Жол сапасы бәрінен маңызды
Жалағашта соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Базар маңындағы орталық көшенің жауын жауса, дарияға айналып жатқаны кеше ғана сияқты еді. Ауданды кесіп өтетін орталық көшенің Абай атамыздың атында болғанына емес, ұлы ақынның атындағы көшенің осындай күйде болғанына қысылатын едік. Қазір ол күндер артта қалды. Тіпті бұрын асфалт көрмеген жолдардың “Жол картасы” аясында күрделі жөндеуден өтуі жергілікті тұрғындардың көз қуанышына айналды. Олай болмағанда ше, А.Бисеновтен бері аудан орталығының батысы мен шығысын жалғайтын бір көше бар. Сол Б.Сопбеков атындағы көшеде жауын-шашын былай тұрсын, басқа күндері де көлік тізгіндеу бір қиямет еді. Қазір сол ой-шұқырға толы тас жолдың беті айнадай болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, жол құрылысына қатысты жергілікті билікке жалағаштықтар дән риза.
Өңірде аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының қазіргі таңда 98 шақырымы немесе 87 пайызы «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайда екен. Былтыр Аққыр бағытындағы автомобиль жолы бойында орналасқан жалпы құны 282 млн теңгені құрайтын «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Мәдениет бағытындағы 9,4 және Аламесек бағытындағы 12,3 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары басталып кеткен болатын. Биыл осы жоба аяқталса, жергілікті халық оның да игілігін көретін болады. Сөзімізден тек кент ішілік көшелер ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жол құрылысына басымдық берілгенін аңғарып отырған шығарсыздар. Жоғарыда атап өткен қос ауылдық елді мекен үсітмен өтетін жол құрылысының жалпы құны 600 млн теңгеден асады.
“Жұмыспен қамтудың Жол картасы” аясында 784 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі 6 көшеге және Қаракеткен, Таң ауылдарының кіреберіс автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Жалағаш кенті тұрғындарының жол қатынасын реттеу мақсатында теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салуға жоба-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бүгінде жалпы құны 185 млн теңгені құрайтын жоба қаржыландыруға ұсынылды.
Атқарылған жұмыстардың барлығы ауданда жол құрылысына қатысты мәселелердің толық шешімін тапқанын білдірмейді. Мұны жергілікті билік өкілдері де жақсы біледі. Алдағы уақытта да жол құрылысына қатысты бірнеше жобаның күн тәртібінде тұрғаны осыны айғақтай түсері анық. Мәселен, «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу алдағы уақыттың еншісінде. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды. Биыл ел тайқазанынан құрылыс жұмыстарына 1,4 млрд теңге қаржы қаралып та қойды. Үлкен жолдың құрылысы басталар күн де алыс емес шығар. Бастысы халық соның игілігін көрсе болды.
Үлкен жолдан бөлек кент ішілік көшелердің де алдағы уақытта сапасына мән беріледі. Мәселен, Жалағаш кентіндегі Абай, Бұқарбай батыр көшелерін абаттандыру жоспарда бар. Жоба құны 17 млн теңгені құайды. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен қаржысы толық шешіліп те қойды. Демек, биыл құрылыс жұмыстары атқарылады. Ал жоба құны 149,4 млн теңгені құрайтын Есет батыр ауылы бағытындағы Оңтүстік коллектор көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу де күн тәртібінде екен. Мұнан бөлек аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр, Ақсу, Жаңадария елді мекендері бағытындағы 25,7 шақырым автомобиль жолдарын 665 млн теңгеге орташа жөндеуден жүргізу де жоспарда бар.
Елді мекендердің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу өзекті мәселелердің бірі. Былтыр жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, 2,4 млрд теңгені құрайтын аудан бойынша 61 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Бұл жобалар мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруға ұсынылды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ