Әрбір жобаның күтіміне баршамыз жауаптымыз
Жұма күні түстен кейін жұмысқа келгенім сол еді, телефон шыр етті. Хабарласып тұрған кент әкімі Ғалымжан Телібаев екен. Аман-саулық сұрасып болғаннан кейін Ғалекең негізгі шаруасын айтты. Бақсақ, биыл кент орталығындағы С.Мұқашов паркіне бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Иә, мекемеміз бір жолдың бойында орналасқаннан кейін парк ішінде айтарлықтай оң өзгеріс барын көріп те жүрміз. Табанына брусчатка төселіп, бірқатар заманауи жарықшамдар орнатылған. Мұнан бөлек парк ішінде салауатты өмір салтын ұстанушыларға да арнайы жағдай жасалған.
Әріптесім Жандос Жазкенмен әлгі аудан орталығындағы паркке жетіп бардым. Кент әкімінің қабағы қатулы. Жүзінен бір нәрсеге көңілі толмай тұрғаны анық байқалады. Есіктен енгеніміз сол еді, алдымызда әлгі жарық бағаналарындағы шамдардың жарықшалары, патрондары шашылып жатыр. Кейбірінің төбесіндегі жарықшамдар төмен салбырап тұр, оның да істен шыққаны анық байқалады. Ғалекеңнің неге қапа болғанын сонда ғана байқадық.
“Кеше ғана жөндеу жұмыстарын жүргізген едік, демалыс орнының ажары айшықталып қалып еді. Қазіргі кейпі мынау, кімнің не үшін жасағаны беймәлім, бірақ кенттің келбеті баршамызға ортақ абырой ғой” дейді ол.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға Қайратбек Сәрсенбаев әкім болып тағайындалғанда актив отырысындағы ел ағаларының бірауыз сөзі еске түсті. Сонда облыс орталығынан келген меймандар тарапынан аудан орталығы ауылдың кейпінде қалып кеткені, сондықтан кентті көркейту жұмыстарына басымдық беру қажеттігі айтылған. Қазір одан бері де бірнеше жыл өтті. Өңірге басшы болып келген Асылбек Өмірбекұлы елді мекеннің еңсесін тіктеуде ілкімді жобаларды жүзеге асырып жатқанын көріп те, оны қалың бұқараға жеткізіп те жүрміз. Ал мына парк ішіне жүргізілген жөндеу жұмыстары кімнің көзіне түрпідей көрінді екен?
Жыл басында халықтың бейбіт шеруін жымысқы әрекетімен өз пайдасына шешу үшін содырлардың қаланы қиратып, тұтас аймақтың ажарына нұқсан келтіргенін көрдік. Соның салдарынан мемлекетке үлкен шығын келді. Ал бейбіт күнде орын алған мына жағдайды неге жоримыз? Халықтың қажетіне деп жасалған қай дүниенің де күтімі баршамызды алаңдатуы тиіс қой. Жарайды, мұны мектеп оқушылары жасады десек, барлығын балалыққа жауып кешіруге тура келер, бірақ кенттегі әрбір жобаға нұқсан келтірудің арты жақсылыққа алып бармайтынын ата-аналар балаларына түсіндіруі керек. Ал бұл ересектердің ісі болса, айтарға сөзім жоқ.
Мына жағдай да назарға алынуы тиіс, қаншама қаражатқа жасалған жобаның күтімі тек халықты ғана емес, ел ағаларын да алаңдатуы тиіс. Мәселен, кенттің қақ ортасында орналасқан парк аудандағы ешқандай бейнебақылау камерасына ілікпейді және онда не қарауыл жоқ. Иә, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат мақсатты жұмсалған шығар, бірақ оның игілігін ел көруі қажет, осыны да ескерген жөн шығар, сірә. Әрбір жоба мемлекет қаражатымен жүзеге асқаннан кейін оның күтімі баршамызды алаңдатуы тиіс.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ