» » Еңбектің бағасын халық береді

Еңбектің бағасын халық береді



Өткен жыл жалағаштықтар үшін жетістікке толы жыл болды. Ауданның 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен жерлестер қай саланы алып қарасаңыз да көш басынан көрінді. «Алтын дән-2019» мерекесінде науқан қорытындысымен Жалағаш облыста көш бастап, дала еңбеккерлерінің еңбегі еш кетпеді. Жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізетін күрішшілеріміз биыл да осы бір сабақтастықты жалғай білді. Әлеуметтік салада да бірқатар серпіліс байқалды. Ірі жобалардың іргетасы қаланып, кент және ауыл ішінде бірқатар көше асфальтталды. Кешегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың жылдық есебіндегі баяндамасында атқарылған жұмыстарға халық куә. Бұйыртса биыл да Жалағашта халық игілігін көретін бірнеше жоба жүзеге асады. Ел ағаларының ісі тындырымды, халық та риза.

Есепті кездесуге жиылған жұрттың қарасы қалың. Осының өзі өңірде нендей дүниелердің жүзеге асып жат­қаны жалағаштықтарды бей-жай қалдыр­май­тынын аңғартты. Соңғы жылдары ауылдық елді мекендерді дамытуға көңіл бөлінуі баршамызды қуантады. Жиынға арнайы алғыс айта келген ауданнан шалғай жатқан ауыл тұрғындары да болды. Қайратбек Сәрсенбаев әрбір айтылған ұсыныс-пікір қашанда шешімін таппайынша маңызын жоғалтпайтынын жеткізді. Соңғы жылдары ауданда жүзеге асып жатқан жұмыстар әкімнің сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екенін аңғартты. Жалағашта барлық сала бойынша өсу динамикасы қалыптасып, нәтижелі жұмыстар жемісін берді. Былтыр өнеркәсіп өнімдерін өндіру 108,2 пайызға артып, игерілген қаржы 6,8 млрд теңгеге жетті. Экономикамызда да тұрақты өсім бары айқын аңғарылды. Ауданның бюджеті 9 млрд 22 млн теңге болып бекітілген болатын. Он екі айда 5 рет нақтыланып, 12 мәрте түзету енгізілді. Осы өзгерістердің қорытындысында аудан бюджетіне 4 211,7 млн теңге ағымдағы нысаналы трансферт, 1 347,9 млн теңге көлемінде нысаналы даму трансферттер бөлінді. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 12 млрд 645 млн теңгеге орындалды.

Өңір қазынасында тұрақты өсімнің қалыптасуына әсіресе кәсіпкерлік са­ла­сының дамуы оң әсерін тигізері сөз­сіз. Сондықтан мемлекеттік бағдар­ла­малармен іс бастаймын деген жан­дарға ауданда қашан да қолдау бар. Нәтижесінде өсім де жоқ емес, өткен жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2398-ге жетіп, қазіргі таңда оның 90,2 пайызы жұмыс жасап тұр. Жалағашта былтыр мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 534 кәсіпкер 3 млрд 390 млн теңгеге қол жеткізді. Ал ірі жобаларға келсек, өткен жылы Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінде жаңартылған күн сәулесінен 30 мВт энергия өндіретін электр станциясының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 19 млрд теңге. Күн электр станциясы бұйыртса ақпан айында іске қосылады. Мұндай үлкен дүниелердің біздің өңірде жүзеге асуы халық үшін тиімді. Бір жағынан ел игілігін көрсе, келесі кезекте әлеуметтік салаға да серпін берері сөзсіз. Мәселен, жаңағы күн электр станциясы жұмысын бастаған күні 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 120 млн теңге салық түседі.
Жалпы ауданда былтыр құны 681,4 млн теңгені құрайтын 13 жоба пайдалануға беріліп, 89 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек алдағы уақытта жалпы құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарда бар. Ол кезде қосымша тағы да 52 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Жалағашта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түрлі әлеуметтік нысандардың бой көтеруі халық үшін тиімді болып отыр. Осы ретте жергілікті әкімдердің жұмысын жоғары бағалауға болады. Былтыр Таң ауылында «Таң ЛТД» ЖШС-ның қаржысына бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ Ақсу ауылдық округінде дәрігерлік-амбулатория ғимаратының құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта медициналық нысан ел игілігіне жұмыс жасайды. Биыл да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Таң, Мырзабай ахун ауылдық округтерінде дәрігерлік-амбулатория ғимараттарының құрылысы басталады.

Соңғы екі жылда ауданда әсіресе көптеген көше асфальтталып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды. Бұл жұмыстар әсіресе ауылдық елді мекендерде жанданды. Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Сонымен қатар Жаңақоныс, Далдабай елді мекендерінің ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 167 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл аталған жобаларды аяқтауға 486,5 млн теңге қаржы қаралып отыр. Аталған екі жобаның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғанда Жалағаш ауданында ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады.
Ал жол жөндеу жұмыстарына келсек, шыны керек, соңғы жылдары Жалағашта көшелердің сапасына айтарлықтай көңіл бөлінді. Кент ішіндегі бірқатар көшеге асфальт төселіп, ауылдық елді мекендер арасын жалғайтын жолдар да күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, өткен жылғы әкім есебінде Еңбек ауылы мен үлкен жолға дейінгі аралықтағы сегіз шақырым жолдың сапасы халықты алаңдатып отырғаны айтылған еді. Ел үн қатты, әкім назарға алды. Көп ұзамай сапасы сыр берген тас жолға асфальт төселіп, халық игілігін көрді. Енді биыл Еңбек пен Аламесек ауылдық округі аралығындағы тас жол жөндеуден өтіп, екіаралықтағы апатты жағдайдағы көпір мәселесі де шешімін табады.

Жалағаштықтар үшін жағымды жаңалық биыл ауданға көгілдір отын келіп, халық оның игілігін көретін болды. Тереңөзек кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан Жалағаш кентіне дейін магистралдық газ желісін тартуға және Жалағаш кентішілік газ желілері құрылысын жүргізуге былтыр ел қазынасынан 1 млрд 369 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда кентке газ тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұйыртса алдағы жылу маусымында көгілдір отынды жалағаштықтар да тұтынатын болады.

Есепті кездесуде қамтылмаған сала жоқ. Бір қуанатынымыз, барлық бағыт бойынша ілгерілеушілік басым екен. Жиын соңында тұрғындар атқарылған жұмыстардың жемісін беріп жатқанын тілге тиек етіп, Қайратбек Сәрсенбаевтың жылдық есебіне жоғары баға берді. Сондай-ақ бірқатар мәселеге қатысты сауал жолдағандар да болды. Аудан әкімі алдағы уақытта барлық ұсыныс-пікірлер мен сұрақтар назарға алынатынын, олардың шешімі табылмай маңызын жоғалтпайтынын жеткізді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов Жалағашта расында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарда сапа барын жоққа шығармады. Сондай-ақ ол бірлікпен, ынтымақпен адал еңбек етуде қашанда өңір халқы көпке өнеге бола алатынын жеткізді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
28 қаңтар 2020 ж. 304 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930