Жол құрылысы қарқын алды
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жалағаш ауданында көбіне жол сапасына қатысты жолаушылар мен тұрғындар тарапынан сын айтылатын. Кент пен облыс орталығын жалғап жатқан үлкен жолды айтпағанда ішкі көшелердің де сапасы сын көтермейтіні рас та еді. Ал қазір ше, ауданда соңғы жылдары бұл мәселені шешуге ел ағалары тарапынан көптеп көңіл бөлініп, тіпті бұрын асфальт көрмеген жолдар да күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесін бүгінде халық көріп отыр. Ішкі көшелердің көбісі жөндеуден өтіп, өңірде жол құрылысының қарқын алғаны қуантарлық жағдай, әрине.
Қазіргі таңда аудан көлемінде республикалық маңызы бар 50 шақырым, облыстық маңызы бар 61 шақырым автомобиль жолдары қанағаттанарлық жағдайда екен.Ал аудандық маңыздағы 120,7 шақырым автомобиль жолының бүгінде 21,4 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Бұл жолдардың да сапасын жақсартуды ел ағалары назардан тыс қалдырмайды.
Бұрын ауылдық елді мекендерді айтпағанда кент орталығында бірқатар ішкі көшелердің сапасына қатысты мәселе де жетіп артылатын. Мәселен, орталықтағы Абай көшесін алайық. Дәл осы орталық көшенің базар маңы жауын жауса көлшікке айналатыны әлі күнге дейін халықтың есінде. Ал қазір ше, Ұлы ақын атындағы бұл көше толық жөндеуден өтіп, бүгінде оның тек жолаушылар ғана емес, қалың жұрт игілігін көріп отыр.
Еңбек Ері Алдаберген Бисенов атындағы көшенің тұрғындары да жол сапасының сын көтермейтінін жиі айтатын. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламамен кент ішіндегі бұл көше де толық жөндеуден өтті. Барлық көшенің құрылысының сапасы тікелей аудан әкімі А.Шаменовтың бақылауында болды. Тіпті өзі де барып, ондағы мердігер мекеме қызметкерлерінің ертең мұның халық зардабын емес, игілігін көруі қажеттігін ұдайы назарына салып отырды. Ал нәтижесін бүгінде көріп отырмыз.
Кент орталығындағы Б.Сопбеков атындағы көшемен жауын күні былай тұрсын, құрғақ күнде көлікпен жүру жолаушылар үшін мұң еді. Бұл көше де бүгінде толық жөндеуден өтіп, асфалтталды. Әсіресе дәл осы ішкі көшенің құрылысына қатысты халық жиі оң пікір айтып жатқанын біз де байқаймыз.
Кент орталығынан бөлек бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерге кіреберіс жолдардың құрылысы да Жалағашта қарқын алды. Жақында ғана жөндеуден өткен Есет батыр ауылы мен Еңбек ауылдық округін жалғайтын жолдың сапасын айтар болсақ, бұл жолдың қазіргі жағдайы мен бұрынғы ахуалының арасы жер мен көктей. Ой-шұқыры көп ауылға алып баратын жолдың мәселесі жолаушыларға айтарлықтай қиындық тудырғаны рас. Бірақ нәтижелі еңбектің арқасында бұл мәселе де түбегейлі шешімін тапты. Енді осы жолдың бойында орналасқан көпірдің сапасына да жергілікті биліктің көңіл бөлуі халықтың қуанышын еселеді. Дәл осындай жағымды жаңалық Мәдениет ауылында да бар. Ауылға кіреберіс жолдың жөндеуден өтуі жергілікті халықтың қуанышына айналды.
Айта кетейік, мұнан бөлек «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел қазынасынан қаралған 471 млн теңгеге Таң ауылының 14 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Мәдениет ауылындағы 1 көшені орташа жөндеуге облыс тайқазанынан 38 млн теңге қаржы қаралып отыр. Жаңа жоғарыда атап өткен аудандық маңызы бар Мәдениет елді мекені бағытындағы автомобиль жолының 0-9,4 шақырым аралығын орташа жөндеуге және Еңбек-Есет батыр аралығындағы 12,3 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 614 млн теңге қаралды.
Соңғы жылдары аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын халық та көріп отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын Бұқарбай батыр және Ақсу ауылдарының кіреберіс жолдары мен Жаңадария және Аққыр бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу үшін 4 жобаның сметалық құжаттары қаржыландыруға ұсынылған. Сондай-ақ кент және ауылдық елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеуге 1,8 млрд теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, алдағы уақытта бұл жұмыстар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Жол сапасын жақсарту мақсатында атқарылған шаруа аз емес. Бірақ бұл ауданда осымен жол мәселесі түбегейлі шешімін тапты дегенді де білдірмейді. Басқа да жөндеуді қажет ететін ішкі көшелер мен жолдардың мәселесі де ел ағаларының назарында. Бастысы нәтижелі еңбектің халық игілігін көріп отырғаны қуантады.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ