» » БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ


Күллі қазақ жұрты бүгін ешкімге тәуелді емес. Біреудің тілінде сөйлеп, біреудің дінін ұстанып, мәдениетін түйсінуге де тиісті емес. Керісінше өз тілінің мәртебесін көтеріп, дінінен адаспай, мәдениетін дамытуы қажет. Кешегі қазақтың басынан өткен қилы кезең, тарихтың том-том беттерінде сақтаулы тұрған мәдени мол мұрамыз бен болашаққа бастаған игі істеріміз үндесім тапқанда ғана ұлттық болмысымызды жоғалтып алмаймыз. Өйткені өткенге көз жүгіртпей, келешекке қадам басу мүмкін емес.

«Тәуелді деген сөзді тудырған күштілер» дейді Шерхан Мұртаза бір сөзінде. Иә, ол – табиғи заңдылық. Жанды жаратылыс иелеріне тән әлсіздерді басыну, әлімжеттік жасау, күш көрсетіп өзгенің жеке кеңістігіне өтіп кету адамға таңсық дүние емес. Әуелгіге үңілмей-ақ тарихтан білетін көтерілістерге зер салайықшы. Не үшін қазақтың марғасқа жігіттері қолдарына найза ұстап, садақ асынды? Неге Махамбет Өтемісұлы «Қасарысқан жауына, Қанды көбік жұтқызбай. Халыққа тентек атанбай, Ерлердің ісі бітер ме?» деп жырлады? Не себепті тарихтың қай кезеңін ашсақ та қазақтың нәубетіне кезігеміз?

Міне, біз жоғарыда айтқан сөздерге тарихи дәлел. Қазақ – жауынгер халық. Қазақ – о бастан еркіндік үшін жаралған текті ел. Қаны таза, жаны бөлек, болмысы ерек, ұланғайыр кеңжазиралы даланы мекен еткен кеңпейіл ұлтпыз. Кеңпейілділігіміз де талайдың бір ұртына арамдық ұялатқан еді. Қазақтың еншісіндегі кең даланы басып алмақ ниетте жай жатқан елге соқтыққан жаудың кесірінен орын алған көтерілістер көп. Азаттық үшін күрестер көп болғанымен ұлттық рухымыз әлсіремеді. Керісінше жұмырбасты пендеге берілген намыс пен ар-ождан сынды өлшенбес қасиеттер күшейе түсіп, қазақтың батыр-баһадүрлері бір-бірлерін қайрады. Жесір мен жетімін жылатпаған халық қасық қаны қалғанша намыс туын құлатпады. Әр кезеңде жасалған шапқыншылықтар, ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстар да ел мен жер дауын желеу еткен болатын. Шынболаттай шыңдалған, мыңғырған әскерімен, қару-жарағымен жасақталған жау шебіне ата-бабаларымыздың бірнеше есе аз жауынгермен төтеп беруіне жігер берген бүгінгі ұрпақтарының қамсыз күн кешсін деген асыл арманы еді. Азаттық ата-баба арманы дейтініміз де сол ғой.

Ендігі жерде осындай қиындықпен келген тәуелсіздіктің бәрінен қымбат, баршасынан жоғары тұратынын жастар­дың санасына орнықтыру – мемлекет үшін де, әрбір отбасы үшін де кезек күттірмес міндет. Оның баға жетпес құндылық екенін жастарға ұғындырса, қызғыштай қоритын болады. Ел Президентінің бұл мәселеге кино саласының мамандарын тартуды ұсынуында үлкен мән бар. Өйткені қазіргі заманда саясаттың ықпалды құралына айналған өнердің мүмкіндігі ұшан-теңіз. Бұл жастардың сана-сезіміне тезірек әсер ету жолы. Расында, сонау Алтын Орда заманынан бері қарай бүгінгі Ақ Ордаға дейін қаншама тарихи оқиғалар өтті.

Жалпы біз кеше ғана тәуелсіздік алған жас мемлекет болғанымызбен, тарихымыз тереңде. Том-том тарих беттерін ақтарсаңыз, қазақ деген халықтың сондай қайсар, өжет екенін түсінесіз. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз талай зұлмат заманды, сұрапыл соғысты, қанды шайқасты да көрді, еңсерді. Енді бүгінгі біздің міндетіміз – осы бейбіт заманның қалай орнағанын, қандай қиындықпен келгенін және ұлттық құндылықтардың сарқылмас қазына екенін ұрпақ жадына сіңіру. Насихаттап, үлгі ретінде қалдыру болмақ. Елінің қамын ойлаған, қазақтың еркіндікте өмір сүруі үшін күрескен осындай қаһарман бабаларымыз жайлы құндылықтарды түгендеу – рухани кемелдікке жол ашатын игі іс. Сондықтан еліміздің тарихын ұлттық идея тұрғысынан ойлаған батырларымыздың ерлік істерін саралап, келешек ұрпаққа ақиқат тұрғысынан баға бере отырып, оларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу – басты міндетіміз. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан бір тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген» деген болатын.

Тарихи жадымыз қайта жаңғырып, ұрпақ алдындағы борышымыз орындалсын десек, бабалар аманатына құрметпен қарап, оларды ұлықтау ісінде өзгелерден озық болуымыз керек. Қазақ тарихында ерекше тебіреніспен еске алынатын дәуір ХVІІ, ХVІІІ ғасырлар. Себебі жоңғарларға қарсы кескілескен қиын-қыстау заман елдің келешегіне, қазақтың ұлт болып сақталып қалуына қауіп төнген тұс болатын. Ал ХІХ ғасыр қазақ халқы Қоқан хандығының қысымы мен Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрес жүргізген дәуірі еді. Ел басына күн туған кезеңде азаттық жолында күрескен батыр да батыл, ержүрек бабаларымыз көп болғаны мәлім. Міне, осы тұста тарих бетінде елі мен жері үшін қалмақ-жоңғарлармен де батыл шайқасқан батырлардың өзі бір төбе болды.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген­дей, кешегі батырлардың жалғасы – бүгінгі ұрпақ. Ал атадан жеткен аманатты арқалап жүру одан да ауыр. Оған лайық болу өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы бүгінгідей күнде, өзгерген алмағайып заманда тіліміздің шұбарланып, жұл­ма­лануынан, ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылып, жо­ға­луынан сақтанып, ар-намысымыз бен егемендігіміздің биік болуын бірінші орынға қоюымыз керек. Себебі бейбіт күннің ба­ғасы бәрінен қымбат.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
16 желтоқсан 2021 ж. 386 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930