Әлеуметті қолдайтын жаңа жобалар іске асады
Сейсенбі күні Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірбек Құрақбаев хабарлама жасады. Ол облыс және аудан әкімдерінің төрағалығымен өткен мәжілістерде берілген хаттамалық тапсырмалардың қалай орындалғанын баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалау бойынша жаңа тәсілдер әзірленгені белгілі. Бұдан бөлек халықты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту сынды мәселелер тағы бар. Бүгінгі таңдағы ең өзекті деген тақырыптарға тоқталған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова жүйелі жұмыстың жүріп жатқанынан хабардар етті.
Бөлім басшысының айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа жобалармен толықтырылған. Атап айтқанда, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімі» мемлекеттік қолдау шаралары қосылды. Бұл шараларды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі десек те болады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге арналған. Бұл ретте жұмыс беруші қатысушыны кемінде жиырма төрт айға тұрақты жұмысқа орналастырады. Ал халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа тұрған адамның еңбекақысын бір жыл бойы төлеп тұрады. Өз кезегінде «Ұрпақтар келісімі» жобасының берері мол. Жұмыс беруші зейнет жасына жетіп тұрған маманның жанына жұмыспен қамту орталығы арқылы қызметке адам ала алады. Оның алты айғы еңбекақысын жұмыспен қамту орталығы төлейді. Алты ай өткеннен кейін зейнет жасына жеткен адамды құрметті демалысқа жіберіп, орнына майталман маманнан білгенін үйреніп жүрген адам қабылданады. Жаңадан қолға алынған мемлекеттік қолдау шараларының көңілге қонымды тұсы да осы.
Енді бірнеше күннен кейін көктемнің шуақты күндері де келеді. Көктем шыға көркейту-көгалдандыру жұмыстарына кірісіп жатамыз. Бұл тұрғыда кент әкімі Ғалымжан Телібаев хабарлама жасап, аудан орталығында атқарылатын шаруаларға тоқталды. Кент әкімі биыл орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 1000 түп терек көшетін алуға тапсырыс берілгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек 100 түп бүрлі ағаш алуға келісім жасалған. Қосымша 4000-ға жуық қаламша отырғызылып, күтімге алынады. Орталық алаң, темір жол вокзалы аймағы және демалыс орындарындағы гүл егілетін жайларды тыңайту мақсатында қажетті шаралар атқарылған. Аталған орындардағы 2400 шаршы метр жерге гүл отырғызылып, күтімге алынады. Көшеттер мен қаламшалар отырғызуға байланысты кенттің ішіндегі көшелерде арнайы орындар белгіленіп, шарбақпен қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Кент әкімі өз баяндамасына осы негіздегі мәліметтерді арқау етті.
Мұнан кейін сөз алған аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Боранбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу жайын қаузады.
Биыл халық санағы өткізілетіні белгілі. Республикалық маңызы бар ауқымды шараға ерекше мән бермесе болмайды. Осыған байланысты аудандық статистика басқармасының басшысы Сәуле Баймахан хабарлама жасап, халық санағына дайындық жұмыстарының барысын баяндады.
Алдағы жылы болатын халық санағы электронды түрде өткізіледі. Қазан айында өтетін ауқымды шараға дайындық жұмыстарын осы бастан жасау қажет. Бұл ретте елді мекендердің тізімі мен шекараларын нақтылау, көше атауларын реттеу, үй және пәтерлерді нөмірлеу жұмыстары да назардан тыс қалмауы керек.
Аппарат мәжілісін аудан әкімі қорытындылап, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
“ЖЖ” ақпарат