аққошқарды артқа тастап, бұл ауылдың үстімен өткенбіз. Еңбектің тұсы тәмамдалған бетте айналама көз тастап қоям. Сондағы бір байқағаным, өңірдің кіре беріс беті жайылымдық жерге кенде емес екен. Каналдың арғы жағында шаруашылықтардың берекесін арттырған күріш алқаптары сарғайып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ауыл мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да дамытуға қолайлы аймақ екен. Қаз қатар үйлер басталысымен көшенің қос жиегі талға толыпты. Бұл ауылда көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргенінің жемісі шығар сірә. Ал, мына бетінің келбеті мүлде бөлек. Егіс алқаптары жоқ демесең, жайылымдық жер жетіп артылады. Көшенің қос жиегін көзбен сүзе ауылдық мәдениет үйіне табан тіредік.
Есепті кездесуге жиылған жұрттың қарасы қалың. Ауылдың еңкейген қартынан ес білген баласына дейін осында отыр. Есіктен ентелеп әлі де келіп жатқаны қаншама. Мұның өзі ауылдың болашағына барша аламесектік ағайынның бей-жай қарамайтынын аңғартты. Әдеттегідей алдымен ауылдық учаскелік полиция инспекторының баяндамасы тыңдалды. Полиция капитаны Мақсат Сейсенбаев атқарылған жұмысты баяндауын баяндады. Өткен жылы ауылда 5 қылмыс орын алса, оның ішіндегі мал ұрлығына қатысты 2 қылмыс әлі күнге дейін ашылмай отыр. Кімнен көреміз? Ұрылардың әккілігі ме, жоқ әлде жауапты қызметкерлердің жайбасарлығы ма? Осы сауал бір толғандырып қойды. Жалпы, орын алған 5 қылмыстың біреуі ғана ашылған. Бұл – өте нашар көрсеткіш. Ауылдағы учаскелік полиция қызметкерінің жұмысына аудан әкімі осындай баға берді. Бұл – атқарылған жұмысқа берілген лайықты баға. Олай болмағанда ше? Мал ұрлығының жайылымдық жерде орын алғанын желеу етіп, жауапты қызметкерлер істің ашылмауына осы фактіні басты себеп қылатын. Ал, Аламесекте қорадан ұрланған малға қатысты қылмыстың ашылмауына не себеп? Ауылдағы пәтер ұрлығына қатысты орын алған қылмыста әлі күнге дейін кінәлілер анықталмай отыр. «Нәтижелі жұмыс қашан болады» деген сауалға «алдағы уақытта» деген полиция тарапынан берілген жауаптың жаттанды сөз екенін аудан әкімі де жасырмады.
– Орын алған бес қылмыстың біреуі ғана ашылған. Бұл – өте нашар көрсеткіш. Бұған дейін де өзге ауылдарда есепті кездесу өткізіп жатырмыз. Бір ауылдың учаскелік полициясы 70 пайызға ашса, енді бірі орын алған қылмысты толығымен ашып жатыр. Мал ұрлығына қатысты да ашылмаған қылмыстар бар. Өрісте жоғалған мал иесіз жайылымдық жерде жоғалды дейсіздер. Ал, қорадан ұрланған малға қатысты қылмыстың ашылмауына не себеп? Екі пәтер ұрлығы орын алған, ол неге ашылмайды? Айтатын жауаптарыңның бәрі брдей. Алдағы уақытта орындалады. Жұмыс жасалып жатыр, тағысын тағы. Осыған дейінгі ауылдардағы учаскелік полиция инспекторларына қарағанда сенің көрсеткішің өте төмен, – деді өңір басшысы.
Мұнан кейін ауылдық округ әкімі Нұрлан Опабеков жыл ішінде Аламесекте атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатты. Екі жыл бұрын Есет батырдың есімін алған бұл ауылда еңселі жұмыстар жоқ емес. Екі мыңға жуық халық берекелі күн кешкен өңірде мал шаруашылығымен егін шаруашылығы қатар дамып келеді. Білім, медицина, спорт сынды бірқатар салада серпін бар. Ал, кәсіпкерлік саласына келсек, мемлекеттік бағдарламамен шағын несиеге қол жеткізген 14 азаматтың 11-і бүгінде өз кәсібін бастады. Өткен жылдың өзінде 71 кәсіпорын жұмыс жасаса, биыл олардың қатарын арттыруға тиісті жұмыстар жасау жоспарда бар екен.
Есепті кездесу әдеттегідей аудан әкімінің баяндамасымен қорытындыланды. Жыл ішінде жүзеге асқан жұмысты тілге тиек еткен Қайратбек Әубәкірұлы ауыл халқын жалпы аудан бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Мұнан кейін әдеттегідей жергілікті тұрғындарға кезек берілді. Бұл жолы ауыл халқы жан-жақтан дауыс көтермей мәдениеттіліктің үлгісін көрсетті. Ауыл ақсақалы Темірхан Әжібеков тұрғындар тарапынан айтылатын ұсыныстарды бірауыздан баяндап, жүзеге асса деген ойларын ортаға салды.
Темірхан ақсақалдың сөзінше, ауылдағы егіс алқаптарында жердің ротациясын сақтау бір жүйеге қойылмаған. Мұны жауапты бөлім басшылары да жоққа шығармады. Осы ретте аудан әкімі жерді тиімді пайдаланбаған шаруашалықтардың егіс алқаптары қайтып алынатынын жеткізді. Әдетте, мұндай жұмыстар облыс тарапынан жүзеге асса, енді бұл жерлерді қадағалау аудан әкімдігінің құзырына берілді. Ал, жарық мәселесіне келсек, бағаналардың тозығы жеткені де тұрғындар пікіріне арқау болды. Бірақ, оларды қалыпқа келтіру жұмыстары, яғни Есет батыр ауылындағы жарық жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу биылғы жылдың жоспарында бар екен.
Темірхан ағамыз ауылдағы мал ұрлығына қатысты қылмысты ашу бір ғана учаскелік полицияның қолынан келетін жұмыс емес екенін алға тартты. Осы ретте ауыл ақсақалы аудандық полиция бөлімінің басшысына арнайы ауылға келіп, халықпен еркін мкездесу ұйымдастырса деген ұтымды ұсынынсын ортаға салды. Ол жиынды да алдағы күннің еншісіне қалдырайық. Жалпы, аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орынды екенін айтып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Ауыл халқы да әкімдердің есепті кездесуіне жоғары баға берді. Кездесу соңындағы біршама уақытқа жалғасқан диалогтан кейін Еңбекке ептеп қадам бастық.
Абаттанған ауылдың
әлеуеті жоғары
Естеріңізде болса, Аққошқарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыс барысы жайында бір ай бұрын ғана басылым бетінде қалам тербеген едік. Бір ғана шаруашылыққа жұмылған жергілікті халық ауызбіршіліктің үлкен табысқа кенелтетініне көз жеткізіп отыр. “Еңбек жер” ШҚ-ның төрағасы Шакизатханның ауыл әлеуетін арттыруға жасап жатқан жұмысын тілге тиек етсек, басылымның бірнеше бетін арнауға тура келеді. Бірақ, неге қысқаша шолу жасамасқа?.
Бұл ретте “жағдайы болып тұрса, кім болса сол мұндай жұмысты атқарады ғой” деген жаттанды сөз жеңіл ойлы кез келген жанның ойына келуі мүмкін. Бірақ, Шакизатхан Ысқақов шаруашылық жұмысын енді қолға алған жылдары ауылдағы имандылық үйін салып берді. Ал, мұнан кейінгі туған жерге тағзым етіп, жасаған қолғабысын тізе берсең, көз сүрінеді. Кеше ғана ауыл орталығынан үлкен тойхана мен шағын маркет өз жұмысын бастады. Бұл да ауыл мақтанышының өз қаражаты есебінен жүзеге асқан жарқын жоба. Мектеп оқушыларының сапалы білім алуына да барынша қолдау көрсетті. Биылғы егін жинау науқанының қорытындысында мол өнім алған шаруашылық еңбеккерлерінің бір емес, бірнеше еңбек адамына темір тұлпардың кілтін табыс етті. Тіпті, енді бірі қаржылай 5 млн теңгенің жеңімпазы атанды. Осындай қолдау шаруашылық еңбеккерлерін ынталандырады. Кешегі аптада ауылға барған едім. Сонда ағаларым Аққошқардағы “Еңбек жер” шаруа қожалығы басшысының қызметкерлеріне барлық жағдай жасап жатқанын әңгімеге арқау етіп отыр екен. Сонда бір ағамыздың айтқаны Еңбектегі бір танысы сол шаруашылықта жұмыс істейді екен. “Бізде мол өнім алған адамға қаржылай да, материалдық тұрғыдан да бар жағдай жасалады. Осындай табыстан құр қалмау үшін қыстай кетпенімізді қайрап отырамыз” деп әзілдейтін көрінеді. Қарқынды қолдау қыстай кетпен қайратпаса да жұмысшыларға жігер беретіні анық қой. Жә, енді есепті кездесуге оралайық. Айтпақшы бұған дейінгі ауылдарда өткен жиындарда аудан басшысы Еңбектегі еңселі шаруашылық төрағасынан үлгі алу керектігін айтты. Бұл – ала білсе, ақылған қонымды кеңес.
Жалпы, Еңбек ауылы берекесі артқан өңір ғой. Ауылда кәсіпкерлік те артқан. Халықтың әлеуметтік жағдайында да тұрақты өсім бар. Қылмыстар саны да төмен. Ауылдағы учаскелік полиция жұмысына да жергілікті тұрғындар дән риза. Бүгінгі кездесуде тұрғындар тарапынан ауылдағы бір-екі көшеге жөндеу жұмыстары жүрсе деген халықтың ұсынысы да аудан әкімі тарапынан қолдау тапты. “Шаруашылық қолдау көрсетіп жатқанда біз де аянып қалмаймыз” деп аудан басшысы жол жөндеуге қаржы бөлетінін жеткізді. Ал, жедел жәрдем көлігінің көнергеніне қатысты жаңа көлік бөлінсе деген өтініш те сол жерде шешімін тапты. Биыл облыстан ауданға 5 жедел жәрдем көлігі бөлінсе, соның бірі осы ауылға берілетін болды. Өзі басқосуда бас-аяғы екі мәселе көтерілді, екеуі де қанағаттандырылды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Аудан және ауыл әкімдерінің баяндамасын тыңдаған өңір халқы қос әкімнің де жыл ішінде атқарған жұмысына жоғары баға берді. Осылайша, бір күнгі есепті кездесуді біз де тәмамдадық.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ,
М.АХМЕТОВ (сурет).