АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ТАРАЗЫЛАНДЫ
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде биылғы он бір айда атқарылған жұмыс сараланды. Оған барлық бөлім, мекеме басшылары мен кент, ауыл әкімдері қатысты.
Мәжілісте бес мәселе қаралды. Алдымен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бойынша атқарылған жұмыстар хабарланды. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысын баяндаған бөлім басшысы Эльмира Құттымбетова 1409 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақыға тоқталды.
– 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 1 қаңтардан қабылданған 183 отбасының 1080 мүшесіне, 2018 жылдан ауыспалы өткен 143 отбасының 677 мүшесіне және 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 987 отбасының 5698 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек төленді. Көмек алушылардың саны 7455 адамды құрады. Бұл ретте, шартты ақшалай көмек алушылар саны 7273 адамды құрайды, оның ішінде 2202 адам немесе 30,3%-ы еңбекке қабілетті болып табылады. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 347 адам немесе 15,8 пайыз қамтылды. Атап айтсақ, 43 адам тұрақты жұмыс орнына, 193 адам қоғамдық жұмыстарға, 44 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, 35 адам «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, 9 адам шағын несиеге қол жеткізсе, 11 адам жаңа бизнес идеяларға арналған мемлекеттік гранттар алды. Сонымен қатар 8 адам жастар практикасына, 4 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, – деді Э.Құттымбетова.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жіберген тізіміне сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алу барысында кеткен кемшіліктер қайта қаралып, нәтижесінде 140 отбасыға төленетін 119 960,2 мың теңге ақшалай төлем тоқтатылған. Ал заңсыз төленген 16 178,0 мың теңгенің 3146,1 мың теңгесі немесе 19,4 пайызы 41 адамнан өз еркімен бюджетке қайтарылды. Мұнан бөлек, «Е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы 2 тоқсандағы табыстарында өзгеріс болған 63 отбасыға АӘК төлемі тоқтатылып, төленіп кеткен 10381,1 мың теңгенің 7447,8 мың теңгесі бюджетке кері қайтқан.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға енгізілген өзгерістерге байланысты үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанына дейін жаңадан осы жәрдемақыға келетін 267 құжат "Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясы" АҚ арқылы толық қабылданып болуы тиіс. Бұл жәрдемақыны бұрыннан алып келе жатқан 739 анадан ешқандай құжаттар талап етілместен, тағайындала береді. Жаңадан қабылданатын 267 құжаттың 80-нің балаларының немесе күйеулерінің мекен-жай тіркеулерінде сәйкессіздіктер анықталып отыр. Тіркеулері дұрыс 187 құжаттың 107-нен өтініштер қабылданды, – деді бөлім басшысы.
Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, ауданның даму көрсеткіштері жоғарылады. Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын өсіруге бағытталған. Келесі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет хабарлама жасады.
Мемлекет ұсынған қолдауды тиімді пайдаланып, кәсіпке бетбұрушылар саны артуда. Айталық, аудан бойынша Биылғы 10 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2397 бірлікті құрап, оның ішінде 2151-і нақты жұмыс істеп тұр. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар да көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, еңбек нарығында қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуға 79 үміткерге жолдама берілген. Оның 64-і оқу орындарына қабылданған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша осы жылға қаралған қаржы есебінен барлығы 106 адамға шағын несие беріліп, жоспарлық көрсеткіш толығымен орындалып отыр. “Бастау-Бизнес” жобасы аясында 144 адам оқуды аяқтап, 85 адам қаржылай қолдау тапса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 120 адамға әрқайсысына 252,5 мың теңгеден мемлекеттік грант беру жоспарланған. Сонымен бірге аудан әкімі «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант (505 мың теңгеден) және жастарға микрокредиттер ұсынылатынын, жоба шеңберінде 110 адам оқуды аяқтап, сертификат алды.
Кәсіпкерлікке жауапты бөлімнің басшысы осындай мәліметтерді алға тартты. Аппарат жиынында 2019 жылы мемлекеттік сатып алу барысында атқарылған жұмыстар, аудан бюджеті және Тәуелсіздік мерекесі мен жаңа жылдық іс-шаралардың ұйымдастырылуы туралы сала басшылары баяндама жасап, атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі сала басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырма беріп, әрбір жұмыстың орындалуы қатаң бақылауда болатынын тағы бір ескертті.