"ҚҰРМЕТ" ОРДЕНІН КЕУДЕСІНЕ ТАҚТЫ
"Кім елі үшін еңбек етсе, оның маңдайынан төгілген терінің әр тамшысында береке болады" дейді хадистерде. Рас, еліне адал қызмет қылған кісінің жанары нұрланып, маңдайы жарқырап тұрады. Біздің ауданымызда да ел үшін еңбек етіп келе жатқан азаматтар бар. Солардың бірі де бірегейі – кәсіпкер, "Таң ЛТД" ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев.
Имамзада Қуанышбайұлының есімі ауданымызға ғана емес, қазірде облыс жұртшылығына етене таныс. Еңбегімен жерден алған ырзығын елімен бөліскен жомарт жүректі ерді халық қашанда көкке көтереді, құрметтейді. Имамзада ағамыз да бүгінде елдің алғысын алып, құрметіне бөленген жан.
"Ауылын көріп, азаматын таны" депті бұрынғылар. Кәсіпкер азамат бүгінде өзінің кіндік қаны тамған мекені – Таң ауылын көркейтіп, абаттандыруға білек сыбанып, бел буып кіріскен. Алдымен ауыл орталығындағы қаңырап қалған екіқабатты балабақшаны өз қаржысына толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, бүлдіршіндерді қуантты. Одан соң тағы да бос тұрған бір ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, спорт кешенін ашты және бұл екі нысанды да қажетті жабдықтармен толықтай қамтамасыз етті. Кәсіпкердің қаражаты есебінен ауылдағы басқа да әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. Ауылдан күріш өңдеу зауытын салды. Ішкі көшелерін асфальттап, жарықтандырды және бұрын болмаған орталық алаң жасақтады. Балалар үшін ойын алаңын салып берді. Таң ауылының кіреберіс жолының екі қапталын үлкен баққа айналдырды және ол жасыл белдеулі аймақтың көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Алдағы уақытта да кәсіпкер жеке қаражаты есебінен көптеген игілікті жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. “Өзіме де болсын, елімнің де ырысы толсын” деп еңбек етіп, тер төгіп жүрген азаматқа қандай құрмет көрсетіп, қошемет білдірсе де жарасады. Өйткені, ел дегенде еміреніп тұратын еңселі ер қандай марапатқа да лайық.
Биыл Қазақстанның егемендік алып, өз алдына дербес ел болып, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқанына 30 жыл толды. Еліміздің осы мерейлі мерекесі қарсаңында әр салада абыройлы, адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерге мемлекет тарапынан жоғары деңгейде құрмет көрсетіліп, түрлі марапаттар табысталды. Сол құрметтілердің алдыңғы сапында Имамзада Шағыртаев та бар. Жуырда облыс орталығындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Жасампаздыққа толы жылдар" атты салтанатты жиында өз саласы бойынша халықтың абыройына бөленіп, қызмет атқарып келе жатқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сол мерекелік шарада Имамзада Қуанышбайұлының кеудесіне ерекше ықыласпен еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі – "Құрмет" орденін тағылды. Залдағы көпшілік көрерменнің толассыз қошеметпен соққан шапалағы еңбек адамының сондай марапатқа әбден лайық екенін дәлелдеп тұрғандай болды. Жерлесіміздің абыройы – жалағаштықтардың мәртебесі. Өйткені, қашанда елі еріне арқа сүйейді, ері еліне қызмет қылады.
Қуат Ахетов