» » Бұдан артық бақыт жоқ

Бұдан артық бақыт жоқ


1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендігін алып, сандаған жылдар бодандықтың қамытын киген халқымыз үшін «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышты күн болды. Жалпы, тәуелсіздікке қол жеткізу жеңіл болған жоқ, тарихшылардың айтуынша, соңғы үш ғасырда азаттық деп атқа қонған батыр бабаларымыздың бастауымен отаршылдыққа қарсы үш жүзден аса ірілі-ұсақты көтеріліс болған екен. Соның ішінде қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі ұзаққа созылып, есіл ер он жыл бойы ат үстінен түспей ақтық демі үзілгенше күресті. Осыдан-ақ азаттықтың құндылығы мен қадірін толық түсінуге болады.

Тәуелсіздіктің тірегі – экономика. Еге­мендік алған жылдары ел экономикасы күрделі кезеңді бастан кешті. Қазақ­стан­ның дамуына күш беріп отырған алып өндірістер тұралап, жұмыссыздық белең алды. Ауылшаруашылық саласы да құл­дырауға ұшырады. Соны білген Елбасы: «Алдымен –экономика, содан кейін – сая­сат» деген тұжырымдаманы ұста­нып, өркениетті елдер ізімен нарық­тық қарым-қатынас жолына түсіп, экономиканы көтеруді басты мақсат тұтты. Осы бағытта шет мемлекеттерден инвестиция тартылып, ауқымды жобалар қолға алынды.

Қиындыққа толы болса да, тарихи кезең деп айтуға болатын осы бір жылдар кешегі күндей көз алдымда тұр. Мен онда Ақмола мемлекеттік аймақтық Мүлік комитеті төрағасының орынбасары, кейін басшысы болдым. Бұл қызметке келгеніме көп бола қойған жоқ, оған мені облыстық атқару комитетінің төрағасы, ардақты азамат Қайредин Кәрібаев деген ағамыз шақырды. Мамандығым инженер-құрылысшы болса да бұған дейін аудан­дық, облыстық партия саласындағы ұйым­­дастыру бөлімінде жұмыс істедім. Сон­­дықтан жаңа қызметімді ептеп то­сыр­­­­қа­дым. Өйткені Кеңес заманында өмір­ге келдім, соның тәрбиесін алдым, жеке­шелендіруден хабарым аз.

Шындығын айтқанда, Кеңес өкіметі билікке келгеннен кейін «жекеменшік» деген ұғымды жойып, барлығын мемлекет мүлкіне айналдырды. Бұл халықтың да санасына сіңіп кетті, енді оны өзгерту де оңай емес. Сонымен іле-шала жекешелендіру реформасы қолға алынды. Әрине, оны жүргізу оңай болмады, алдымыздан біраз кедергілер кездесті. Мәселен, Ақмола қаласында тың игеру жылдары салынған біраз іргелі зауыттар жабылып, онда жұмыс іс­теген 30-35 мың адам жұмыссыз қал­ды. Дүкендердің сөресі босап, жалақы уақытымен берілмеді. Қысқасы, халық не істерін білмей, абдырады.

1991 жылы «Жекешелендіру туралы» заң қабылданып, соның шеңберінде жекешелендіру жұмыстары қолға алынды. Қолымызда оны қалай жүргізудің әдістемесі жоқ, сондықтан бәрін жаңадан бастауға тура келді. Сондағы күйімізді, бейнелеп айтқанда, бізді лапылдаған отқа қойып кеткенге теңеуге болады.

1992 жылдың басында қазіргі «Жастар» сарайында облыс тұрғындарына хабарландыру жасап, алғаш заңды түрде ашық аукцион өткізіп, онда шаһардағы дүкен, ресторан секілді шағын ғимараттарды сатылымға шығардық. Осыдан кейін жаппай жекешелендіру басталды. Әсі­ресе мені ауылшаруашылық саласындағы жеке­шелендіру мәселесі көп толған­дырды. 1993 жыл Елбасы Ақ­молаға келіп, облыс­ты аралап, шаруа­шылық басшылармен кездесті. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев қала іргесіндегі «Родина» совхозына ат басын тіреп, сол шаруашылықтың жұ­мысымен танысты. Онда аталған сов­хоздың директоры, жас жігіт Иван Сауэр. Мен оны бұрыннан білемін. Елбасы да сол кезде қатты толғанып жүрсе керек, шаруашылықтың жас басшысынан «осы салаға жекешелендіруді қалай жүргізсек болады» деген ойын сұра­ғанда, Иван Сауэр: «Нұрсұлтан Әбішұлы, қазіргі жағдайда басшылықта отырған азаматтарға совхоздың 30 пайыз үлесін сатса, қалай болады. Білімді, білікті директорлар өз шаруашылықтарын сақтап қалар еді» деген пікірін айтады.

Тұңғыш Президентіміз сол жылы алты ай көлемінде осы жобаны эксперимент ретінде кіргізуге қаулы шығарды. Біз оны ел арасына барып, насихаттап, шаруашылық басқарып отырғандарға түсіндірдік. Өзім танитын азаматтарға да шығып, сөйлестім. Оған көпшілігінің батылы бармады. Тек суырылып Иван Сауэр ғана шығып, «Осыны Елбасына айтқан мен едім. Сондықтан сөзімде тұрып, оны іске асырамын» деді. Сөйтіп «Родина» ауылында ашық аукцион өтіп, оған ауыл тұрғындары қатысып, ол отыз пайыз үлесіне ие болды. Қазір Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» жауапкершілігі серіктестігі – елі­міз­дегі ең озық шаруашылықтың бірі.

Тәуелсіздік дегенде екі ғасыр тоғысын­дағы тарихи көш – астананың ауысуын айтар едім. Алғашында Ақмола астана болады дегенге ешкім сене қойған жоқ, өзім де екіұдай ойда болдым. Өйткені экономикамыз әлі әлсіз, халықтың жағдайы төмен, әлеуметтік мәселелер толық шешілген жоқ. Соған қарамастан, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы тарихи шешім қабылдап, еліміздің бас ордасын Алатау­дың етегіндегі әсем Алматыдан Арқа тө­сіндегі Ақмолаға көшірді. Шын мәнінде, мұны Елбасының ерлігі деп айтуға болады.

Қазақстан Республикасының Жоғар­ғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде астана­ны Алматыдан Ақмолаға ауыстыру тура­­лы шешім қабылдады. Сол кез­дегі Мем­лекеттік мүлік комитетінің төраға­сы Жәні­­бек Кәрібжанов хабарласып: «Сан­сыз­бай, жекешелендіру кезінде үлкен ме­ке­мелердің ғимараттарын мемлекет қо­рын­да сақтап қал, кейін керек болады», деп айтқаны ақыл болып, кейін Алма­ты­дан қоныс аударған мем­лекеттік органдарды сол ғимараттарға орналастырдық.

Астананы көшіру жұмысы 1996 жыл басталып, Мемлекеттік комиссия құрамына  Мемлекеттік мүлік коми­теті төрағасының орынбасары, Ақмола мемлекеттік аймақтық Мүлік комитеті төрағасы ретінде кірдім. Комиссия төрағасы Н.Макиевский екеуміз кейде қаланы жаяу аралап, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін жер шоламыз. Шын­дығында, ол жылдар өте қиын еді. Бір­қатар көпқабатты тұрғын үйлер суық, электр жүйесі ескірген, тез істен шығып қала береді. Сондай-ақ қала көшелерінің жолдары дұрыс жөндеу көрмегендіктен, әбден тозған. Бұларды жөндеу үшін бір жыл емес, көп уақыт керек екені белгілі. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі істемейді. Бұған да қыруар қаражат қажет. Тіпті қар тазалайтын техника жетіспеді. Соған қарамастан қиындықты жеңуге күш салдық.

1997 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Содан екі апта өткенде, яғни 8 қарашада елдің бас ордасы атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мем­лекеттік рәміздер эталондары мен Пре­­зидент байрағы салтанатты жағ­дайда жеткізілді. Атаулы шара бұрынғы облыс­тық әкімшілік, қазіргі елорда әкім­дігі алдындағы алаңда өтті. Дәл сол жылы 10 желтоқсанда Елбасы Жарлығы­мен қалаға Әділбек Жақсыбеков әкім болып тағайындалып, мен сол кісінің орын­басары болып келдім. Сол жылдары Нұр­сұлтан Назарбаев жылына екі рет қала активімен кездесіп, барлық мәсе­лені ортаға салады. Біз де ол кісіге ат­қар­­ған жұ­мысымыз жайында есеп бере­міз. Барлық жағдайды Елбасы біліп, түсі­ніп отырады. 2003 жылдан шаһар­дағы су құбырлары мен кәріздерді жөн­деуден өткізіп, 1-ші және 2-ші Жылу орталы­ғы­на жаңғырту жұмыстары басталды. Жол­дарға асфальт төселіп, көшелер жарық­тандырылды.

Қазір елорда – адам танымастай өзгер­ген. Әлемдегі сұлу да көркем астана­лар­дың бірі. Жан-жағын жасыл орман көм­керген, биік үйлері көкпен тірескен әсем қалаға айналған. Экономикасы мен өндірісі дамыған, үлкен мегополис. Шет аймақтардың да мәселелері біртіндеп шешілді. Ақмола астанаға айналғаннан кейін елордаға Алматыдан зиялы қауым өкілдері қоныс аударып, қаланың рухани өмірі де жандана түсті.

Екі ғасыр тоғысында бой көтерген жас астананың қалыптасуы мен дамуына Елбасының сіңірген еңбегі зор болды. Сол кісінің басшылығымен елорда­ның көркеюіне аз болса да өз үлесімді қосқанымды, өмірімнің бағалы сәттерінің бірі деп санаймын.

Бүгінде бас қаланың тұрғындары 1 миллион 200 мыңнан асты, бұл сан әлі көбейе түседі. Сондықтан бір өзекті мәселені айта кеткім келіп отыр. Елорданы тіршілік көзімен қамтып отырған «Астана» су қоймасы 1968 жылы бой көтерген, ол 300 мың тұрғынға шақталып жасалған. Қазір қала халқы 1 миллионнан асты. Мәселен, қар қалың түспей су келмесе, үлкен проблема туады. Мысалы, 2001 жылы қоймаға су келмей қалып, не істерімізді білмедік. Сонда Елбасы қаржы бөліп, жарты жыл ішінде Қарағанды – Ертіс каналынан 20 шақырымға су құбырын тарттық. Енді осы каналдан 80-90 шақырымды құрайтын «Астана» су қоймасына құбыр тарту керек. Сонда бұл мәселе шешімін табады. Бұл жайында әлі жоба дайындалған жоқ.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Елбасының: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлт­тық жалғыз мемлекетінің нығайып-көр­кеюі жолында жан теріңді сығып жүріп ең­бек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің еке­нің­ді ұмытпа!» деген қанатты сөзі адамға маз­мұнды ой салады.
Қорытып айтқанда, тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ, осы жолда қаншама ата-бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, құрбан болды. Ендеше, сол киелі ұғымды еліміздің әрбір азаматы қадір тұтып, қастерлей білуі қажет. Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасасын!
 
Сансызбай ЕСІЛОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

16 желтоқсан 2021 ж. 395 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930