Туған тіліміз төрге шығуы керек
Тілім барда айтылар сөз ойдағы,
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін”
деп ақын Әбділда Тәжібаев ағамыз жырлағандай, ана тілі қай заманда да қастерлі, құдіретті. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары.
Туған тілдің абыройын ту қылып көтеру – әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Алдымен мемлекеттік тілді білуге адам өзін-өзі міндеттеу керек. Әсіресе жүрегі қазақ деп соққан әрбір пенденің санасында туған анасынан кейінгі кезекте төл тілі орын алу керек. Кейінгі буын жастардың бойында ұлттық рух оянбаса, кейбір жағдайда өгейсіген тілінің тағдырына алаңдамаса, онда ол әрине, қасірет болып саналады. Ұлы Абай, Шәкәрім, Ыбырайдай алып тұлғалардың асыл қазынасына айналған қазақ тілі ұлттың ұранына, ұрпақтың мақтанышы мен мерейіне айналуы керек. Барлық мәтіндер мен көрнекі жазулар ана тілімізде жазылып, өз тілімізде өректелуі керек. Тіпті әр қазақ өзі толтыратын қағаздарды, тіпті төлем қағаздарын қазақша толтыруға дағдылану керек. Кез келген мекеменің, жеке кәсіп иелерінің маңдайшасындағы жазуларға мән беріп, иелеріне «жазуды қазақша жазыңыз» деп өтінуге әр қандасымыздың толық құқығы бар. Себебі ол – өз елінің патриоты, өз ұлтының жанашыры. Осылайша бәріміз ұлт үшін, өз тіліміздің болашағы үшін күреспесек, тіліміз өркен жайып, көсегесі көгермейді. “Тіл үшін күрес тек тіл жанашырларының ғана міндеті” деген таяз ойдан аулақ болуымыз керек. Қазақ тілінің қанат жаюы барша ұлтымыз үшін, тіпті тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін де маңызды.
Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бірдей. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де болашағынан да қол үзеді. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау болып саналады.
Бұдан былай жарнамалар, кәсіп нысандарындағы мәтіндер, жол белгілері, тіпті мейрамхана, дәмханалардағы ас мәзіріне дейін тек қазақ тілінде жазу міндеттеледі. Оларды орысша немесе басқа тілдерде жазу аса қажет жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай міндеттемені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңмен бекітті.
Алайда біздің қаракөздеріміздің көбі қазақ тіліндегі мәзірді сұрай бермейтіні өкінішті. Мұны мейрамхана қызметкерлері айтып отыр. Сондықтан да мемлекеттік тілдегі ас мәзірі кейбір мейрамхана, асханада ашылғанмен, оны ешкім пайдаланбайды екен. Тек егде жастағы адамдар ғана қазақ тілінде жазылған мәзірді беруін өтінетін көрінеді. Оның өзі өте сирек болады екен.
Жаңа заңға сәйкес, жол белгілеріндегі жазбаны, сондай-ақ хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды және басқа да көрнекі ақпараттарды тек қазақша жазу міндеттелмек. Ал жазбаның орыс немесе басқа тілдердегі аудармасын тек қажет жағдайда ғана жазуға болады. Бұл өзгерісті қарапайым тұрғындар қолдайды. Көпшілік енді осы бастама тек мәзірден әрі аспай қалмасын деген пікірде.
Тіл білімі институтының мамандары қазіргі қоғамда көпшілік өзге тілді "сән" көріп жүргенде бұл заңның бекітілгені дұрыс болды дейді. Айтуларынша, жаңа заң мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді. Ал бұл заңды жүзеге асыруды мемлекеттік органдар жүйелеп қолға алу керек дейді мамандар.
Өз тіліміздің өркенін өсіру үшін бәріміз оның болашағына жанашыр болуымыз керек. Әлеуметтік желідегі осы тіл төңірегіндегі ойлы азаматтардың жазбасын көзім шалып қалды. Белгілі айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы өз фейсбук парақшасында мынадай жазба қалдырған.
«Қалалық 4 ауруханаға вакцинаның екінші кезеңін алуға келсем, кезек күткен қаракөздер! Толтыратын бланк сол қалпы орысша! Бұл не сұмдық?» деп ол қазақша бланк талап еткен. Міне, тіл үшін баршамыз осылай шырылдап, безектесек, тілдің келешегіне келер қасіреттен құтылар едік. Адамда осындай азаматтық ұстаным болса, ұлтымыздың айбары артады. Қатты айтпасақ та, салмақты сөзбен түсіндіріп, елдің бетін бір арнаға бетбұрыс жасасақ, бабалар аманатына адал болар едік. Себебі жаугершілік заманда да көшпелі тұрмыстағы ата-бабаларымыз ауыз әдебиеті үлгісіндегі талай таңғажайып туындыны өмірге әкеліп, оны бағзы заман қойнауынан бізге жеткізген болатын.
Иә, «Халық талап етсе, хан түйесін сояды» дегендей, бізде елдің ішінде тілді тірілту мақсатындағы талаптар жетіспей жатады. Әрбіріміздің жүрегімізде өз ана тілімізге деген жанашырлық қасиет патшалық құрса, біз шынында мерейіміз үстем, мәртебеміз биік, рухымыз мықты ел боламыз.
«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп тереңнен толғаған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шымыр сөздері ұйықтап жатқан талай санаға қозғау салады деп ойлаймын.
Қазақтың ғарышкер ұлы Тоқтар Әубәкіров «қазақ тілін үйрену үшін Қызылордаға әдейілеп бардым. Қалың қазақтың ортасында бір жаз жүріп, ана тілімді үйрендім. Бір жаз ғана кетті» деген екен әлеуметтік желідегі парақшасында. Ендеше қалың қазақтың ұйысқан берекелі өңірінде тіл білмесек, арға сын болады. Соны ойлайық...
Президент пәрмен берді. Енді осы заң бойынша әрекет жасау әр қазақтың міндеті болуы керек. Айналаңызға қарап, ана тілімізге қатысты олқылықтарды байқасаңыз, бейғамдыққа салынбай, төл тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысыңыз. Бұл – сіздің азаматтық борышыңыз. Себебі туған тіліміз төрге шығуы керек. Сонда туған Отанымыз да гүлдене бермек.
Гауһар Қожахметова