ЖОЛ САПАСЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ
Жалағашта кент орталығындағы көшелердің құрылыс сапасын арттыру жолында атқарылған жұмыстар бүгінде өз жемісін беріп жатыр. Негізінен ауданда жалпы ұзындығы 223,3 км құрайтын автомобиль жолдары болса, Оның 50 км-сы республикалық, 60,6 км-сы облыстық және 112,7 км-сы аудандық маңызы бар жолдар болып табылады. Бүгінде аудандық маңыздағы 111,7 км жолға асфальт төселген. Былтыр аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 78,4 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 90 пайызға жуықтап отыр.
Жалағашта жалпы ұзындығы 206,5 шақырымды құрайтын 202 көше бар. Былтыр жол сапасын арттыруда игі шаралар қолға алынып, көшелердің құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұл бағытта қолға алынған жобаларға өткен жылдың өзінде 1 млрд 417,008 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер жөндеуден өтті. Ал биыл 1 млрд 407,702 млн теңгеге ұзындығы 33 шақырымды құрайтын басқа да жолдар мен көшелердің мәселесін шешу қолға алынды. Тиісті қаражатқа 1 көпірдің реконструкциялау жұмысын аяқтау да жоспарда бар. Қазіргі таңда тиісті қаражаттың 1 млрд 364,916 млн теңгесі игеріліп отыр.
Шыны керек, бүгінде Жалағашта жол құрылысының қарқын алуына мемлекеттік бағдарламалар үлкен көмек болып отыр. Мәселен, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 646,202 млн теңгеге 17,85 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстары мен 3 көпірді күрделі жөндеу және 1 көпірді реконструкциялау жұмысын аяқтау қолға алынды. Тиісті қаржының 521,539 млн теңгесі ел тайқазанынан қаралса, облыс қазынасынан 124,663 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатпен ауданда жол сапасын арттыру мақсатында 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 755,5 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асып, 15,05 шақырым жол жөндеуден өтті. Жол құрылысының арқасында жергілікті 183 адам жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар 112,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға 6 млн теңге бөлінді.
Расында соңғы 2-3 жылда Жалағашта жол құрылысының қарқын алғанын жергілікті халық жақсы біледі. Десе де бұл осымен ауданда жол сапасы түбегейлі жақсарды дегенді білдірмейді. Сондықтан ел ағалары алдағы жылы да кезекті басқа да көшелердің сапасына қатысты күрмеулі мәселелерді шешуді жоспарлап отыр. Келер жылы Жалағашта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 4 жобаға облыстық бюджеттен 692,023 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған болатын. Оның ішінде Жалағаш ауданындағы облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автомобиль жолының 27 шақырымын орташа жөндеуге 167,584 млн теңге бөлінсе, Қызылорда облысының «Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент» автомобиль жолындағы апатты жағдайдағы көпірлерді күрделі жөндеуге 240,526 млн теңге қаралып отыр. Сондай-ақ Жалағаштағы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Мәдениет-Т.Жүргенов-Жаңаталап-Аққыр» автомобиль жолының 9,4 шақырымын орташа жөндеуге 141,563 млн теңге бөлінеді деп күтілуде. Ал аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізуге 142,350 млн теңге қаржы қаралды. Аудан орталығынан бөлек ауылдық елді мекендердің жол мәселесінің шешімін табуы жергілікті халықтың көз қуанышына айналып отыр. Әсіресе күре жолдың бойындағы Еңбек ауылы мен үлкен жолға дейінгі көшенің құрылыс сапасы тек аққошқарлықтарды ғана емес, көршілес Есет батыр мен Жаңадария ауылы халқын да алаңдатып қойған еді. Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапса, енді Есет батыр мен Еңбектің арасындағы тас жол, Жаңадариядан Аламесекке дейінгі жолдың сапасына мән беріледі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ